Президент Қасым-Жомарт Тоқаев судьялар құрамын өзгертті. Мемлекет басшысы 26 қазанда "Қазақстан Республикасы соттарының төрағалары мен судьяларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы" Жарлыққа қол қойды. Анатолий Смолин орнынан түсуіне байланысты Қостанай облыстық сотының төрағасы қызметінен босатылды. Астанада екі судья тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін сот жюриінің қаулысымен қызметінен босатылды. Олар - Бостандық ауданының №2 аудандық сотының судьясы Қанат Сырлыбаев пен Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Ғалымжан Бекмамбетов. Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Динара Қабиденова басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды. Ал қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қыдырбек Әлқожаев қайтыс болуына байланысты қызметінен босатылды. Құжат бойынша, мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы болып Марлен Бекетов, Ақтөбе қалалық сотының судьясы болып Марал Омарова тағайындалды.