«Қызылорда–Жезқазған» тасжолының жөнделуін жұртшылық көп жылдан бері тағатсыздана күтіп жүр. Сапалы жол екі өңірдің көлік қатынасын бір жүйеге түсіріп, қауіптің бетін сейілтер еді. Алайда созбалаңға түскен бұл келеңсіздіктің қашан жақсаратыны беймәлім. Бүгінде жарты ғасырдан астам уақыт бұрын салынған негізгі жолдың тоз-тозы шыққан. Көліктер сапасыз жолға шыдас бермей тұр. Ойдым-ойдым жолдың салдарынан жол апаты да жиі болады. Сыр халқы мен Жезді өңірінің жұртшылығы адамдардың өміріне қауіп төндіріп тұрған осынау сапасыз жолға алаңдаулы күй кешіп отырғанын айтып, ашынады. Жыл сайын құзырлы орындар тарапынан аталмыш жол мәселесі назарда тұрғаны айтылғанымен, көңіл көншітерлік нәтиже жоқ. Түрлі себеппен жылдан-жылға шегеріліп келеді. Ал жол азабын тартқан жолаушылар болса, күре жолдан келер қауіп күшейіп тұрғанын алға тартады.
«Көп жылдан бері жырға айналған бұл жолмен қатынау күн санап мүмкін болмай барады. Жыл сайын жөнделеді деген желеумен уақыт өтіп жатыр. Жол бойында көлігі бұзылып қалған жағдайда тіпті қауіпті. Айдалада аялдайтын бірде-бір орын жоқ. Биыл жөндеу жұмыстары қолға алына бастады деген сөздер айтылды. Алайда әлі де қандай да бір нәтиже көре алмай отырмыз. Осы жолмен Астана қаласына жиі қатынаймыз. Жол қатынасының қандай қиын екенін жақсы білеміз. Сапасыз жолда жүрудің өзі азап. Адам өміріне қаупі өршіл тұр. Сондықтан да түрлі сылтауды желеу қалмай, саннан сапаға көшетін сәт келді», – дейді Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұрғыны Гүлжауһар Ысқақова.Бүгінде Сыр елінде жалпы ұзындығы 3 398 шақырым болатын автокөлік жолы бар. Соның ішінде 1 018 шақырымы республикалық, қалған бөлігі облыстық және аудандық маңызға ие. Дей тұрғанмен, бұл жолдардың бәрі талапқа сай деп айтуға келмейді.
«Республикалық маңызға ие бұл күре жолда қиындық аз емес. Балаларым Астанадағы оқуына осы жолмен қатынап тұрады. Пойыз билеті аспандап тұр. Оның үстіне, жол арасы да ұзақ. Сондықтан көлікпен осы төте жол арқылы қатынайды. Жол-жөнекей аптапты ыстықта сапасыз жолдың салдарынан көліктері бұзылып, иен далада қалып қойса, жан сауғалайтын орын да жоқ. Соның салдарынан өмірлеріне қауіп төнуі мүмкін. Жолға шыққан әрбір адам өз өміріне алаңдап отырады. Жобаға сәйкес, бұл жолды жөндеу мерзімі үш жылға межеленген екен. Алайда әзірге нақты нәтиже көре алмай отырмыз. Ең бастысы, тиісті жұмыстарды сапалы әрі межелі уақытында толық аяқтаса екен. Біздің басты талабымыз – осы», – дейді тағы бір тұрғын Ләззат Мырзалиева.Негізінен, өткен жылы Үкімет тарапынан республикалық маңызы бар күре жолдың жаңа жобасына қол қойылғаны айтылды. Бұл тұрғыда «Қазавтожол» ұлттық компаниясы мен Еуропа қайта құру және даму банкі арасында келісім жүргізілген. Соның негізінде Қызылорда мен Жезқазған арасындағы ұзындығы 204 шақырымдық ескі жолына күрделі жөндеу жүргізу көзделген болатын. Сонымен қатар Қызылорда қаласындағы ұзындығы 14,6 шақырымдық айналма жол салу қарастырылған. Жөндеу жұмыстары Қызылорда облысы аумағынан бастау алатыны тілге тиек болды. Соған орай тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» ҰҚ АҚ-ға хабарласып, жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстар жайында сұрап көрдік.
«Жалпы, 2021 жылы Үкімет тарапынан Еуропалық қайта құру және даму банкімен «Республикалық маңызы бар А-17 «Қызылорда–Павлодар–Успенко–РФ шк» автомобиль жолының «Қызылорда-Жезқазған» учаскесі 12-216 шақырымдар аралығын қайта жаңғырту» жобасына келісім жасалынлы. Сол жылы мердігерлерді анықтау мақсатында тендер рәсімі өткізілді. Жоба авторы «СемЖолПроект» және «ҚазЖолПроект» ЖШС. Құрылыс жұмыстарын «Қытай Азаматтық Инженерлік-Құрылым Корпорациясы» ҚР филиалы, «Қыран» ЖШС, Гуйджоуская Дорожно-Инженерная Корпорация» және Stecol Corporation мердігер мекемелері өз міндетіне алып отыр. Қазір осы жоба аясында мақсатты жұмыстар жүргізіле бастады. Нақты айтқанда, бүгінде облыс аумағынан 1б санатты 14,6 шақырымды құрайтын айналма жол салу жұмыстары қарқын алды. Бұл жұмыстарға аталмыш мердігерлер жергілікті жұмысшыларды жұмылдырып отыр. Ал құрылысқа қажетті материалдар облысқа қарасты Жаңақорған ауданынан тасымалдануда. Осы айналма жолдардың құрылыс жұмыстарынан кейін негізгі жолды жөндеу жұмыстары басталады. Жоба негізінде құрылыс жұмыстары үш жыл ішінде толықтай аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуде», – деп түсіндірді бұл жайында «ҚазАвтоЖол» ҰҚ акционерлік қоғамының Қызылорда облыстық филиалы.Тапсырыс беруші компанияның мәліметіне сәйкес, жоба бойынша облыс аумағына жаңадан айналма жол салумен қатар 204 шақырым жолды қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр. Оның ішінде ені 7 метр болатын ІІІ техникалық санаттағы автомобиль жолын ені 9 метр болатын ІІ техникалық санаттағы жолға ауыстыру қаралған. Сонымен қатар 2 дана жол айрығы және үй жануарларына арналған жол өткелдер, су арналарынан өтетін 3 көпір, 2 көпфункционалды аралық бақылау өлшейтін аркалар салу көзделген. Бұған қоса, 5 заманауи жылы дәретхана, 6 демалыс алаңы, 56 су өткізгіш құбыр, 10 мал өткелдері, 117 жол қиылысуы мен түйісулерін салу қарастырылған. Осы жұмыстар аясында жоба бойынша 440 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отырғанын да жеткізді. Сондай-ақ құзырлы мекеме тарапынан күре жолдың құрылыс жұмыстары межеленге үш жыл ішінде толықтай сапалы түрде жасалып, пайдалануға берілетініне де нық сенім білдірді. Ал халық тарапынан қаупі күн санап артып тұрған күре жолдың жұмысын жеделдете әрі талапқа сай жүргізілсе деген тілегін жеткізіп отыр. Мемлекеттің тікелей бақылауында тұрған жол құрылысының сапасы назардан тыс қалмайды деп үміттенеміз.
Қызылорда облысы