Шағын және орта бизнесті тексеруге қойылған мораторий 2024 жылға дейін ұзартылмақ. Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысының тиісті Жарлығының жобасын әзір етті. Бұл жаңалық кәсіпкерлерді қуантты. Мораторий отандық бизнесмендердің үлкен бөлігіне жайрап қалмай, екі жылға ұзаған жаһандық пандемияны және созылмалы сипатқа ие болған экономикалық дағдарысты лайықты еңсеруіне үлес қосты. Дегенмен бұл қадамға қарсылар да бар. Олар қандай дәйектеме келтіреді? Оның үстіне, тексерулердің жекелеген түрлерін жүргізуге жол ашылады. Адал кәсіпкерге мораторий құнды Жаңа Жарлық жобасы «ҚР тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» ҚР Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №229 Жарлығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» деп аталады. Оған сәйкес, біріншіден, тыйымның атауы өзгереді: жаңасы енді «тексерулерге және профилактикалық бақылауды барып жүргізуге мораторий» деген атау алады. Тиісінше, құзырлы органдардың бизнес нысанына бармай, оны қашықтан, мысалы, құжат жүзінде тексеруіне мүмкіндігі болады. Екіншіден, қолданыстағы мораторий 3 жылға созылып, 2020-2022 жылдарды қамтыса, жаңасы алдағы бір жылдан аспайды.
«Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексерулерді және профилактикалық бақылауды барып жүргізуді тоқтатсын. Оған Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүргізілетін жоспардан тыс тексерулер қосылмайды» делінген құжатта.Жарлық Жаңа жыл мерекесінде, яғни 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі деп күтілуде. Ендеше кәсіпкерлердің осы санаттары үшін жаңажылдық тарту болғалы тұр. Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновтің пікірінше, жалпы алғанда, мораторий отандық бизнестің дамуына оң ықпал етті. Мәселен, осы шара қабылданғанға дейін елде шағын кәсіпкерлік нысанындағы 258 365 заңды тұлға, 855 920 жеке кәсіпкер, сондай-ақ 213 457 шаруа, фермер қожалықтары болыпты. Пандемия, карантин, экономикалық күйзеліс, халықтың төлем қабілетінің төмендеуі салдарынан олардың көбі дәрменсіз жағдайға жетіп, жабылып тынуы мүмкін деген қауіп болды. Дегенмен шағын заңды тұлғалар саны 2020 жылы 280 200-ге, ал 2021 жыл қорытындысында 299 737-ге дейін артқан. Жеке кәсіпкерлер қатары 2020 жылы – 857 910, ал былтыр – 907 722-ге жетті. Ауыл кәсіпкерлігі де қар қынды дамыған. Фермерлер саны пандемия басталған 2020 жылғы 216 715-тен 2021 жылы 221 434-ке дейін ұлғайды. Шағын және ұсақ бизнесте нәпақа тауып жүрген қазақстандықтар саны да айтарлықтай артты. Мысалы, мораторий қарсаңында шағын кәсіпкерліктің осы үш түрінде 3 млн 83,9 мың адам жұмыс істесе, ал 2021 жыл қорытындысында оларда жұмыс пен табыс тапқан халық саны 3 млн 160,5 мың адамға дейін өсті. Мораторий күшінде болған жылдары шағын және ұсақ кәсіпкерлік өндірген өнімнің көлемі 26 трлн 457,7 млрд теңгеден 34 трлн 271,2 миллиард теңгеге дейін өскен. Дұрыс қолданбаса, пайдасы уға айналар Әйткенмен, мораторийді ниеті қарау кәсіпкерлер де өз пайдасына жаратты. Қаптаған мейрамхана, дәмхана, фаст-фуд, көшедегі тамақ дүңгіршектері қымбатшылық аясында көбірек үнемдеп, азырақ шығын шығару үшін ас сапасын құлдыратты. Халықты улау, мерзімі өтіп кеткен азық-түлікті қолдану оқиғалары жиіледі. Биыл халықты жаппай улауға қатысты 11 дерек бойынша қылмыстық іс тергелген. Оның екеуінде ғана тамақтандыру орны жабылыпты. Басқалары 6 миллион теңгеге дейін айыппұлмен құтылған. Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің хабарлауынша, биылғы жыл басынан бері 461 қазақстандық уланды. Оның 101-і – бала. Мысалы, биылғы маусымда Астанада «Окадзаки» суши-барынан тамаққа тапсырыс берген клиенттердің 100-ге жуығы уланды. Оның ішінде 25 бала бар. Суши-бар қожайынының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Алайда бүгінде оның барлық желісі жұмысын жалғастырды. Қынжылтатыны сол, барлық өңірде тұрғындар қандай да бір тамақтандыру орнының көктеген, бұзылған, жарамсыз, жүрек айнытар ас пен өнімді сатып жатқаны туралы құзырлы органдарға жиі шағымданады. Жылына 65 мыңнан астам шағым түскен. Бірақ СЭС мамандары, әкімдік қызметкерлері шағын және ұсақ бизнесті тексеруге тыйым салынғанына сілтеп, ден қоймайды. Жазасыздық пен жауапсыздық ақыры жұртты жаппай улау оқиғаларына соқтырады. Денсаулық сақтау министрлігі комитетінің хабарлауынша, клиенттерінің алдына тамақпен, тәрелкімен бірге жіті ішек инфекцияларын, патогенді және шартты патогенді бактериялар мен вирустарды қатар тартатын қоғамдық тамақтандыру орындарында қызметкерлер жеке гигиена ережелерін ұстанбайды, асты әзірлеу технологиясыз бұзады, өнімді сақтаудың температуралық режимін сақтамайды. Азық-түлікті тасымалдау, сақтау талаптары аяқасты етіледі. Осы себепті сарапшылар тамақтандыру орындарын мораторий аясынан шығарып тастауды сұраған. Билік бұған бармай тұр.
«Бұл шешім инфляцияның тым жеделдеуіне және бағаның өсуі біздің болжамды бағалауымыздан едәуір асып кетуіне байланысты қабылданды. Биылғы жыл соңына қарай инфляция 16-18% аралығында ғана болады деп болжаған едік. Бірақ қазірдің өзінде инфляция жылдық мәнде 17,7%-ға жетті. Соның ішінде азық-түлік өнімдері бағасы 22,2%-ға дейін көтерілген», – деді Ұлттық банк басшысы. Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев бағаларды тежеу мақсатында министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірге шара қабылдап жатқанын жеткізді. «Дегенмен талдау көрсеткендей, шағын және микрокәсіпкерлік санатына жататын, яғни тексерулерге, профилактикалық бақылауға мораторийдің аясына жататын «үй жанындағы дүкендерде», шағын базарларда сауда үстемесі шамадан тыс артып кететін жағдайлар жиі байқалады», – деді вице-министр.Оның түсіндіруінше, енді жеке азаматтар немесе заңды тұлғалар әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) бағасының негізсіз жоғарылатылғанына шағымданса, онда жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Бұл үшін жергілікті атқарушы органға, тұтынушы құқығын қорғау департаментіне, бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментіне кассалық чекті қосып, шағым беру қажет. Кесірлі қырларынан арылу маңызды Кәсіпкерлердің бір бөлігі тексерулерге тыйым салынуын пайдаланып, өз қызметкерлеріне жалақы төлемеуге немесе уәде еткеннен әлдеқайда аз беруге жаман үйреніп алды. Айталық, барлық қаладағы сауда ойын-сауық орталықтарында негізінен жастар, соның ішінде студенттер жұмыс жасайды. Еңбек министрлігіне солардан жұмыс берушісінің жалақы төлемейтініне, еңбек шарттарын сақтамайтынына, құлша жұмсап, түнге дейін тыным таптырмай жұмысқа жегетініне шағымдар жауып жатыр. Еңбекминінің оларға жауабы бір: мораторий біткенше шағын және микро кәсіпкерлік нысандарын тексере алмайтынын айтып, жалтарады.
«Мен «Ранчо Мясоедов» дәмханасында аспаз болып жұмыс істедім. Жұмысқа алғанда, күніне 10 мың теңгеден төлейміз деп уәде еткен. Алайда 26 күн өтсе де, бір тиын төлемеді. Күнде ертеңмен тойдырды. Ол дәмханада жалақысын алмаған жалғыз мен ғана емес екенмін. Ондайлар көп», – деді алматылық Шахин есімді азамат.Шығысқазақстандық Алмагүл Семейдегі металл сынықтарын өңдеумен айналысатын шағын кәсіпорында түсті металды өткізу менеджері болып ұзақ жыл қызмет атқарыпты. Жұмыс берушісі жалақы төлеген, алайда әлеуметтік және зейнетақы жарналарын аудармапты. Соны талап ете бергені үшін жұмыстан қуылыпты.
