Зира Наурызбаева: Мереке пайда әкелгенде ғана танымал болады
Зира Наурызбаева: Мереке пайда әкелгенде ғана танымал болады
1,096
оқылды
Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында болған Хеллоуин мерекесіндегі адам­дар кептелісі көптің талқысына түсіп жа­тыр. Кісі өліміне апарып соқтырған бұл жайт шынында да өте өкінішті. Алай­да әлеу­мет­тік желіде осы оқиғаға қатысты пікір білдірген адамдардың біразы аталмыш қайғыға Хеллоуинді кінәлап, соған қатысатындарды жерден алып, жерге салып жатыр. Жалпы, қандай да бір үлкен мәдениеттің дәстүрге айналып кеткен осын­дай іс-шараларынан қорқу, оны балағаттап, тыйым салуға шақыру қаншалықты орынды? Бұл туралы біз мәдениеттанушы Зира Наурызбаеваның пікірін білген едік. – Біздің халықтың, әсіресе алдыңғы толқынның Хеллоуинге көзқарасы бұрыннан көбіне теріс болатын. Кореядағы қайғылы оқиға осы жеккөрушілікті одан әрі үдетіп жіберген секілді. Адамдар­дың өлімін сол мейраммен байла­ныстыру қаншалықты орынды деп ойлайсыз? – Біздің қоғамымыз пәленбай бөлікке бөлінген. Кейбіреулер Кеңес заманынан қалған мереке­лерді тойлайды, енді бір адамдар Исламға тым қатты беріліп, мұ­сыл­ман мерекелерінен басқа ештеңені мойындағысы келмейді. Батыстан келген заманауи мереке­лер жастар арасында танылып жатыр. Қоғамда мұндай дискус­сиялар бітпейді: әртүрлі топтар өз мүддесіне сай, өз танымына сай пікірін айта береді. Онда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ оны «сайтан­ның» мерекесі деп атау, соны тойлағаны үшін осы адамдар арам өлді деп табалау орынсыз. – Зәре-құтыңды қашыратын костюмдерді киіп мерекелеу әртүрлі қо­ғам­да болған. Бұл қажеттілік ке­зін­де неден пайда болған? Қор­қынышты мерекелердің пайдасы қандай болды? – Әдепкі өмірден бөлек атмосфераны қалыптастыратын мұндай мерекелер көнеде белгілі бір психологиялық қажеттіліктерді қанағаттандыратын еді. Тарихшы Бахтиннің жазуынша, ортағасыр­лық Еуропада адамдар үнемі діни көңіл күйде жүргеннен шаршай­тыны себепті, карнавал сияқты мерекелер ұйымдастырып, онда тәртіп бұзушылықтар көп болып тұратын болған. Мәселен, өте снобистік қоғам саналатын, иеар­хияны қатаң сақтайтын Англия­ның өзінде Рождество кезінде қатар­дағы жауынгерлерді дастар­қанға отырғызып, оларға офицер­лер қызмет көрсеткен. Орта ға­сыр­ларда еуропалықтар Ақымақ­тар мейрамын да тойлаған. Бұл күні үйсіз-күйсіз жүрген қаңғыбас­тарды патша немесе епископ етіп сайлап алып, соларға құлдық ұрып, өздерінше ойын-сауық құрған. Осылайша, әдепкі өмірден сәл бөлектеу тұрмысты қолдан жасап, серпілген. – Біз­дің ата-бабаларымызда да со­ған ұқсас мерекелер болған ба? – Хеллоуин деген сөздің түп-төркіні «бүкіл әулиелердің мереке­сі» дегенге саяды. Мифтанушы, тарихтанушы Серікбол Қондыбай бұған «ата-баба аруағы Жерге келетін кезең» деген түсіндірме береді. Бұрында бұл шақ қысқы күн тоқырауына тұспа-тұс келген. Уа­қыт өте сырғып, күзге өткен. Түркілерде де «қара түн» деген мереке болған. Ата-бабаларымыз «бұл түні өмірден өткен кісілердің аруағы Жерге келеді, оларды жақ­сылап күту керек, сол кезде бізді жарылқайды» деп сенген. Оларды жақсы я жаман деп кесіп айтпаған. Аруақтар ұғымына амбивалент­тілік тән, яғни «оларға құрмет көрсетсең, саған жақсылық алып келеді, ренжітсең, жамандыққа душар боласың» дегендей пікірде болған. – Біздегі Наурыз мейрамы, Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күні сияқты ұлттық мерекелер әлі онша жалпыхалықтық сипат ала қойған жоқ. Батыстағы кейбір мерекелердің мұншалықты танымал болатыны неліктен? – Батыстағы танымал мереке­лер бизнеске айналып кетті. Мысалы, Хеллоуин қарсаңында қорқынышты костюмдер, асқабақ, басқа да аксессуарларды сату компанияларға зор пайда түсіреді. Оған қоса, Голливуд да түрлі өнімдер шығарып, бұл мерекенің көркін қыздыра түседі. Осы тұста депутат Айдос Сарымның бір кездері айтқан, өзіме ұнаған мына пікірін қоса кеткім келіп отыр: «Ұлттық мерекелеріміз бизнеске пайда түсірмейінше, жалпыхалық­тық мерекеге айнала алмайды». Қанша жерден идеологияны күшейту керек, Үкімет араласуы керек дегенімізбен, маркетингтің үлесі басқаша болады. Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күнін алсақ та, Наурыз мейрамын алсақ та, әрқайсының өзіндік сценарийлері, бизнес мүдделері болуы қажет. Олар жайлы кино, мультфильм сияқты медиаөнімдер, онда да жұртқа қызық болатындай етіп түсірілуі керек. Сонда ғана мереке танымал болады.