Ел егемендігін алған тұстан күні бүгінге дейін Үкімет кенжелеп дамып жатқан спорт түрлерін өрістетуге ден қоя бастады. Сол тұста қысқы спорт түрлерімен қоса, ұлттық спорт және бұқаралық спорт түрлерін жандандыруға көңіл бөлінді. Ол-ол ма 2016 жылы олимпиада ойындарының бағдарламасына регби спорты енген соң, спорттың дәл осы түріне мейлінше жасөспірімдерді тартуға басымдық берілгені байқалады. Мысалы, жуырда регбиден жасөспірімдер арасында ел чемпионаты өтіп, додада Талдықорған қаласының мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің өрендері дара шықы. Орайы келгенде біз де жеңімпаз топтың белді ойыншысы Жұман Бақыткелдімен аз-кем сұхбаттасқан едік.
–Жұман, ел чемпионатында қарсылас шақ келтірмей бірінші орынды қанжығаладыңдар. Қалай ойлайсың, регбиде жекелеген спортшылардың шеберлігі ойынға әсер ете ме?
– Құрамда топтағы ойыншылардан бір бас жоғары үздіктердің болғаны жақсы-ақ. Бірақ, командамен ұйысып, кеңесіп, басымдығын тиімді пайдаланбаса, бәрі бекер. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген. Бір ойыншы қанша мығым болғанымен толық құрамдағы командаға тісі батпайды, текетресе алмайды. Әрине, алдыңғы шепке жылдам жүгіретін ойыншыларды қойған дұрыс. Ал қорғаныста қарсыластың адымын аштырмайтын физикалық әлеуеті мығым ойыншылар қажет. Команда сонда ғана дұрыс жасақталады.
– Өзің білесің, елде боксқа, күреске қызығатын жасөспірімдер көп. Спорттың дәл осы түрін таңдауға не түрткі болды?
– Иә, күреске, боксқа қатысатын қатарластарым аз емес. Бірақ, олардың арасында ата-анасының ықпалымен немесе туысының нұсқауымен спортқа келгендер бар ғой. Сәйкесінше, мұндай спортшылар орта жолда қалып, шын мықтылар суырылып шығады емес пе? Мәселен, 2009 жылы отбасымызбен Алматы облысы Панфилов ауданы, Надек ауылынан Талдықорғанға қоныс аударғанда араға үш жыл салып, мен де күрес залына бардым. Бір жылдан соң футболға қызығып, жарты жыл доп тептім.
Содан не керек, 14 жасымда достарыммен бірге регбиға барып, спорттың осы түрі жаныма жақын екенін түсіндім. Несін жасырайын, регби ойынын теледидардан көргенде кейін сол жасыл алаңда өзім де ойнайтынымды білмедім.
Бірақ, регбидің басқа ойындардан ерекше әрі қиын екенін бала жастан білетінмін. Талдықорған қаласының мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің СДЮШОР#1 командасында өнер көрсету бақыты бұйырған соң, бағымды осы топта сынаймын деп шештім.
Кейінірек шегінсек, Талдықорғанда сол кезде регбиден бір емес «Бейбарыс», «Авалон», «Тигры» деген үш бірдей жасөспірімдер клубы бар еді. Мен сыныптас достарыммен алғаш «Авалон» командасында өнер көрсеттім. Әрине, достарыммен тез тіл табысып, көп ұзамай бірімізге-біріміз қолдау көрсете бастадық. Сөйте жүріп, спортта шеберлігімізді шыңдаудан қол үзгеніміз жоқ. Бір жағынан алғашқы жаттықтырушымыз Мадияр Наурызханұлы да өз ісінің білікті маманы еді. Оның Талдықорғандағы «Олимп» деген регби клубының қосында өнер көрсетіп, ел чемпионатын бірнеше мәрте жеңіп ағанын білеміз.
Спортқа шын берілген Мадияр ағамыздың тәрбиесін біз де көрдік. Алғашында Талдықорған қаласындағы чемпионатта, кейін Алматы облысының біріншілігінде өнер көрсеттік. 2014 жылы Талдықорғанда регбиден іріктеу кезеңі өтті. Өйткені, ел чемпионатында қаланың намысын үш емес, бір ғана команда қорғайтын болды.
– Демек, кешегі ойында да Талдықорған қаласынан іріктелген кіл мықтылар алаңға шықты ғой.
