Алматыда кітап фестивалі өтеді
Алматыда кітап фестивалі өтеді
542
оқылды
Алматы қаласында 5 қарашада KITAP FEST KIDS 2022 дәстүрлі кітап фестивалі өтеді. Жылдың ең ауқымды кітап фестивалі биылғы Балалар жылына орай ұйымдастырылып отыр. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «BAURZHAN foundation» қоры өткізіп жатқан шара 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. 8 жыл ішінде KitapFest-те танымал қазақстандық авторлар мен баспагерлердің қатысуымен 150-ден астам кітаптың тұсаукесері өткен. Ең бастысы жоба осы уақыт аралығында шығармашылыққа құштар жандар үшін ауқымды әрі бірегей алаңға айналып үлгерді. Биылғы KITAP FEST KIDS фестивалі Балалар жылына арналғандықтан оның бағдарламасы негізінен кішкентай оқырмандарға арналған. Оның ішінде Лилия Клаус, Гүлнар Жандыбаева, Гүлжан Сәрсенова, Әсел Сапақова және тағы басқа көптеген балалар жазушыларымен кездесу, «Таңыс болайық! Батыр», «Бөлісу деген – бақыт», «Бату мен оның достарының шытырман оқиғалары» сынды жаңа туындылардың тұсаукесері өтеді. Шара аясында жазушылар өз кітаптарын таныстырып, пікір алмасады. Сондай-ақ кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылып, кітап дүкендері, баспагерлер және интернет-дүкендері өз өнімдерін  ұсынады. Фестиваль барысында кез келген кітапты 20 пайыздық жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Ең бастысы, фестивальде алғаш рет «Ауылға кітап» акциясы өтеді, онда кез келген оқырман өз кітабын Қазақстанның ауылдық кітапханаларына тапсыра алады.