Ипотекалық несиелер тоқтауы мүмкін
– Шынын айту керек, биыл Ұлттық банк пайыздық мөлшерлемені өсірумен келе жатыр. Инфляцияның болуына негізгі себеп бар. Оған қыркүйекте ең негізгі әсер еткен фактор – мобилизация екені анық. Ресейден өте көп азаматтардың келуі біздегі тауарлардың қымбаттауына әсер етеді. Соның ішінде өздері айтып отырғандай, жалға берілетін пәтерлердің бағасының бір айлық көрсеткіші 30% өсіп кеткен. Мұның бәрін Ұлттық банк жоққа шығармады. Осының салдарынан инфляция шарықтап кетті дейді. Жалпы, әлем елдері де мөлшерлемені көтеру үстінде. АҚШ-та доллардың пайыздық мөлшерлемесін көтере бастаған. Бұған дейін ол мөлшерлеме 0,25% ғана көтеріліп келсе, бұл жолғы 0,75% бірден көтерген. Ол доллардың қатты қымбаттауына, күшеюіне әсер етеді. Еуро неліктен арзандады. Неліктен әлем елдерінің валюталары долларға қарағанда әлсіреп барады. Бәрі де доллардың пайыздық мөлшерлемесінің көтерілуіне байланысты. Ұлттық банк осы себептердің бәрін тізе келе қатаңдатылған саясат жүргізу жөн деп шешкен. Өйткені 14,5%-дан бірден 16%-ға көтеру – үлкен пайыз. Жыл басынан бері Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтеру тарихына мән берсеңіз, 4 мәрте көтерді. Көбінде пайызды қатты өсірмей көтеріп келген. Ал осы жолы бірден 1,5%-ға көтеріп тастады. Сарапшылар тарапынан бұл қадам сынға ұшырауда. Экономистер арасында 0,75%-бен екі бөліп көтеру керек еді дегендер болды. Ұлттық банктің уәжі бойынша инфляция 17,7 пайызға өршіген. Мұндайда 16 пайыздық мөлшерлеме қалыпты дегенді меңзеді. Менің көзқарасым бойынша да бірден 1,5 пайызға көтергені көп болып көрінді. Өйткені бұдан кейін несиелер қымбаттап, ипотекалық несиелер тоқтауы мүмкін. Бауыржан Ысқақов, экономист:Инфляция осы шешімге мәжбүр етті
– Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 16 пайызға көтеруі – экономикадағы ахуалдың қиын екенінің көрсеткіші. Соңғы кездегі валютаның құнсыздануы, инфляциялық толқындар Ұлттық банкті осындай шешім шығаруға мәжбүр етті. Біз бұдан аталған ұжымның экономикалық өсімге тікелей жауап беретін Үкіметпен байланысы жоғын аңғардық. Енді несиелер қымбаттап, адамдар ақшаны аз жұмсап, инфляцияны тоқтатамыз деген теорияға сүйеніп отыр. Бір нәрсені ылғи қайталап айтамын – іс жүзінде бұның бәрі ел экономикасының импортқа тәуелділігінің салдары. Мен себеп ретінде халыққа қажетті азық-түліктен бастап, тұрмыстық заттарға дейін сырттан келуін айтар едім. Үкімет пен Ұлттық банк бірлесе кешенді жоспар құрып, импорт мөлшерін азайтуға тырыспайынша, инфляция жалғаса береді. Қазір бізге бәрінен бұрын отандық өндірушілердің үлесі көбейгені қажет. Расул Рысмамбетов, қаржы сарапшысы:Несие алуды азайту керек
– Бұдан кейін Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге жаңа базалық мөлшерлеме бойынша ақша береді. Қазіргі базалық мөлшерлемеге бір пайыз қосылады. Ал банктер халық пен кәсіпкерлерге несие берерде базалық мөлшерлемені пайдаланады. Яғни, 16 пайыз және үстінен банктің табысын көреді. Банктің табысына қызметкерлердің жалақысы және басқа да шығындар кіретіні белгілі. Нәтижесінде, несие мөлшерлемесі кем дегенде 20 пайызды құрайды деген сөз. Ұлттық банк халықтың инфляцияға қатысты болжамын тежегісі келеді. Сол үшін азаматтар «Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерген соң инфляция баяулайды» деп ойлағанын қалайды. Бұл – сөзсіз психологиялық процесс. Ұлттық банк күту кезеңінің өзінде инфляция азаяды деп үміттеніп отыр. Адамдар не істеу керек? Бастысы, несие алуды азайту қажет. Той-жиынға ретсіз қарыз алмаған абзал. Өйткені қарашада болмаса, желтоқсанда қарыз қымбаттайтыны анық. Депозиті барлар шығынын азайту үшін қорын үшке бөліп, бір бөлігін – теңгеде, екіншісін – еурода, үшіншісін долларда сақтағаны жөн.