– Иә, бапкерлер қаланың үздік балаларын жиып, іріктеп, Талдықорған қаласының мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің СДЮШОР#1 командасын жасақтады. Бағыма қарай, бапкерлердің көзі түсіп, мені де сол құрамға шақырды. Осы мүмкіндікті мен де барынша пайдаланып, шеберлігіміді одан әрі шыңдағым келді.
Сол 2014 жылы алғаш рет қатысқан ел кубогінде 9 команданың арасында екінші орынды еншіледік. Бас бапкеріміз Ольга Вячеславовна Ким мені команданың үздік ойыншыларының бірі санап, сенім артты. Сол тұстан күні бүгінге дейін СДЮШОР#1 командасының намысын қорғап келемін. Нәтижесінде былтыр регбиден спорт шеберлігіне үміткер атандым.
– Регбиден әлемдік деңгейдегі ойыншылардан кімді үлгі тұтасың?
–Үздік ойыншылар көп қой. Бірақ, өзіме Жаңа Зеландияның жүйрігі Билл Ульямс, Оңтүстік африканың үздігі Сиаблло Сенатла және АҚШ-тың оғланы Перри Бэйкердің ойыны ұнайды. Олардың жасыл алаңда ойқастап, шабуылдайдай жүріп қорғанысты да ұмытпайтыны таңғалдырады. Кейде әлем үздіктерінің қимылдарын, тәсілдерін өзімше қайталап, еліктейтінім бар. Келешекте осы танымал спортшылармен тең дәрежеде ойнап, өнеріммен жанкүйерлерді тәнті етсем, одан асқан арманым жоқ.
– Қазіргі аяқалысыңа қарап, алдағы арман-мақсатың да спорттың осы түрімен байланысты болар деген сенімдеміз. Расында, регбиден ересектер арасында бақ сынау да ойда бар шығар.
– Алдымен Жоғары оқу орнына түскен соң регбиден қол үзбеймін деп отырмын. Талдықорғандағы «Олим» регби клубынан шақырту түсіп жатса, қуана-қуана қабылдар едім. Кім біледі, бәлкім осы арманым да көп ұзамай орындалып қалар. Бір білетінім, қазір жаттығудан жалықпай, өзімді шыңдай түсуім керек. Себебі шын жүйрікке қашан да тұсау жоқ екенін іштей түйсінемін.
– Білуімізше, 1862 жылы регби ойынының ережесі қабылданып, Англияда «регби-футбол» одағы құрылыпты. Сөйтіп, Англия, Оңтүстік Африка, Америка, Канада, Австрия және Жаңа Зеландия елдерінде регби нөмірі бірінші ойынға айналған деседі. Кейінірек, 1900, 1908, 1920, 1924 жылдары өткен олимпиада ойындарында да регби спорты болыпты. Былтыр Рио олимпиадасында қайта түлеген спорттың осы түрі Токио ойындарының бағдарламасына да енеді деген дерек бар. Демек, бұл – елде спорттың осы түрімен айналысатын жасөспірімдерге үлген мүмкіндік қой.
– Қателеспесем, 1924 жылы Париж олимпиадасында жанкүйерлердің жанжалынан кейін регби ойыны бағдарламадан шығып қалған. Арада 93 жыл өтсе де, регби клубтары жыл сайын әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатысып келеді. Бұл шын мәнісінде ойын ережесі жүйелі құрастырылғанын және ойынға қызығатын спортшылар мен жанкүйерлердің көп екенін дәлелдейді емес пе? Регби ережесіне қарай бірнеше түрге бөлінсе, Риода спортшылар ойынның «регби-7» деген түрінен сынға түсті.
Нақ қазір, ел құрамасы регбиден әлемнің азулы қарсыластарымен тең дәрежеде өнер көрсетеді деп айту қиын. Өйткені, бізде спорттың осы түрі кенжелеп дамып келеді. Енді регби олимпиада ойындарының бағдарламасына қосылып жатқан соң, бізде де ойынның дамуына ерекше қолдау көрсетіледі деп ойлаймыз. Сонда қазір бізбен тізе қосып ойнап жүрген жас регбишілер үздік нәтижеге қол жеткізеді. Менің де алдағы мақсатым – сол үздіктердің қатарынан көріну.
– Әңгімеңізге рақмет!
Асхат РАЙҚҰЛ