Соңғы жылдары цифрландыру саласындағы реформалар жиі айтылғанымен, нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Басқаны ысыра тұрғанда, интернет мәселесінің өзі қордаланған күйінде. Интернетпен қамтылмаған ауылдардың жайын айтып жүргенде қалалық жерде желінің сапасы нашарлады. Ал жауаптылар қамтылу көрсеткішіне күш салып, сапаны ұмыт қалдырса керек. Мәселесі жоқ министрлік Кейінгі айларда халық интернет сапасының тым нашарлап кеткеніне жаппай шағымдануда. Расымен, оның дәлелін өзіміз де бастан өткеріп жүрміз. Жуырда Мәжілістің жалпы отырысында мәселеге алаңдағандар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысовқа сұрақ жаудырды. Әрине, біз аталған ведомствоны қол қусырып отыр демейміз. Алайда себеппен емес, салдарымен күресетін бұрынғы соқпағынан айнымай тұр. 2021 жылы елімізде байланыс операторларына интернет сапасына қатысты 500-ден астам шағым түсіп, 135 млн теңге айыппұл өндірілген екен. Мамандар шағымның көптігіне қарамастан, байланыс операторлары жөнді жазаланбайтынын айтумен келген. Негізсіз емес, операторлар айыппұлды өтеп, жұмысын әрі қарай жалғастыра береді. Нәтиже жоқ. Мәселен, биыл алғашқы 9 айда 271 миллионға жуық айыппұл өтелген. Жыл бітпей жатып былтырғыдан 2 есеге ұлғайған. Ал ведомство өкілі бар болғаны тұтынушылар интернет сапасының нашарлығы туралы eOtinish жүйесі арқылы министрліктің жанындағы Байланыс комитетіне жүгінуге болатынын, заңсыздық анықталса, айыппұл салынатынын айтумен шектелген. Тұрысов сапа артуы үшін елдің әр өңірінде қосымша интернет мұнараларын орнату қажет екенін айтады. Бұл түсінікті, алайда бір қызығы, вице-министр «тұрғындардың көбі мұнаралардан қорқып, орнатуға қарсы шығуда» депті. Дегенмен біз Әсет Тұрысовтың сөзін негізсіз санаймыз. Өйткені қандай да бір фактіге сүйенбеген. Шамасы, ведомство өкіліне сауал жаудырғанда ақталудың жолын таппаса керек. Шынында, интернет мәселесінде екі себеп бар: біріншісі – министрліктің белгілі бір дәрежедегі ықпалсыздығы. Екіншісі – солтүстіктегі көршімізге салынған санкциялардың салқыны. Қазақстан интернет трафигінің басым бөлігін Ресейден алып келе жатқанын айтпасқа болмайды. Статистиканың сапаға қатысы жоқ Ресми деректерге үңілсек, Қазақстанда интернетке қатысты аса бір проблема жоқтай көрінеді. Тіпті, ел аумағы 99 пайыз интернетпен қамтылғаны айтылады. Негізі, бұл – шынайы цифр. Қалай екенін айтып береміз. 2020-2021 жылдардағы пандемия тұсында сапа жақсара түскен, 3G интернет желісі 100 пайыз бар, 4G интернет желісі – 97 пайыз шамасында. Енді қараңыз, пандемия кезінде оқушылар онлайн оқып жатқанда, ауыл балалары интернеттің жоқтығы кесірінен қалай бейнет көргеніне бәрі куә. Бірақ мұндай асыра мақтауға құрылған дерек кімдер үшін қажет болды? Сапа – аумақтың қамтылуына емес, интернет жылдамдығына байланысты. Егер секундына 10 мбитке дейінгіні айтсақ, онда еліміз толық қамтамасыз етілген. Ал 10 мбит/с-дан асатын жылдамдықты айтар болсақ, аумақта жаппай жақсы деңгей байқалмайды. Яғни, халықтың 50 пайызына