Өзбекстан парламентшілері Қазақстандағы кең реформаларды жоғары бағалайды
Өзбекстан парламентшілері Қазақстандағы кең реформаларды жоғары бағалайды
220
оқылды
Өзбекстан Олий Мажлисі Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаева Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевпен кездесу кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құру жолында жүргізіп жатқан ауқымды реформаларының маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ Танзила Нарбаева Қазақстан тарабын ірі халықаралық іс-шараларды, соның ішінде биылғы жылдың қыркүйек айында өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезін сәтті өткізуімен құттықтады.
«Қазақстан әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдар келгісі келетін, соның ішінде Президенттеріңіздің бастамасымен жүргізіліп жатқан өзгерістермен танысуға ынталы адамдардың басын қосатын ірі халықаралық іс-шараларды ұйымдастырушы және өткізуші орталыққа айналуда. Қазақстан Конституциясына бүкіл елдің игілігіне қызмет ететін маңызды өзгерістер енгізе алды. Біз елдеріңізде болып жатқан өзгерістерді мұқият қадағалап отырмыз», – деп атап өтті Танзила Нарбаева.
Әңгімелесу барысында Парламенттер палаталарының басшылары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық жөніндегі комиссия жұмысының оң динамикасын атап өтіп, оның екі палатаның өзара іс-қимылына жүйелі сипат беретінін, атап айтқанда  парламенттік бақылау жұмысын күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Біз заң шығару жұмысында тәжірибе алмасуға мүдделіміз, себебі біздің елдердегі проблемаларды шешу мен жағдайды бағдарлауда көзқарастары ұқсас келеді. Тиісті комитеттердің, оның ішінде кеңестер мен мәслихаттардың, жастар мен әйелдер ұйымдарының өңірлік ынтымақтастығы бойынша өзара іс-қимылын күшейту маңызды», – деп жалғастырған Танзила Нарбаева, 2023 жылы Өзбекстанда Қазақстанның кәсіпкер әйелдерінің қатысуымен бизнес-форум өткізуді ұсынды.
Өз кезегінде Мәулен Әшімбаев Танзила Нарбаеваға парламентаралық ынтымақтастықты құрудағы ашықтығы және бастама көтерген жобалары үшін алғысын білдірді.