Әңгімесі ауылдың интернеттің әлегі
Әңгімесі ауылдың интернеттің әлегі
208
оқылды

Ауылға кеңжолақты интернеттің келуі ауылдықтарды бүлдіруі мүмкін. Сондықтан ауылға ұсынылатын интернет-пакетте, әсіресе балаларға әдепсіз және экстремистік сайттар қолжетімді болмай, бұғатталуы керек. Мәжілістегі Үкімет сағатында парламентшілер 250 адамнан көп тұрғыны бар ауылдарды ғаламторға қосуға қатысты алаңдаушылықтарын жеткізді.

Жалпы, Денсаулық сақтау ми­нистрлігі осы салаға арналған сани­тарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормалар әзірледі, онда қай жас­тағы баланың қанша уақыт интернетте отыруына болатыны жөнінде ұсыным-кеңестер берілген. Бірақ ауылдардың көбіне компьютерлік ойындарды Live режимінде ойнауға және көлемді видео көруге жарамды кеңжолақты интернет жетпегендіктен, бұған әзірге негізінен қалалық ата-аналар бас қатырады.

Мәжіліс депутаты Зағипа Бәлиева­ның айтуынша, ауылды ғаламтормен торлау барысында Үкімет балалар қауіпсіздігіне мән беруі керек.

«Интернет, электронды оқулықтар деген дұрыс, бірақ ең бастысы – балалар денсаулығы. Ұялы байланыс операторлары бірден «ата-ана бақы­лауы» қосымшасы ендірілген пакет­терді сатуы тиіс. Әйтпесе, балаларына ұялы телефонмен бірге интернет-топтама сатып алу кезінде жұрттың көбі ата-ана бақылауы туралы ойла­майды. Олар ойламаса, онда мемлекет бұл істі бақылаусыз қалдырмауға тиіс. Ендеше бұл істі мемлекеттік деңгейде ойластырайық!» деді ол.

Депутат Омархан Өксікбаев әлем­дік желідегі зиянды контенттің ауылға таралуына қатысты алаңдаушылық білдірді.  

– Интернет керек, ақпарат та ке­рек. Алайда интернетте қандай ақпарат бар? Пайдалысы да бар, зияндысы да жетерлік. Қазір гаджет деген бәле әр­кім­нің қолында жүр. Пернетақтасын басады да, кез келген сайтқа кіре береді. Құзырлы орган оны жауып үлгермей жатыр. Біреуін жапса, екін­шісін басқа атпен ашып алады да, кесірлі ақпараттың бәрі сол жерде тұрады. Әу бастан бақылауды дұрыс жолға қоймасақ болмайды. Қазір қалаларымызда балаларымызды бұзып алдық. Енді ауылдың да баласын бұзамыз! – деген О.Өксікбаев құзырлы органдар шектеулер жайын пысық­тайтын кез жеткенін айтты.

«Бұл мәселені мемлекеттік орган өз қолына алуы керек. Сөйтпесек, ертең қазағымыздың бүгінгі тәрбие­сінен де айырылып қаламыз. Интернет елді теріс жолға түсіретін неше түрлі ақпаратқа толы. Халқымыз пайдалы­сын ғана алатын болсын. Сол себепті Білім және ғылым министрлігі балалар ғана көретін сайттар пакетін жасап, «осыларға ғана кіресіздер» деп белгі­лесе, Мәдениет және спорт министрлігі де өз саласына қатысты төл топтамасын түзсе, сол дұрыс болар еді. Әйтпесе, шетелде отырып, бірлігімізді бұзғысы келетін арамза пиғылды күштер бар» деп түйді ол.

Депутат Қуаныш Сұлтанов ақпа­раттық қауіпсіздік мәселелеріне тоқ­тала келе, оның қамтамасыз етілмеуі салдарынан, мемлекетімізде жасалып жатқан игі шаруалар интернетте жоққа шығарылып жатқанына назар аударт­ты. «Жақсы ниеттердің өздері бұр­маланады. Бұл осы саладағы техно­логиялық дайындығымыздың өте төмен болуы кесірінен. Әріптесте­рімнің пікіріне қосыламын» деді ол.

Әрине, парламентшілердің маза­сыз­дануы да негізсіз емес. Әйткенмен, ұшқыр интернет барса, ұятсыз видео­ларға елігеді, лаңкестік сайттарға кі­ріп, экстремизмге ұрынады деп ауыл­дықтарға сенімсіздік білдіру де жөнсіз. Шенеуніктер «біз унитарлы мемле­кет­піз» дегенді қайталауды жақсы кө­реді. Демек, қалалықтарға да, ауыл­дағы аға­йынға да бірдей қызмет ұсы­нылуы шарт. «Интернет сапасы бойынша ауылдықтардың кемсітілуіне ары қарай жол беруге болмайды» дейді депутаттар.

Оның үстіне ауылды сапалы интер­нет желісімен қамту – Nur Otan пар­тиясы сайлауалды бағдарламасының бір міндеті. Елбасы мен Президент алға қойған міндет – ауылға сапалы интернетпен бірге сапалы мемлекеттік қызметті жеткізу болып отыр. Қалау­лылардың бірі айтқандай, цифрлан­дыру арқасында халқымыз кабинет­терді араламай, үйінде отырып, қа­шық­тықтан мәселелерін шеше алады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, бүгінде 117 қала мен 3 324 ауыл кеңжо­лақты интернетке қол жеткізіпті. Қа­зақстандықтардың 81,3%-ы интернетті пайдаланады: әлемдік рейтингте Қазақстан 45-орынға ие.


Енді Үкімет бірінші кезеңде тал­шық­ты-оптикалық желілерді (ТОЖ) салу арқылы 1 250-ден астам ауылға жоғары жылдамдықты интернет қыз­меттерін ұсына бастамақ. Биылғы І жартыжылдықта ТОЖ-бен 83 ауыл қамтылған. Жыл соңына дейін тағы 685 ауыл қосылады. Ал 2020 жылы қалған 509 ауыл осы игілікке қол жеткізбек.

Екінші кезеңде LTE (4G) стандар­тындағы мобильді желілер көмегімен 2020-2022 жылдары 3 143 ауылға ғаламтор жеткізу жоспарлануда.

Содан кейін тұрғындарының саны 50-ден көп 885 ауылды интернет желі­сіне қосу жоспарлануда. Қорытын­дысында 2022 жылдың соңына дейін 5 089 ауыл жоғары жылдамдықты ғаламторға тартылады.