Зекенұлының зерек еңбегі
Зекенұлының зерек еңбегі
376
оқылды
Л.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университетін­де «Шығыс өркениетін зерт­теудің дәстүрі мен жаңа па­ра­дигмалары» халықара­лық ғылыми-практикалық кон­ференциясы өтті. Конференцияға Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, «Хабар» агенттігі АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли, «Егемен Қазақстан» респуб­лика­лық газетінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы, Мимар Си­нан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылым­дарының докторы Әбдуақап Қара (Түркия), сонымен қатар мем­лекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен профессорлар, қаламгерлер мен БАҚ өкілдері қатысты. Конференция аясында ЕҰУ Шығыстану кафедрасының про­фессоры Тұрсынхан Зекенұлының 3 жаңа ғылыми еңбегінің тұсау­кесері өтті. Белгілі тарихшының «Қытай тарихнамасындағы қазақ тарихы», «Күлтегін ескерткіші: тарихи-деректанулық зерттеу». «Көне дәуірден бүгінге дейінгі түркі тарихының қытайша дерек­тері» кітабы жарыққа шықты. Күрделі зерттеулерде түркология әлеміндегі белгілі зерттеушілердің еңбегі және қытай тіліндегі көне деректер қолданылған.
 «Шәкіртім Тұрсынхан Зекенұлының бұл кітабы «Қытай тарихшысы қазақ тарихы туралы не жазды және қалай жазды? Оның отандық тарихнама үшін берері не? Отандық тарихнамаға сай келмейтін қандай тұстары бар?» деген сұрақ төңірегінде зерттеп, зерделейді және оның қытайлық тарихнамалық әдіс-тәсілдеріне, көзқарасына талдау жасап, түсінік береді. Қытай ғалы­мының еңбегінде қазақ тари­хының хронологиялық және гео­графиялық шеңбері кеңей­тіліп, мазмұны байытылған. Ав­тор бұл еңбегінде Су Бэйхайдың қазақ тарихы туралы жаңашыл ойын құптай отырып, оның кейбір тарих­намалық көзқарасын теріс­тейді. Сондықтан кітаптың Отан тарихын зерттеуге тигізер пайдасы мол. Кітап деректанушы-тарихшы мамандардың, ғылыми көпшіліктің қытайлық ғалым­дар­дың еңбегін сыни көзбен қабыл­дап, зерттеу жұмысында тиімді пайдалануына бағыт-бағдар бере­ді, – дейді ЕҰУ Алтайтану және түркология ғылыми-зерттеу орта­лығының директоры Қаржаубай Сартқожаұлы.
Тұрсынхан Зекенұлы «Күл­тегін ескерткіші: тарихи-дерек­тану­лық зерттеу» еңбегінде Күлте­гін өмір сүрген дәуірді және оның тарих сахнасына қалай шыққанын, істеген істері мен артында қалған мұрасын, ескерт­кіштің орнатылуының түпкі мән-жайын зерттейді. Отандық түрко­логиядағы бұл еңбектің басты жаңалығы – Күлтегін ескерт­кішіндегі көне түрікше және қытайша мәтіндердің мазмұнын тарихи-деректану тұрғысынан зерттелуі, ондағы әрбір ұғымның тарихи мән-мағынасының, де­рек­тік құндылығы мен шы­найы­лығының ашылуы.

Айбике ЖАНАСЫЛ