Елордада Astana Media Week аяқталды. 26-28 қазан аралығында өткен медиа апталықтың негізгі тақырыбы – «Жаңа дәуір – жаңа медиа». Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Astana Media Week алаңында жаңа және дәстүрлі медианың негізгі проблемасы, коммуникация саласындағы маңызды мәселелер талқыланатынын айтты.
«Аудиторияны сенімді ақпаратты тани білуге машықтандыру арқылы ғана фейкньюсті азайта аламыз. Дезинформациямен күресу үшін аудиторияны жалған мен шын ақпараттың аражігін ажыратуға үйрету, медиасауат ұғымын ұлғайту дұрыс. Жеке медиа, инфлюсер не редакциялар сөз жауапкершілігін, ақпараттың салдарынан болатын салмақты сезінуге тиіс. Бұл орайда медиа мектептер ашу, оның ішінде медиасауат бойынша білім беру біздің тікелей міндетіміз. Жаңартылатын бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң жобасында бірқатар жаңалық болады деп күтілуде. Ақпаратқа қол жеткізу, журналистердің мәртебесін, кәсіби құзыретін арттыру және тағы басқа бірнеше өзгеріс енгізуді жоспарлап отырмыз», – деді Дархан Қыдырәлі.Медиа апталықтың алғашқы күнінде «Медиа өлшемдер. Олардың дамуының халықаралық тенденциясы мен Қазақстанда іске асыру мүмкіндігі» тақырыбында пікірталас өтті. MediaHills бас директоры Андрей Бояринов бұрын қазақстандықтар тұтынатын негізгі контент болғандықтан, бірінші кезекте телеарналарды талдау өзекті болса, қазір әлеуметтік желі, онлайн кинотеатр және мобильді қосымшалар кең қолданыста. Бұл орайда MediaHills «Қазақтелеком» АҚ және ҚР АҚДМ-мен қазақстандық телеарналар мен хабарлардың рейтингін жасау бойынша бірлескен жобамен айналысуда. Қазір өлшемдер Қазақстанның 76 қаласында іске қосылып, 1,5 миллион халықты қамтып отыр. Ресейде бұл көрсеткіш 20 миллион адамға жетеді. Meta – Astana Media Week-тің жеке тақырыбы болады. Метағалам – цифрлық шындық, миллиондаған адам желіде кездесіп, виртуалды кеңістікте өзара әрекеттесетін 3D виртуалды әлем. Метағалам интернет дамуының келесі кезеңі болады деп болжануда. Meta басқарушы директоры Джордж Ченнің айтуынша, Қазақстанда Facebook, Instagram, Messenger, топтар, WhatsApp және тағы басқа Meta қосымшаларын пайдаланатын 17 миллионға жуық белсенді қолданушы бар. Сондай-ақ «Жаңа дәуір – жаңа медиа» пленарлық сессиясы барысында Шығыс Еуропадағы TikTok Global Business Solutions директоры және TikTok Kazakhstan компаниясының болашақ басшысы Анастасия Панина сөз сөйлеп, TikTok-тың қазақ тіліне аударылатынын хабарлады. Astana Media Week-тің екінші күні «Қазақстандағы жарнама медиа нарығы: қазіргі жағдайы, даму перспективасы мен драйвері» тақырыбында пікірталас өтті. Орталық Азия жарнама қауымдастығының сарапшылары мен ірі ТВ сейлз хаустардың өкілдері биылғы бірінші жартыжылдықтың нәтижесі бойынша Қазақстанның жарнама нарығы былтырмен салыстырғанда төмен нәтиже көрсетті. Оның негізгі себебі – саяси және экономикалық дағдарыс, бірінші жартыжылдықтағы ішкі саяси оқиғалар және тағы басқа. Сыртқы жағдайлар да кері әсер етті: логистиканың бұзылуы, бірқатар тауар мен қызмет құнының өсуі, валюталық ауытқулар.