Әлия Сағымбаева: Тектің күші – адам үшін мықты ресурс
Әлия Сағымбаева: Тектің күші – адам үшін мықты ресурс
1,814
оқылды
Жеті атаны білу не үшін керек, әулетте қайталанып келе жатқан жағымсыз сценарийден қалай құтылуға болады, адамның өзін-өзі бір кездері ерлік жасаған не табысқа жеткен бабасына ұқсатуы қаншалықты маңызды – осы және басқа да мәселелер жөнінде тектанушы, халықаралық кәсіби родологтар лигасының Азия бойынша вице-президенті Әлия Сағымбаева айтып берді. – Әлия Нұрпақызы, әуелі тектану қандай ғылым және ол адамдарға қандай игілік әкеледі, сол туралы айтып беріңізші. – Адам өзін-өзі өзгерту үшін, басындағы проблемаларын шешу үшін белгілі бір бағдарға жүгінеді. Кейбіреулерде оның мысалы – дін, енді бірінде – ақсақалдар, үшіншілерінде әжелер институты болды. Бұрын психологтердің функциясын осылар атқарды. ХХ ғасырдан бастап адамзат өміріне психология дендеп ене бастады. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін батыс психологтері посткеңестік елдерді жан-жақты зерттеуге кірісті. Сондай бір мақсатпен бірде Мәскеу мемлекеттік уни­верситетінің психология факуль­тетіне америкалық психогенетик Чампион Курт Тойч келіп, семи­нар өткізеді. Оған ресейлік ға­лымдар – физика-математика ғылымдарының кандидаты Ва­лерий Докучаев пен оның жұ­ба­йы, философия ғылымдарының кандидаты Лариса Докучаева қатысады. Екі физиктің адам өміріндегі маңызды уақиғалар ұрпақтарда қайталанатыны ту­ралы ойы бір жерден шығып, ақырында ресейлік ғалымдар мұ­ны бір ғылым саласы ретінде зерттей бастайды. Тектануды пси­хология, генеалогия, физика және антропологияның тоғы­суынан пайда болған ілім десек те болады. Оның ең негізгі құ­ралы – генограмма. Ол қазақ ше­жіресіне қатты ұқсайды, айыр­машылығы – генограммаға на­ғашылар да кіреді. Докучаев­тар­дың бұл бағыты біздің елімізде жақсы дамыды. Өйткені кеңестік кезеңде тектілік мәдениетімізді қанша жоюға тырысқанымен, біздер шежіремізді ұмытпадық. Жеті атамызды түгендеп жүрдік. Тектану ілімінде біз әке-шешеміз бен ата-бабаларымыздың өміріне талдау жасаймыз. Талқылаймыз. Кейбір фактілерді дәлелдейміз. Ата-бабаларымыздың өмірінде болған келеңсіз оқиғалардың неге ұрпақтарында қайталанып жатқанын, оның қалай алдын алуға, құтылуға болатынын тү­сіндіреміз. – Жағымсыз жайттар нелік­тен ұрпақтарда қайталануы мүмкін? – Адам қатты психологиялық соққы алғаннан кейін оны ем­деуге, жазуға, біртіндеп ұмытуға белгілі бір шаралар көмектеседі. Мәселен, адам қайтыс болғанда, дауыстап жоқтау айтады, мар­құмның жетісіне, қырқына, жү­зіне жиналады. Осылайша, адам ақырындап әлгі соққыдан ес жияды. 20-30-жылдардағы қу­ғын-сүргін, ашаршылық, кәм­пескелеу кезінде мұның бірде-бірі ескерілген жоқ: дауыстап жоқтау айтуға қорықты, оған уа­қыт та жоқ, ұрпақты ойлау ке­рек. Осылайша, сана қайғыны өңдей алмай қалды. Өңделмеген психологиялық соққы бейсанаға түсіп кетеді де, осыдан соң ДНҚ-да өзгерістер басталады, жаңа нейрондық байланыстар түзіледі. Олар қорқыныш, үрей түрінде көрініс табады. «Бай болу қа­уіпті», «Күйеуге шығу қауіпті, күйеуімнен айырылып қалуым мүмкін», «Балалы болу қауіпті, өліп қалуым мүмкін» деген секіл­ді ұстанымдар осылардан келіп шығады. Тектану ілімінде осын­дай ауыр психологиялық жара­қаттың көбіне үшінші ұрпақта оянатыны анықталып отыр. Бірде маған бір кісі келді. Генограммасын сызып қарасақ, әулетінде анасы жағынан келетін тармақтардың бәрінде дерлік екі әйел алу немесе екі күйеуге тию кездеседі екен. Әрқайсысында әртүрлі себеппен, бірақ әйтеуір барлығында алғашқы неке бұ­зыла берген. Сондайда асықпай отырып, бұл ешқандай да тектің заңдылығы емес екенін, адам