Президенттікке үміткер Қарақат Әбденнің Семей қаласындағы сайлауалды кездесуі әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келді.
Қарақат Әбден үшін бұл мерекенің орны ерекше.
«Мені президенттікке кандидат ретінде «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» ұсынған болатын. Әлеуметтік қызметтің еліміз үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. Көп жағдайда әлеуметтік қызметкерлердің қиын жұмысы көпшілікке көрінбейді. Сондай-ақ бұл салада еңбек ететін жандардың 90% әйелдер қауымынан тұрады. Жалпы, әлеуметтік қызметкерлердің жұмысына мемлекет тарапынан көбірек көңіл бөліну керек деп санаймын», - деді Қ.Әбден.
Кездесу Семей қаласындағы қарттар үйінде өтті.
Жиын барысында президенттікке үміткер өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырып, әлеуметтік саланы жетілдіруге, қарияларға арналған жеңілдіктерді көбейтуге қатысты сұрақтар мен ұсыныстарды талқылады.
Еске салсақ, Қарақат Әбден бұған дейін Ақмола, Қарағанды, Павлодар облысының тұрғындарымен жүздесті. Алдағы уақытта оның Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының сайлаушыларымен кездесу өткізбек.