Сенатта Қазақстан мен ГФР арасындағы ынтымақтастық талқыланды
Сенатта Қазақстан мен ГФР арасындағы ынтымақтастық талқыланды
272
оқылды
Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина ГФР Бундестаг делегациясымен кездесті. Сенатор Германия Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды стратегиялық әріптесі екенін атап өтті. Ол барлық саладағы екіжақты қатынастарда және халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша Астана мен Берлин арасында өзара толық түсіністік бар екенін жеткізді. «Біз елдеріміздің парламентаралық ынтымақтастығын дамытуға зор маңыз береміз. Екі елдің Парламенттерінде жұмыс істейтін достық топтары біздің парламентаралық диалогіміздің  берік негізін құрайды. Сенаттағы Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед топты басқарып келеді», – деді депутат. Сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед өз кезегінде Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалар туралы қонақтарға айтып берді. Сенатор алдағы кезектен тыс Президент сайлауы туралы хабардар ете отырып, болашақ Президенттің 7 жылдық мерзімге бір рет сайланатыны басты жаңалық екеніне тоқталды. Бұл норма, ең алдымен саяси жүйенің тұрақтылығы ұзақмерзімді болуына, билікті монополиялау қаупін жоюға және демократияның негізгі қағидаттарын нығайтуға бағытталған. ГФР делегаттары екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өте келіп, мемлекеттеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап 30 жыл ішінде Қазақстан өзін сенімді саяси және экономикалық әріптес ретінде көрсеткенін жеткізді.