Ақмолада да сапасыз жол аз емес
Ақмолада да сапасыз жол аз емес
189
оқылды

Адам өмірінің ажырамас бір бөлшегіне айналған инфрақұрылымның ішіндегі аса өзектісі – жолдар. Алайда осы бір салаға қанша миллиардтаған қаражат бөлініп жатса да, қалың көпшілік оның сапасыздығына жиі наразылық білдіреді. Тіпті, жергілікті әкімдердің әлеуметтік желілері мен жеке блогтарына түскен арыз-шағымдардың негізгі бөлігі де осы жол жайында. Ақмола облысындағы жолдардың да жөндеу жүргізілгеннен кейін арада 6 ай өтпей жырым-жырым болып жататыны жасырын емес.

Облыс әкімі Ермек Маржық­паев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте об­лыс аумағында биыл 700 шақы­рымнан астам жергілікті маңызы бар жолдардың жөнделетінін мәлімдеген. Аталған мақсатқа бюджет қоржынынан 36,3 мил­лиард теңге қаражат бөлінген. Әкім жергілікті маңызды жол­дар­дың сапасын 78 пайыздан 82 па­йызға дейін жақсартылатынын хабарлады. Сондай-ақ облыста кейінгі үш жылда 1300 шақырым жергілікті және ауыл жолдарына жөндеу жүргізілгені аталды. Алайда жергілікті жолдардан көлік түгіл адам жүре алмайтын ойлы-шұңқырлар жиі ұшырасады. Шалғай ауылдарды айтпағанда, елорданың іргесіндегі Ақкөл, Целиноград, Аршалы, Шортанды аудандарындағы жолдардың жы­ры бітпей тұр. Жөндеу жүргізілсе де, араға жыл өтпей таз қалпына қайта түсетінін халық айтып жа­лыққан. Әсіресе, әлеуметтік желі­лерде қара жолдың азабын тарт­қандардың жолдарды жөндеуді жалына сұраған жанайқайы жетіп артылады. Мәселен, облыс әкі­міне шағымданған nur_dike есімді желі қолданушысы Ақкөл ауда­нындағы жолдардың жыл өтпей жатып жырым-жырым болғанына наразылық білдіріпті.
«Ақкөл ауданында Ақкөл қа­ласынан Талқарға дейінгі жолға орташа жөндеу жасалған. Араға жыл өтпестен барлық асфальт бойындағы шайыр мен битум тұтастай жарылып, жырым-жы­рым болды. Неге облыстың Жол басқармасы мен Көкшетау жолда­ры кепілді міндеттеме шеңберінде келтірілген ақауларды түзетпейді? Аталған әрекетсіздік жол жөндеу­шілердің жөндеу кезінде сапасыз материалдар қолданды-ау деген ойға жетелейді. Сондай-ақ жұ­мыс­ты сапасыз істеп, осы үшін 700 миллион теңге жұмсалыпты. Автожолдар басқармасына Ақ­көл – Талқар жолдарындағы жарылған битумдардың ақау­ла­рын жөндеуге бірнеше мәрте өті­ніш жолданған. Бірақ тиісті түрде қаралмай еш нәтиже болған жоқ», – дейді ол жазған шағымында.
Аталған шағымға назар аудар­ған Ақмола облысы жол актив­терінің сапасы ұлттық орталығы филиалы бұл жолға тексеріс жүргізілетінін жазды. Өңірдегі жолдардың жөндеу жұмыстары­ның қалай тексеріліп жатқанын білмек мақсатында біз аталған ведомствоға да жүгіндік. Облыс аумағындағы жолдар­дың сапасыздығын және мерді­гер­л­ердің өз міндеттеріне салдыр-салақ қарайтынын Ақмола об­лысы бойынша жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы филиалы да мойындады. Ведомствоның мәліметінше, облыстың жергілікті маңызға ие жолдардан алынған сынамалардың 29 пайызы нор­маға сәйкес келмеген. Ведомствоның мәліметінше, орталық республикалық маңызы бар жолдарға 242 рет, облыстық, аудандық және жергілікті маңызы бар жолдарды тексеруге 118 мәрте шыққан. Зертханада жүргізілген қорытындыларға қарағанда, рес­публикалық маңызы бар жолдар­дан 59 сынама алынып, соның 14-і нормативтік құжат талапта­ры­на сәйкес келмейтіні анықталған.
«Облыстық және аудандық маңызы бар жолдарға 560 мәрте шыққан орталық инженерлері 164 сынаманың, яғни 29 пайызының талапқа сәйкес келмейтіні анық­талды. Жолдардағы талаптарға сәйкес келмейтін ақаулар үшін мердігер компанияларға берілген ескертулер негізінде 58,8 миллион теңгеге заңбұзушылықтар қал­пына келтірді», – деп толықтырды филиал директоры Талғат Жүсіпов.
Ал Ақмола облысы Авто­мо­биль жолдары басқармасының басшы­сы да жөнделген жолдар­дың са­пасыз болғанын мойын­дады.
«Өңірде жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге 38 млрд теңге бөлінді. Жалпы, 232 жобаны жүзеге асыру жоспарланған, соның 172-сі биыл аяқталмақ. Жолдардың сапасы тексеріліп, 102,5 миллион теңгенің асфальт жабыны қайта төселді. 5 мердігер компания мен төрт техникалық қадағалау әкім­шілік жауап­кер­шілікке тартылып, айыппұл са­лынды», – дейді бас­қарма бас­шы­сы Владимир Кулаков.

P.S. Сонымен, өңірдегі жол­дардың сапасын талапқа сай ету мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Тиісті мемлекеттік органдармен қатар әрбір азамат бақылауды кү­шейтпесе, баяғы жартас сол жартас күйі қала беруі әбден мүмкін...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы