Жол сапасы қайтсе жақсарады?
Жол сапасы қайтсе жақсарады?
765
оқылды
Еліміздің автомобиль жол құрылысы саласын жемқорлық жайлап кеткен. Мұны қатаң сынға алған Президенттің өзі соңғы он жылда жүзеге асырылған жұмыстарды қопарып тексеріп, кінәлілерді жазаға тартуды талап етті. Осы ретте «Әділдік жолы» ұйымы өткізген «Әділдікті талап ет!» акциясы бұл саладағы шынайы көріністі аша түседі. Құрылыста былық көп 15 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында өткен «Әділдікті талап ет!» атты респуб­ли­калық акция­ның бірінші кезеңі жол са­ласындағы сыбайлас жемқорлыққа ар­налды. Оны «Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Сыбайлас жемқорлық­қа қарсы агенттікпен бірлесіп ұйым­дас­тырған. Ауқымды шараға еліміздегі барлық облыстың тұрғындары қатысты. Бір ай ішінде колл-орталыққа 300-ден астам қоңырау, adildik.kz сайтына сапасыз жол­дардың фото-бейне жазбасы бар 2300-ге жуық онлайн өтініш түсті. Акция аясында автожол құрылысы мен жөндеу жұмыс­тарының сапасына қатысты түрлі кемші­ліктерден бөлек, тапсырыс беруші мен орын­даушы (мер­дігер) арасында жасалған келісімшарттарда өрескел заңбұзушылық­тар анықталды.
«Мысалы, жаңадан құрылған Абай облысында мердігер компания қаржыны үнемдеу мақсатында Петропавловка (Бо­родолухин ауданы) ауылының маңындағы жерді қопарып тастап, жөнделіп жатқан жолдың бетіне сол жердің топырағын төсеп тастаған. Онымен қоса, ол жерді қа­зуға не әкімшілік, не экология полициясы рұқсат бер­мегені анықталды. Жол құры­лысына бөлінген қаражатқа тоқталсақ: ауыл көшелерінің жол құрылысына 105 миллион теңге бөлініп, оның 60 млн тең­гесі мердігер «Металлургстройсервис» ком­паниясына аударылған. Яғни, тапсырыс беруші мерді­гер жұмысын қабылдап, келісімшарт сома­сының 57%-ын төлеп үлгерген. Ал шын­ды­ғына келсек, жөнделіп жатқан 7 көшенің 4-еуінде жөн­деу жұ­мыстары басталып, аяқтал­маған, ал қал­ған 3-еуінде мердігер құрылыс жұмыс­тарын тіптен бастамаған. Бұл жолдардың барлығы ­биыл­ғы 31 тамызда пайдалануға берілуі тиіс бола­тын», – дейді «Әділдік жолы» Республикалық қо­ғамдық бірлес­тігінің төрағасы Дидар Смағұлов.
Науқан барысында жаға ұстататын жағ­дайлар да кездескен. Батыс Қазақстан об­лысындағы «Әділдік жолының» қоғам бел­сенділері жолдың қақ ортасында тұрғы­зылған үйге тап болған. Жергілікті билік 2020 жылы Бәйтерек ауданы Мичурино ауы­лындағы Подстанционная көшесін асфальттау үшін ақша бөледі. Алайда іс жүзінде ондағы жол әлі күнге дейін ойдым-ойдым, жөндеусіз күйде жатыр. Шенеунік­тердің сөзінше, жолдың салынып бітпеуіне көшенің қақ ортасында пайда болған үй себеп болған екен. Сол себепті олар жобаға өзгерістер енгізілгенін айтып ақталуда. Атал­ған заң бұзушылықтар тіркеліп, Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Мем­лекеттік сәулет-құрылыс бақылауы бас­қармасына тексеріске жолданды. Кел­тіре берсе, мұндай мысалдар көптеп кез­деседі. Қазіргі уақытта талдау жұмыстары жүргізіліп, Автожол комитетімен бірлесе талқылауға сұрақтар мен арнайы ұсыныстар дайындалуда. Жалпы осы уақытқа дейін, «Әділдік жолы» РҚБ-ның жүргізген жұмыс­тары бойынша мемлекеттік қызметкерлерге 25 қылмыстық іс қозғалып, жалпы сомасы 75 млн теңге айыппұл салынған. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алуды мониторингтеу бары­сында 16 млрд теңгенің заң бұзу­шы­лықтары анықталған. Қаржы аз, әрі дұрыс бөлінбеген Жыл сайын елімізде осы мақсатқа 600-700 млрд теңге бөлінеді. Биыл 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұ­мыстары үшін деп 600 миллиард теңге қа­рас­тырылған. Бірақ бұл қаржы Қазақстан­ның жер көлемі мен жолдарының ұзындығы үшін аз. Әрі ол дұрыс бөлінбеген. Осы са­лада ұзақ жыл еңбек еткен, түрлі басшылық қызметтер атқарған байырғы жолшы Дамир Тұқымұлы дүниежүзі бойынша көптеген елдерде жолдарды дамытуға Жалпы ішкі өнімнің 2 пайызы бөлінетінін айтады. Қытайда тіпті 3,5 пайызына дейін жұмсайды екен. Бізде болса, ЖІӨ 90 триллион теңгені құрайды десек, жол шаруашылығына 700 млрд теңге, яғни 1 пайызынан да аз мөлшері қарастырылған. Халықаралық тәжірибені басшылыққа алып айтар болсақ, торапты жолдың түйткілін шешуге бізге жоқ дегенде 1,8 млрд теңге қажет.
«Қазақстандағы бір мәселе – біздің бюджеттің әлеуметтік салаға бағыт­талған модельге ие екенінде. Мемлекетке бірінші кезекте жәрдемақы, зейнетақы, төлемақы сынды бюджеттік төлемдерді төлеген маңызды. Осындай себеппен де, бір кездері республикалық бюджетке салмақты азайту үшін, жергілікті жолдар облыс әкімі­нің құзыретіне беріле салды. Ал олар оған жүруге жараса болды деген екінші кезектегі мәселе ретінде қарады. Ал шындығында келер болсақ, экономикаға тигізетін пай­дасы жағынан жергілікті жолдардың үлесі – 67 пайыз. Ал республикалық жолдардың үлесі – 33 пайыз. Бірақ қаржыландыру керісінше болып тұр. Сондықтан жалпы пай­даланудағы жолдардың барлығы бірың­ғай республикалық органның қадағалауына берілгені дұрыс. Қаржыландыру жұмысын да осы ұйым жүзеге асыруы керек. Оны агенттік ретінде де құруға болады. Болмаса басы артық ведомство құруды жөн емес деп санаса, онда осы функциялардың барлығын қазіргі Автомобиль жолдары комитетіне беруге болады. 2000 жылдарға дейін Қа­зақстанда осылай болған», – дейді авто­мобиль жолдары саласының ардагері Дамир Алимов.