«Еңбек министрлігінде жұмыс берушілердің заңды бұзуын ынталандыратын мамандар жұмыс істейді деген ойға келдім. Олар жұмысшылардың сауатсыздығын пайдаланып, жаңылыстырады, жөн көрсетпейді, сөйтіп іс мерзімінің өтіп кетуі үшін уақыт созады. Мен облыстық мемлекеттік еңбек инспекторы Ә.-нің кеңесімен кәсіпорын директорының атына хат бағыттадым. Біраз уақыттан соң WhatsApp арқылы облыстық бас мемлекеттік еңбек инспекторы Қ. хабарласты. Ол менің бұрынғы жұмыс берушімді мақтап, қорғаштай бастады. Бұл шенеунік жалақыны бюджеттен емес, басқа жерден алып отырғандай сезімде қалдым. Мораторий күшінде болған кезде тексере алмаймыз дейді. Егер азаматтардың конституциялық құқығы аяққа тапталып жатса, ондай тыйымның керегі не? Заңды орындауды талап еткенім үшін егде жаста жұмыссыз қалып отырмын», – деп тұнжырайды Алмагүл апай.Ол құқығын қорғау үшін аудандық сотқа жүгінді. Бірақ судьялар алдымен кәсіпорында құрылатын Келісім комиссиясының алдынан өтіп, соның актісін әкелуді талап етіпті. Кәсіпорын ондай комиссия құрғысы келмеген. Еңбек министрлігіне де шағымданыпты. Министрлік шағын және микрокәсіпкерлікті тексеруге мораторий күшінде екенін қайталаған.
«Мораторий жұмыс берушілерге шағымданған жұмысшылардың өтініштері бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы жүзеге асыратын тексерулерге де тосқауыл қойды. Шағымда сөз болған компания шағын бизнес саналады, оны мемлекеттік еңбек инспекциясы тексере алмайды. Осыған байланысты өтініш иесі өз мәселесін шешу үшін тікелей сотқа талап арызбен жүгінуі қажет болады» делінген министрлік жауабында.Жалпы, залалы осынша көп болса, мораторийді ұзартудың қажеті не?
«Мұның экономикалық және саяси орындылығы бар. Президент жаңа экономикалық саясатты жариялады. Соның және саяси реформалардың басты бір тірегі шағын бизнес болады. Мораторийді биыл жоя салуға болар еді. Алайда салық, мемлекеттік реттеу және басқа салалардағы реформалар жаңа басталды. Оларда жаңа ойын ережелері айқын емес. Бизнеске қойылатын талаптар түсінікті емес, күрделенген. Демек, мораторийдің аяқталғанын пайдаланып, тексерушілер, ревизорлар осыны пайдаланып, жаза басқан кәсіпкерлерге қырғидай тиюі мүмкін. Ал ел басшылығы бизнес тыныш жұмыс істеуі тиіс деп отыр. Бұл үшін мемлекеттік бақылау жүйесі автоматтандырылады. Барып тексеру азайтылады. Тексерушілер тек өрескел бұзушылықтарға жол берген бизнес нысандарына ғана барады», – деді экономист.Мораторий шамамен 1,5 миллионға жуық кәсіпкерлік нысанын қамтиды. Мысалы, ауыл-аймақ тұрғындары фермерлік, шаруа қожалықтарының көбі жұмысқа алған адамдардың бірде бірімен келісімшартқа отырмайтынына назар аудартып жүр. Құқық қорғау мамандары ол салада тіпті құлдық оқиғалары белең алғанын ескертіп, дабыл қақты. Тексермесе, оны да әшкерелеу қиын. Олай болса, салада мәселе қордаланып, ұлғайып барады. Мораторий ұзартылса, ол аяқталған соң билікке, барлық жауапты органдарға қаншама түйіні шиеленіскен түйткілді проблемаларды шешуге жұмылуы қажет болады.