Ұлттық киімге қарап тұтас бір дәуірдің тұрмыс-тіршілігін, талғамы мен танымын көруге болады.
Кимешекке көмкерілген тарих
132
оқылды

Оның пішімі мен матасы, кестесі мен оюы киген адамның жасынан, өскен ортасынан, қоғамдағы орнынан хабар береді. Әсіресе әйелдердің киімі мен баскиімінде сақталған сыр көп. Бойжеткеннің сәні, келіннің әдебі, ананың мәртебесі, әженің өнегесі – бәрі-бәрі киім үлгісінен көрініс тапқан.

Президенттік орталықта Республика күніне орай ұйымдастырылған көрме «Тәуелсіздіктің мәдени коды» жобасы аясында «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен өтіп жатыр. Экспозицияға этнодизайнер Тілек Сұлтанның 50-ден астам жұмысы мен жеке коллекциясындағы көне жәдігерлер қойылған. Олардың арасында XIX ғасырдан жеткен киімдер де, тарихи үлгілер негізінде жаңғыртылған туындылар да бар.

Көрме залында қыз баланың сәукелесі, келіншектің кимешегінен бөлек, ерлер мен балалардың киімдері де назардан тыс қалмаған. Кезінде күнделікті тұрмыста кеңінен қолданылған, бүгінде сирек кездесетін белдемше, жарғақ шалбар, шекпен, тымақ пен пұшпақ ішік секілді бұйымдар да көрменің көркін кіргізіп тұр.

Он жылдық еңбектің жемісі

Дәстүрлі қолөнердің алғашқы тәлімін әжесінен алған шебер Тілек Сұлтан кейін көне киімдердің құрылымын, кестелену тәсілдерін, ою-өрнегі мен өңірлік ерекшеліктерін зерттеуге ден қойған. Музейлердегі түпнұсқаларды, тарихи фотосуреттерді және өзі жинаған жәдігерлерді негізге алып, ұмыт бола бастаған үлгілерді қайта жаңғыртып жүр. Көрмедегі бұйымдардың 30 пайызы – шебердің жеке коллекциясындағы көне киімдер. Қалған 70 пайызы – сол тарихи мұралардың негізінде жаңадан тігілген туындылар. Әрқайсысының артында жылдарға созылған ізденіс пен табанды еңбек жатыр. Әсіресе Жетісу өңіріне тән үлгімен жасалған сәукеле көпшіліктің назарын аударады. Оны әзірлеуге қажетті күміс әшекейлер мен маржан тастарды шебер он жыл бойы жинаған. Желегі, құлақбауы және өзге де бөлшектері түгел жасалған сәукеле биыл ғана толық аяқталып, көрмеге қойылып отыр. Ал кейбір шапандардың кестесін тігуге бір жылға жуық уақыт жұмсалған.

Этнодизайнердің айтуынша, бүгінгі ұлттық киім өндірісінде жаздық және сахналық үлгілерге басымдық беріліп, халқымыздың дәстүрлі қысқы киімдері тасада қалып барады. Сондықтан ол өз коллекциясын жинақтағанда осы олқылықтың орнын толтыруға да мән берген. Мәселен, көрмеге қойылған XX ғасырдан жеткен ішіктердің арасында 80 түлкінің пұшпағынан тігілген бұйымдар бар. Мұндай киімдерді қазіргі кезде қайта жасау оңай емес.

– Бұл көрме – соңғы он жылдағы еңбегімнің нәтижесі. Мұндағы киімдердің бірде-бірі бір күнде жасалған жоқ. Кейбірінің кестесіне бір жыл уақыт кетсе, сәукеленің әшекейлерін он жыл бойы жинадым. Коллекциямдағы ең көне бұйымның бірі – XIX ғасырдан жеткен жарғақ шалбар. Сонымен қатар XX ғасырда киілген шекпендер, ішіктер, тұмақтар мен кестелі етіктер бар. Көрмеге кимешектің 13 түрін алып келдім. Бүгінде дизайнерлер көбіне сахналық, жаздық киімдер тігіп жүр. Ал қазақтың қысқы киімдері қайда? Біздің даламызда төрт мезгілдің өзіндік ерекшелігі бар ғой. Сондықтан көне пұшпақ ішіктерді де жинап, жұртшылыққа көрсетуді жөн көрдім. Жаңадан тігілген киімнің бәрі тарихи түпнұсқаларға негізделген. Қасымда тігіншілер жұмыс істегенімен, әр бұйымның идеясын өзім ойластырамын, ал біз кестелерін өз қолыммен тігемін, – дейді ол.

Шебердің қолынан шыққан туындылар Қа­зақстанмен қатар Түркия, АҚШ, Үндістан, Қатар, Франция, одан қалса Орталық Азия елдеріндегі халықаралық көрмелерде таныстырылған. Ол 2021 жылдан бері Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі. 2022 жылы халықаралық ЮНЕСКО сапа белгісіне ие болып, 2025 жылы «Наурыз» ұлттық сыйлығын иеленген. Биыл Мәскеу, Париж және Доха қалаларында да жеке көрсетілімдері ұйымдастырылған.