жетпейтін бөлігі қамтылмаған. Ал мектеп пен әлеуметтік нысандарға келсек, онда жаһандық көрсеткіш бойынша 20 мбит/с не одан жоғары болуы керек. Бұл тұрғыда Қазақстанның деңгейі төмен. Жалпы, биыл интернет сапасы мен бағасына байланысты мәселе тіптен ушықты. Кейбір операторлар бағасын шарықтатты. Көктемде еліміздегі IT қауымдастық өкілдері бас қосқаны есте. Сонда жиналған тәуелсіз мамандардың жағдайға көңілі толмаған. Оларды интернет трафигін Ресейден алатын байланыс операторларының жайы алаңдатқан еді. Өйткені терістіктегі көршіге санкция салынғаннан кейін интернеттің сапасы лезде төмендеді. Оның үстіне, бізде интернет арқылы жұмыс істейтін ауқымды жобалар ресейлік серверлерге қосылған. Ол серверлердің де бағасы құбылды. Біз сол кезде IT маман Әлібек Байсейіттен мән-жайды сұрағанымызда «IT маман ретінде үлкен жобалар мен жұмыс істегенде ресейлік серверлерге қосыламын. Жалға алу есебінде ай сайын ақы төлеймін. Санкциялардан кейін маған хабарлама келді. Серверлерге қосылу құны 1,5 есеге өсті. Интернет сапасы да аздап төмендеді. Елімізде ресейлік серверлер арқылы жұмыс істейтін жобалар өте көп. Оларға да қиын соғады. Мұның бәрі айналып келіп ел экономикасына кері әсер етеді», – деген болатын. Бірақ тиісті ведомство трафикті өзге елдерден алу жолдарын қарастырады деп дәмеленгенбіз. Алайда сарапшы жағдайдың мүлде нашарлап, интернет сапасы одан әрі төмендегенін айтумен шектелді. Саладағылар биліктегілерден трафикті сатып алудың шұғыл басқа жолын іздестіруі қажет екенін айтқанына жарты жылдан асты. Алайда салаға жауапты ведомство өкілдері мәселеге мүлде алаңдамайтын тәрізді. Жағдай өзгеріссіз – «баяғы жартас, сол жартас». Шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бағдат Мусиннің жұмысына көңілі толмайтынын айтып, ескерту айтты. Оған дейін де ел сынына қалып жүрген министр міз бақпағандай. Мемлекет басшысы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің ұлттық деректер банкін құру жөніндегі жұмысына қанағаттанбайтынын айтқан. «Үкімет ұлттық деректер банкін құру жұмысын созбалаңға салу себебін баяндауға тиіс. Цифрландыру ісі баяу жүргізілуде. Менің ойымша, нашар. Есеп комитетінің сынына ұшыраған «Зерде» ұлттық холдингінің жұмысын жақсартуды тапсырған едім. Цифрландыру жұмысының кураторы ретінде Премьер-Министр осы мәселеге баса мән бергені жөн. Министрге ескерту жасаймын. Сіздің жұмысыңызға көңілім толмайды» деген Қасым-Жомарт Тоқаев. Сынға қалған ведомство басшысы аяқасты өндіріп жұмыс істеп жатқанын байқамай келеміз. «Зерде» холдингін жойып, ал холдинг құрамына кіретін «Инновациялық технологиялар паркі», Astana Hub және QazInnovations агенттігін бір ұйымға біріктіріп, министрліктің тікелей қол астына кіргізгенін өзіне үлкен іс санағандай. Оның айтуынша, мұндай істен 750 миллион теңгеге жуық бюджет қаражаты үнемделіп, көптеген басшыдан құтылып, жұмыста жауапкершілік артады. Бұдан кейін Бағдат Мусин басқалай ісімен көзге түсіп жүрген жоқ. Енді алдағы уақытта өзгеріс бола қоятынына сену қиын.