Президенттікке үміткер Қарақат Әбден Абай облысының жұртшылығымен кездесті. Еліміздің тарихи орталығына қадам басқан үміткер алдымен Абай ескерткішіне гүл қойып, ұлы ақынның рухына тағзым етті.
Кейін жергілікті тұрғындардың жағдайымен жақынырақ танысу үшін Қарақат Әбден қоғамдық көліктерге отырып, қала ішін аралады.
«Халықтың пiкiрі мен ұсыныстарын өздерінен естиін деген мақсатпен жергілікті маршрутпен жүретін автобустарға отырып, Семейді араладым. Қоғамдық көлікті жастар да, қариялар да пайдаланады ғой. Зейнеткерлермен әңгімелесіп, әйелдердің зейнетке шығу жасын қысқарту, қарияларға арналған жеңілдіктерді көбейтуге қатысты ұсыныстарын естіп, білдім», - деді Қарақат Әбден.
Үміткердің бұл кездесуі сайлаушылардың оң бағасын алып, кеңінен қолдау тапты. Сонымен қатар үміткер Семей өңіріндегі сайлауалды штабының өкілдерімен кездесу өткізді. Өңірлік штабта 15 адам жұмыс істейді. Штаб мүшелері үгіт-насихат науқаны белсенді жүріп жатқанын жеткізді.
Еске салсақ, Қарақат Әбден бұған дейін Ақмола облысы, Қарағанды, Астана, Екібастұз, Павлодар қалаларының тұрғындарымен жүздескен Алдағы уақытта үміткер Алматы және Ақтөбе облысының сайлаушыларымен кездесу жоспарында бар.