Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық қабылдаулары сайлаушылардың ұсыныстары мен тілектерін жинауды жалғастыруда. 8 күн ішінде ҚР президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық қабылдауларына сайлаушылардан 3 460 ұсыныс пен тілек келіп түсті. Оның 640-ы бір күннің ішінде toqaev2022.kz сайтына жолданды.
Ұсыныстардың көбі әлеуметтік қамсыздандыру саласына – 598 (21,2%), тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа – 492 (17,4%), жер қатынастарына – 358 (12,7%), білімге – 210 (7,4%) қатысты болды.«Азаматтар кандидаттан не қалайтынын, не күтетінін айтып, өз ұсыныстарымен келіп жатыр. Жаңа Қазақстанды құру ісіне қатысты көп адамның өзіндік ұсыныстары, президенттікке кандидаттан не күтетіндері туралы пайым-пікірлері бар. Сондай-ақ сайлауға қатысты кез келген мәселе бойынша кеңес алуға болатын Call-орталық жұмыс істейді», – деп атап өтті кандидаттың Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің басшысы Әлия Садырбаева.Қазақстан аумағындағы 227 қабылдау бөлмесінде сайлаушылармен кездесулер өтіп жатыр. Атап айтқанда, осы уақыт аралығында 689 кездесу ұйымдастырылып, 2 мыңнан астам адам қабылданды. Айта кетейік, кандидаттың қоғамдық қабылдау бөлмесіне жеке келумен қатар, азаматтар Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнаған ұсыныстарын, тілек хаттарын toqaev2022.kz сайтына жолдай алады немесе бейне хабарлама жүктеуіне болады. Call-орталықтың телефоны: 8 800 080 44 41.