ҚР Президенттігіне үміткер Қарақат Әбден Павлодар қаласының сайлаушылармен кездесу өткізді.
Павлодар қаласының «Дарынды балаларға арналған музыкалық колледжінде» өткен сайлауалды жиында Қарақат Әбден ұстаздармен жүздесіп, білім беру саласындағы өзекті сұрақтарды талқылады.
«Студенттер, білім алушы жастар – еліміздің болашағы, ал ұстаздар – қоғамдағы орны ерекше тұлғалар. Сондықтан Павлодар қаласындағы сайлауалды жиын осы білім ордасында өткізуді жөн көрдік», - деді Қарақат Әбден.
Оның айтуынша, сайлауалды бағдарламада білім беру саласын жетілдіруге көп көңіл бөлінген. Әсіресе, білім алушылар үшін жоғары білімнің тегін болуы, олардың жатақханамен, инновациялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі аса өзекті. Жиын барысында орта техникалық білім беретін мұғалімдерінің мәртебесін арттыруға қатысты сұрақтар мен ұсыныстар талқыланды.
Бұдан бөлек, Қарақат Әбден Павлодар қаласындағы сенімді өкілдерімен кездесіп, өңірдегі сайлауалды штабында жұмыс істейтін 200-ден астам волонтермен жүздесті
Еске салсақ, Қарақат Әбден бұған дейін Ақмола облысы, Қарағанды, Астана, Екібастұз қалаларының тұрғындарымен жүздескен болатын. Алдағы уақытта үміткер Абай, Алматы, Ақтөбе облысының сайлаушыларымен кездесу өткізбек.