[caption id="attachment_224939" align="aligncenter" width="1638"]жол жөндеу © коллаж: Қуаныш Сапарбай[/caption] Оның айтуынша, бізге жол шаруашы­лығына бөлек бюджет қарастыру қажет. Мәселен, бұрын «Жол қоры» деген дүние болған. Біз одан жағдай қиын кезде бас тарттық. Ресей де басында мұндай қорды жауып тастаған болатын. Кейін дұрыс емес екенін түсінді де, 2009 жылы қайта құрды. Ал бізде қанша рет хат жазсақ та, тіпті Президентке дейін өтініш жіберсек те, бұған назар аудармай отыр екен. «Жол қорын» құрып, оны бюджеттен бөлек алып шығып, қаржыландыру көздерін Қаржы министр­лігімен, кәсіпкерлермен кеңесіп көруге болады. Бірақ, өкінішке қарай, осынау маңызды шешім қабылданбай келеді. Бұл қорға қаржы көздерін тартудың жолдары көп. Мәселен, кезінде арнайы салықтар, бензин акцизінен үлес, жүргізушілер жар­насы дегендер болған. Ол үшін халық шаруа­шылығы саласын жоспарлауды бір ізге түсіру қажет. Константиннің «консолиді» Сапаға қатысты елімізде үлкен ілгерілеу­шіліктер бар. Озық технологиялар енгі­зілген, құрылыс нормативтері жетілдірілген, түрлі инженерлік мамандық пайда болып, Жол сапасын бақылау орталығы ашылған. Соңғы салынған республикалық жолдардың жағдайы мақтауға тұрарлық. Осы ретте жер­гілікті жолдардың сапасы, республикалық тасжолмен салыстырғанда өте нашар екенін атай кету керек. Өйткені оны жөндейтін компанияларда кәсіби саласы сай емес ма­мандардың қарасы көп. Жолға түсетін осьтік салмақ бойынша да тиісті органдар күрес жүргізіп жатқанымен, қадағалау жет­кілікті болмай тұр. Жолдарымыз 8-13 тон­наға арналған. Ал оған Еуропадан, Қытайдан келетін одан да ауыр жүк көліктерінің шы­ғып кететін кездері аз емес. Жолдың тозуы­ның бір себебі осында жатыр. Осы ретте жол саласы маманы Константин Моряк жол сапасын арттыратын жаңашылдығын ұсынып жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болғанын айтады.
«Мен «Консолид 444» және «Солидрай» концентраттарының негізінде топырақты технологиялық тұрғыдан бекіте түсетін полифилизаторларды ұсынып жүргеніме көп болды. Тіпті Президенттің өзіне де екі рет хат жаздым. Әйтсе де ол хатым діттеген же­рі­не жетпей, маған бұған дейін де жауап жаз­ған минитрліктер деңгейінен қайтып жүр. Менің ұсынатыным – «ПГСЖ» бекіт­кіш компоненті. Оның сұйық, ұнтақ немесе қатты түрінде кездесетін суда еритін, суда ері­мейтін және су сіңбейтін түрлері бар. Мә­селен, топыраққа «ПГСЖ-1» мен «ПГСП-3» компоненттерін қосса, оның беріктігі арта түседі. Ал «ПГСЭ-4» түрін ара­­ластырса су сіңбейді. Әртүрлі топыраққа ар­налған түрлері бар. Швецариялық техно­ло­­гиямен ойлап шығарылған. Ресейде кең қолданысқа ие. Соны Қазақстанда енгізсе, тиімділігі мол. Жолдардың сапасы ондаған жылдарға шы­дайды», – дейді «ConSolid Ag» компания­сы­ның ресми өкілі Константин Моряков.
Расында да, жолға да жаңа технологиялар керек. Ендеше, сапалы дүние ұсынатын баста­маларды қалт жібермегеніміз абзал. Мемлекет басшысының тапсырмасымен автожол саласына реформалар жүргізілуде. «ҚазАвтоЖол» және «Казахавтодор» ме­кемелері біріктірілді. Сондай-ақ Президент бұл саланы кешенді түрде қайта жаңғырта түсу үшін FIDIC халықаралық қағидаттарын ен­гізуді ұсынды. Жүзден астам ел пайдала­нып отырған бұл құжат жол саласын тиімді бас­қаруға, бюджет қаражатын ұтымды пай­даланып, барлық деңгейдегі жемқорлық қаупін азайтуға мүмкіндік бермек. Осында кешенді шешімдердің арқасында ғана жолдың «жыры» жүргізушілер мен жо­лаушылардың көңілді ән-күйіне жалғаспақ. Оның түпкі межесі – экономиканың өркендеуі.