Алма иісі аңқыған «Азия Сад»
Алма иісі аңқыған «Азия Сад»
688
оқылды
Рахимнің алмасын ресейліктер тұтынуда Бүгінде ауыл шаруа­шылы­ғы саласын алшаң бастыру ба­ғы­тын­да аз жұмыс істеліп жатқан жоқ. Әсіресе, үдемелі алма бақтарын өсіруде Жам­был өңірі өзгелерден көш іл­гері келеді. Бір ғана Қордай ауданында интенсивті алма бақтарының аумағы 684 гек­тар­ды құраса, Рахим Сулей­ман­ұлы басқаратын «Азия Сад» ЖШС 130 гектарға алма ағашын отырғызған. Негізі, Қордай ауданында үдемелі алма бақтарын өсіру 1979 жылдан бастап жоспарлана бас­та­ған. Кейінгі кезде шаруалар бұл тірліктің тетігін тауып, бүгінде алма иісі аңқыған интенсивті бақ­­тар­ды жайқалтып отыр. Қара­сай округіне қарасты алма бақта қазір «Голден Делишес», «Ред Делишес», «Гала» және «Фуджи» сынды алманың 4 түрі өсірілуде. «Азия Сад» ЖШС өз шаруа­шылы­ғын бастамас бұрын «Аг­рар­лық несие корпорациясы» АҚ арқылы 2 миллиард теңге қаржы алған. Ал жалпы жобаға салынған инвес­тиция сомасы 4 миллиард теңгені құрайды. Рахим Машухей баққа қажетті көшеттерді Италия елінен сатып алған.
– Алма ағаштарын өсіру үшін арнайы технология қажет. Бақты отырғызар алдында жер дайын­далып, араларына сым арқаннан тартылған бетон тіректерден тұ­ра­тын шпалер жүйелер орна­тыла­ды. Аталмыш жүйе жел соққанда жас көшеттерді сыну мен майы­судан қорғайды. Аласа екпелердің тамыр жүйесі өте қысқа болады. Ұзын­дығы 40 см. Айта кетерлігі, бақтағы алма ағаштардың бойын кесу арқылы 3-3,5 метр деңгейде ұстауға бо­лады. Оған қоса, табиғи жағдай­лар мен ауа райы қолай­сыз­дығы­нан қорғау үшін арнайы тор тар­тыл­ған, ол қыс мезгілінде жинала­ды.
Ал интенсивті алма бағының кәдімгі бақтан айырмашылығына келер болсақ, классикалық алма бағында 1 гектарға шамамен 600 ағаш отырғызылса, интенсивті бақтың 1 гектарына 3,5 мың ағаш отырғызылады. Интенсивті бақ жемісті екінші жылы берсе, классикалық алма бағы өнімді 5-7 жылдан кейін бір-ақ береді, – дейді шаруа. Іске қосылғанына 4 жылдан енді асқан «Азия Сад» ЖШС өнімді өткізуді тура жолға қойған. Қарасайлық алмалар ішкі нарық­тан бөлек, қазір Ресей мемле­кетіне де экспортталуда.
– Шаруашылық өз тірлігін енді бастағанда бірнеше жылдан кейін осында жұмысқа келеміз деп ойламадық. Жұмыс күні таң­ғы сағат 07.00-ден басталып, сағат 16.00-де аяқталады. Жалақымыз жақсы. Серіктестік басшысы жұ­мыс­шылардың жағдайына түсі­нік­пен қарап, ауылдан баққа дейін жету үшін жол ақысын төлейді. Жұмыс ауыр емес, бізге ұнайды. Менің жолдасым мүге­дек, жұмыс істемейді. Сондықтан тұрмыста таршылық бар. Ал бұл жұмыс кәдімгідей жыртығымызды жамап, демеу болуда, – дейді ауыл тұрғыны Халбүбі Исаева.
Алма бағы бүгінде гектарына шамамен 20 тонна өнім беруде. Алайда серіктестік басшысының айтуынша, шаруашылық әлі пайдаға шықпапты. – Алдын ала есеп бойынша біз кес­теден сәл кешігудеміз. Шығы­нның орнын 5 жылдың ішінде өтейміз деп жоспарлаған бола­тын­быз. Алайда бұл мерзім 7 жыл­ға дейін ұзартылды. Бақта күніне 2 сағаттық там­шы­лап суғару технологиясы қо­сылады. Суғару автоматтық құрылғымен реттеледі. Жұмыс­шы­лар суғару процесін бақылап, түтіктердің қоқыс пен топыраққа толып кетпеуін қадағалап отыра­ды. Күздік өнім жинау науқанында 200 адам жұмыспен қамтылады. Дені жергілікті ауыл тұрғындары, – дейді Рахим Сулейманұлы. Шаруаның айтуынша, алма жинаудың күн сайынғы төлемі 5 000 теңгені құраса, бұл шаруаға жергілікті мектептің жоғарғы сынып оқушылары да тартылады екен. Алмалар арнайы салынған қоймада сақталатын болса, онда өнім бүлініп кетпеуі үшін үлкен тоңазытқыш орнатылған. Өзге шаруашылықтарда алма салынған жәшікті жұмысшылар қолмен таситын болса, «Азия Сад» ЖШС-да бұл жұмысқа тіркемесі бар көлік жұмылдырылған. Осы­лайша, серіктестік басшысы қыз­меткер­лерінің жұмысын жеңіл­детіп отыр. Өнім толықтай жиналып біткеннен кейін де бақтағы тірлік тоқтамайды. 30 жұмысшы торды жинау, жеміс ағаштарын бұтау сынды жұмыстармен көктемге дейін айналысады. Бақта алма ағаштарын зиян­кестерден қорғау мен оларды ми­не­рал­ды тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге де баса ден қойыл­ған. Бұған Италия елінен келетін мамандар жауапты. Олар келісімшарт бойынша вегетация және алманың пісу кезінде бақ­тарға бірнеше рет келіп кетеді. Осыны тиімді пайдаланған серік­тес­тік басшысы шетел маман­дары­ның білгенін өз қызметкер­леріне үйретуде. Тағы бір айта ке­тер­лігі, Рахим Сулейманұлы жұ­мыс­шылары үшін жатақхана салуды жоспарлап отыр. Өз тірлігін осылайша дөңге­летіп отырған азамат халықтың қамын бірінші орынға қоюда. Бұл, әрине қандай мақтауға да лайық. Алдағы уақытта «Азия Сад» ЖШС-ның жұмысы тағы да жүйеленіп, өнімі еселеніп өседі дегенге сенім мол. Ең бастысы, алақандай ауылда атқарылып жатқан осындай тірліктер өзге­лерге үлгі болсын деп тілейміз.

Жамбыл облысы