Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында болған Хеллоуин мерекесіндегі адамдар кептелісі көптің талқысына түсіп жатыр. Кісі өліміне апарып соқтырған бұл жайт шынында да өте өкінішті. Алайда әлеуметтік желіде осы оқиғаға қатысты пікір білдірген адамдардың біразы аталмыш қайғыға Хеллоуинді кінәлап, соған қатысатындарды жерден алып, жерге салып жатыр. Жалпы, қандай да бір үлкен мәдениеттің дәстүрге айналып кеткен осындай іс-шараларынан қорқу, оны балағаттап, тыйым салуға шақыру қаншалықты орынды? Бұл туралы біз мәдениеттанушы Зира Наурызбаеваның пікірін білген едік. – Біздің халықтың, әсіресе алдыңғы толқынның Хеллоуинге көзқарасы бұрыннан көбіне теріс болатын. Кореядағы қайғылы оқиға осы жеккөрушілікті одан әрі үдетіп жіберген секілді. Адамдардың өлімін сол мейраммен байланыстыру қаншалықты орынды деп ойлайсыз? – Біздің қоғамымыз пәленбай бөлікке бөлінген. Кейбіреулер Кеңес заманынан қалған мерекелерді тойлайды, енді бір адамдар Исламға тым қатты беріліп, мұсылман мерекелерінен басқа ештеңені мойындағысы келмейді. Батыстан келген заманауи мерекелер жастар арасында танылып жатыр. Қоғамда мұндай дискуссиялар бітпейді: әртүрлі топтар өз мүддесіне сай, өз танымына сай пікірін айта береді. Онда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ оны «сайтанның» мерекесі деп атау, соны тойлағаны үшін осы адамдар арам өлді деп табалау орынсыз. – Зәре-құтыңды қашыратын костюмдерді киіп мерекелеу әртүрлі қоғамда болған. Бұл қажеттілік кезінде неден пайда болған? Қорқынышты мерекелердің пайдасы қандай болды? – Әдепкі өмірден бөлек атмосфераны қалыптастыратын мұндай мерекелер көнеде белгілі бір психологиялық қажеттіліктерді қанағаттандыратын еді. Тарихшы Бахтиннің жазуынша, ортағасырлық Еуропада адамдар үнемі діни көңіл күйде жүргеннен шаршайтыны себепті, карнавал сияқты мерекелер ұйымдастырып, онда тәртіп бұзушылықтар көп болып тұратын болған. Мәселен, өте снобистік қоғам саналатын, иеархияны қатаң сақтайтын Англияның өзінде Рождество кезінде қатардағы жауынгерлерді дастарқанға отырғызып, оларға офицерлер қызмет көрсеткен. Орта ғасырларда еуропалықтар Ақымақтар мейрамын да тойлаған. Бұл күні үйсіз-күйсіз жүрген қаңғыбастарды патша немесе епископ етіп сайлап алып, соларға құлдық ұрып, өздерінше ойын-сауық құрған. Осылайша, әдепкі өмірден сәл бөлектеу тұрмысты қолдан жасап, серпілген. – Біздің ата-бабаларымызда да соған ұқсас мерекелер болған ба? – Хеллоуин деген сөздің түп-төркіні «бүкіл әулиелердің мерекесі» дегенге саяды. Мифтанушы, тарихтанушы Серікбол Қондыбай бұған «ата-баба аруағы Жерге келетін кезең» деген түсіндірме береді. Бұрында бұл шақ қысқы күн тоқырауына тұспа-тұс келген. Уақыт өте сырғып, күзге өткен. Түркілерде де «қара түн» деген мереке болған. Ата-бабаларымыз «бұл түні өмірден өткен кісілердің аруағы Жерге келеді, оларды жақсылап күту керек, сол кезде бізді жарылқайды» деп сенген. Оларды жақсы я жаман деп кесіп айтпаған. Аруақтар ұғымына амбиваленттілік тән, яғни «оларға құрмет көрсетсең, саған жақсылық алып келеді, ренжітсең, жамандыққа душар боласың» дегендей пікірде болған. – Біздегі Наурыз мейрамы, Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күні сияқты ұлттық мерекелер әлі онша жалпыхалықтық сипат ала қойған жоқ. Батыстағы кейбір мерекелердің мұншалықты танымал болатыны неліктен? – Батыстағы танымал мерекелер бизнеске айналып кетті. Мысалы, Хеллоуин қарсаңында қорқынышты костюмдер, асқабақ, басқа да аксессуарларды сату компанияларға зор пайда түсіреді. Оған қоса, Голливуд да түрлі өнімдер шығарып, бұл мерекенің көркін қыздыра түседі. Осы тұста депутат Айдос Сарымның бір кездері айтқан, өзіме ұнаған мына пікірін қоса кеткім келіп отыр: «Ұлттық мерекелеріміз бизнеске пайда түсірмейінше, жалпыхалықтық мерекеге айнала алмайды». Қанша жерден идеологияны күшейту керек, Үкімет араласуы керек дегенімізбен, маркетингтің үлесі басқаша болады. Қозы Көрпеш-Баян Сұлу күнін алсақ та, Наурыз мейрамын алсақ та, әрқайсының өзіндік сценарийлері, бизнес мүдделері болуы қажет. Олар жайлы кино, мультфильм сияқты медиаөнімдер, онда да жұртқа қызық болатындай етіп түсірілуі керек. Сонда ғана мереке танымал болады.