Ұлттық киім – ұрпаққа аманат

Көрменің тағы бір ерекшелігі – қазақ қоға­мын­дағы әйелдің орны мен оған көрсетілген құр­метті киім үлгілері арқылы таныту. Ұйымдас­тырушылардың айтуынша, халқымыз қыз баланың киіміне, әшекейіне айрықша мән берген. Қыздың жасына, отбасылық жағдайына, қоғамдағы орнына қарай киім үлгісі де өзгеріп отырған. Мәселен, сәукеле тек қалыңдықтың баскиімі емес, қыз баласына көрсетілген құрметтің, отбасының талғамы мен дәулетінің де белгісі саналған.

«Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің директоры, этнограф Тұрар Сәттарқызы ұлттық киімнің сыртқы сәнінен бұрын оның тарихи мазмұнын танып-білу маңызды екенін айтады. Оның пікірінше, бүгінде ұлттық нақыштағы киімдерге қызығушылық артқанымен, көне үлгілердің ерекшеліктерін, әшекейлердің мәні мен тағылу тәртібін көпшілік біле бермейді. Тіпті кейде өзге халықтардың зергерлік бұйымдары қазақтың ұлттық әшекейі ретінде ұсынылып жүр. Мұндай олқылықтың алдын алу үшін халықтың тарихи мұрамен жақынырақ танысуына мүмкіндік жасау қажет. Тілек Сұлтан шығармашылығын таныстыру жөніндегі Тұрар Сәттарқызының бастамасы бұдан төрт жыл бұрын басталған. Музей саласында ширек ғасыр еңбек еткен этнограф содан бері шебердің туындыларын көпшілікке көрсетуге атсалысып келеді. Астанадағы бұл көрме – сол ізденістің жалғасы.

– Музей саласында 25 жыл жұмыс істедім. Тілек Сұлтанмен төрт жыл бұрын танысқан кезде оның жеке көрмесін бүкіл Қазақстанда өткізу туралы ой келді. Бүгін сол мақсаттың аясында төртінші көрмені ашып отырмыз. Қазір ұлттық киім тігетіндер көп болғанымен, оның тарихи үлгілерін бәріміз бірдей біле бермейміз. Қазақ халқы бар әдемісін, бар байлығын қыз баласына арнаған. Бір ғана сәукеленің өзінен қыз баланың қаншалықты қадірлі болғанын аңғаруға болады. Сондай-ақ шекелік секілді әшекейлердің қайда және қалай тағылғанын білу де маңызды. Біздің мақсатымыз – осы мұраны дұрыс таныстыру. Алдағы уақытта көрмені барлық облыс орталығында өткізіп, соңында «Келін-кемешек» атты кітап шығарсақ дейміз. Әсіресе жастардың, мектеп оқушылары мен студенттердің ұлттық киім тарихымен жақынырақ танысқанын қалаймыз, – дейді этнограф.

Көненің көзі, бүгіннің өнегесі

Бүгінде ұлттық киімге қызығушылық қайта оянып келеді. Дегенмен дәстүрді жаңғырту оның тарихи сипатын сақтаумен қатар жүруге тиіс. Әйтпесе, сән қуған бүгінгі талғам ғасырлар бойы қалыптасқан киіну мәдениетінің өзіндік ерекшелігін көмескілендіріп жіберуі мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, Тілек Сұлтан секілді шеберлердің көне жәдігерлерді жинап, зерттеп, түпнұсқаға сүйене отырып қайта жасауының мәні зор.

Көрме залындағы кимешектерге зер салсаңыз, әр өңірдің өзіндік қолтаңбасын байқайсыз. Бірінің кестесі күрделі, енді бірінің оюы қара­пайым болғанымен, әрқайсысынан қазақ әйе­лі­нің талғамы мен шеберлігі көрінеді. Ал сәу­келенің салтанаты мен пұшпақ ішіктің пішімі халқымыздың сән-салтанатқа ғана емес, тұрмыс жағдайына да ерекше мән бергенін аңғартады.

Бір кезде әжелеріміздің қолымен тігілген киімдердің бүгін көрме төрінен орын алуы – өткенге құрметтің белгісі. Ал сол үлгілердің жаңа буын шеберлерінің қолында қайта жаңғыруы ұлттық өнердің өміршеңдігін көрсетеді. Кимешекке түскен кесте, сәукелеге қонған әшекей, шапанға салынған ою – бәрі де халқымыздың тарихынан сыр шертетін үнсіз шежіре. Сол шежірені оқи білу, қадіріне жету және кейінгі ұрпаққа аманаттау – бүгінгі буынның міндеті.

«Ең әдемі киім – ұлттық киім» көрмесі 16 қарашаға дейін Президенттік орталықта көпшілік назарына ұсынылады. Елорда тұрғындары мен қонақтары ғасырлар қойнауынан жеткен көне жәдігерлер мен тарихи үлгіде жаңғыртылған ұлттық киімдерді тегін тамашалап, халқымыздың бай мәдени мұрасымен жақынырақ таныса алады.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