Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бір топ Парламент депутатымен бірге ТМД Парламентаралық Ассамблеясының іс-шараларына және Қазақстан мен Өзбекстан Парламенттері Сенаттары арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның жұмысына қатысу үшін Өзбекстанға келген болатын.
М. Әшімбаев Ассамблея кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде биыл Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына төрағалық ететініне тоқталды. Сондай-ақ ол өзара мүдделі салалардағы іс-қимылды нығайтуға және ынтымақтастықты арттыруға бағытталған жұмыстың негізгі басымдықтары мен нәтижелеріне назар аударды.
Сенат Төрағасы ТМД Саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Достастық аясындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша бірқатар жаңа бастама ұсынғанын атап өтті. Осыған орай Мәулен Әшімбаев әріптестерін Қазақстанның ұсыныстарын қолдауға шақырды. Одан бөлек, парламенттік дипломатияны одан әрі ілгерілетудің және ТМД елдерінің заң шығарушы органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызын тілге тиек етті.
«Прагматикалық және өзара сенімділік бағытында бірлескен жұмысымызды дәйекті түрде жалғастыру өте маңызды. Біздің елдеріміздің ұлттық мүдделерін өзара құрметтеуге негізделген жан-жақты ынтымақтастық Достастық кеңістігінде ұзақмерзімді орнықты дамудың іргетасы екені анық. Бұл экономиканың өсуіне және барлық мүше елдер азаматтарының әл-ауқатын арттыруға жағдай жасайды. Дәл осындай форматта ТМД Парламентаралық Ассамблеясы алаңындағы өзара іс-қимыл және диалог қалыптасады», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Спикері Қазақстан Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері жөніндегі республикалық референдумға халықаралық байқаушылар тобын жібергені үшін ТМД елдерінің Парламентаралық Ассамблеясы мен Парламенттеріндегі әріптестеріне алғыс білдірді.
«Қазақстан үшін бұл референдумның тарихи маңызы зор болды. Референдумның нәтижесі Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды конституциялық реформаларды бекіте түсті. Қазақстандықтар жүйелі өзгерістер мен эволюциялық дамуды қолдап дауыс берді. Конституцияға енгізілген түзетулердің қабылдануы еліміздің билік институттарын қалыптастыру мен өзара іс-қимылдың жаңа моделіне көшуге жол ашады», – деген Мәулен Әшімбаев Достастықтың парламентшілерін биылғы 20 қарашада өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің мерзімінен бұрын сайлауына дайындық пен оны өткізу барысын бақылауға белсенді қатысуға шақырды.
Қазақстан Парламенті Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаев Самарқант сапары аясында Өзбекстан Олий Мажлисі Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаевамен бірге екі ел Сенаттары арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның үшінші отырысына қатысты. Тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың бірқатар маңызды басымдығын, оның ішінде өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Комиссияның жұмысын ашқан Мәулен Әшімбаев қазір Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы достық пен тату көршілікке негізделген байланыс сындарлы және сенімді диалог құруға мүмкіндік бергенін атап өтті.
«Бүгінде біздің мемлекеттеріміздің басшылары ынтымақтастық пен өзара іс-қимылдың жоғары үлгісін көрсетіп келеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы сапарын бауырлас Өзбекстан елінен бастауы зор мәнге ие. Сондай-ақ 2021 жылғы желтоқсан айында Өзбекстан Президенті Шавхат Мирзиёевтің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының нәтижесінде біздің серіктестігіміз одақтастық қарым-қатынас деңгейіне көтерілді. Біздің палаталарымыз арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссия да белсенді жұмыс істеп келеді. Осы ретте комиссияның екі тең төрағасының нәтижелі қызметін ерекше атап өткім келеді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Екі елдің Парламент Сенатының төрағалары комиссия жұмысын оң бағалап, қол жеткізілген жоғары сапа палаталар арасындағы өзара іс-қимылдың маңызын одан әрі арттыра түсетінін атап өтті.
Отырыс кезінде сенаторлар Арал проблемасына, оның салдарын жоюға қатысты бірлескен жұмысқа баса мән берді.
«Біріккен Ұлттар Ұйымы және барлық әлемдік қоғамдастық Аралдың құрғауын қазіргі жаһандық экологиялық проблемалардың бірі ретінде атады. Қазақстан мен Өзбекстан Арал өңіріндегі жағдайды айтарлықтай тұрақтандыруға мүмкіндік беретін тиісті шараларды және жобаларды іске асыруда. Бүгінгі отырыс кезінде біздің депутат әріптестеріміз Арал проблемасын шешу жолында Парламенттеріміз тарапынан атқарылатын бірлескен жұмысқа қатысты тың идеялар мен ұсыныстарын ортаға салады деп үміттенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар комиссия отырысында сенаторлар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өңіраралық және шекара маңындағы ынтымақтастықты дамыту, екі ел қалаларының бауырластық байланыстарын нығайту мәселелерін талқылады.
Өз кезегінде Танзила Нарбаева парламентаралық ынтымақтастықты қалыптастыру жолында жүйелі жұмыс жүргізген Қазақстанға алғысын білдірді.
Отырыста сайлауды бақылау жөніндегі мониторинг миссиялары кезінде халықаралық ұйымдар аясындағы бірлескен жұмыс барысы да сөз болды. Одан бөлек, 2021-2022 жылдарға арналған Парламентаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі Жол картасы қорытындыланды.
Кездесу соңында екі ел Парламентінің өкілдері Арал проблемасының салдарын жоюға, туризмді дамыту, су ресурстарын басқару, Орталық Азия өңірінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өзара іс-қимылдың басқа да өзекті бағыттары бойынша жұмыстарға парламентшілердің одан әрі қатысуын көздейтін ұсыныстар кешенін әзірледі.