өзі қаласа және шындап жұмыс істесе, алғашқы некені сақтап қалуға болатынын түсіндіру ке­рек. Әжеңіз екі рет күйеуге шық­са, оның себебі – соғыс жылдары бала-шағаны асырау қиын болды, сол үшін ер-азаматтың етегінен ұстауға тура келді, бірақ бұл сіздің де міндетті түрде екі рет тұрмыс құратыныңызды білдірмейді. Адамдар осыны түсінгенде ғана бұған дейін өздігінен қайталанып келе жатқан тізбекті үзеді. Әлия Сағымбаева – Ал ата-бабаларыңның ерлік істерін, жақсы қасиеттерін біліп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, айтып жүру қаншалықты маңызды? – Тектің күші, тектің қуаты – адам үшін мықты ресурс. «Мына атаң Берлинге жеткен, мына атаң соғыста тұтқынға түссе де рухы сынбай, аман-есен шық­қан, мына әжең бес баламен жалғыз қалса да ошағының отын сөндірмей, ұл-қызын аяқтан­дыр­ған» деген сияқты әңгімелер жай мақтан үшін емес, оны естіген ұрпақ та іштей «е-е-е, демек ме­нің мына қасиетім атама ұқсаған екен ғой», «мен онда әжеме тарт­қан батыл болыппын» деу ар­қылы бойына қуат бітеді, сол ақпарат оның ішін үнемі жылы­тып жүретін отын болады. Ал бұл адамның ересек өмірінде өзіне сенімділігі, қандай да бір істі соңына дейін жеткізуі, алға ұмты­луында міндетті түрде жақсы жағынан ықпал етеді. – Демек, ата-бабаларың­ның кім болғанын, немен айналысқа­нын білу, жалпы, өз тегің туралы ақпарат – адамның ішінде жанып тұратын шамшырақ секілді ғой, иә?! Ол тұманда адастырмайды, боранда күйреп қалуымыздан қорғайды... – Дәл солай. Тіпті, асыранды балаларға да тегі кім екенін айту керек. Бұл тұста мен батыстық тәсілді қолдаймын – не нәрседе де ашықтық маңызды, құпия жоқ. Бізде асырап алған бала­ның туыстары жайлы деректер заң бойынша құпия болып сақталады. Құпия адамның пси­хикасына жаман әсер етеді. Ондай балалар бәрібір өзінің бөтен екенін сезіп жүреді. Ерте ме, кеш пе, бір кісі оның асы­ранды екенін жеткіз­генде, бұл оның жан дүниесіне үлкен соққы болады. Кейде клиенттерім ара­сында да бала күнінде жаңа отбасыға келген адамдар кез­деседі. Ондайда: «қайта сен қуан: жұртта бір әке, бір шеше бар болса, сенде екі әке, екі шеше бар. Бұл сенің кемші­лігің емес, байлығың» деймін. – Өзіңіз басы-қасында жүр­ген «Атамның аманаты» атты жобаңыз көп кісіні қуантып, ал­ғысына ие болып жүр. Соғыста ұшты-күйлі жоғалған ата-бабалар жайлы деректерді табу, білу ұрпақтарына қалай әсер етеді? – Менің алдыма келгендердің 80 пайызы – бір кездері атасы соғысқа кеткендер. Мен оларды үш санатқа бөлемін. Алғашқысы – «қаза тапты» деп қара қағаз келгендер. Екіншісі – хабар-ошар­сыз кеткендер. Үшіншісі – аман-сау оралғандар. Осылардың ішіндегі ең күрделі жағдайда қал­ғандары – екінші санатта­ғылар. Олардың ұрпағы әлдебір белгісіздікті бастан кешеді. Ке­зінде жоғалған аталары жайлы тіс жарып айтуға болмады. Оның сатқын не сатқын емес екенін дәлелдейміз деп сол шақтағы үкімет те оған мұрша бермеді. Психологияда гештальт деген бағыт бар. Әлгі оралмай кеткен кісілердің ұрпағында сол геш­тальт жабылмай қалды. Осы мә­селені зерттей келе мен әріп­тестеріммен «Атамның аманаты» атты қоғамдық бірлестік құрдым. Бүгінге дейін бізге 7 мыңнан аса тапсырыс түсті. Оның ішінде Қа­зақстаннан ғана емес, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғыз Рес­публикасынан көмек сұрау­шылар да көп болды. Біз волон­терлерімізбен бірге архивті ақ­тарамыз, жан-жақтағы меке­ме­лерге сұрау тастаймыз, солайша әлгілердің 2 мыңдайының жа­уынгерлік тағдыры дәлелденді, яғни олар жайлы қандай да бір деректер табылды. 500-ден аста­мының жатқан жері анықталды. Кейде жауынгерлердің кейбірі «Контрреволюциялық қызмет» деген 58-баппен істі болғанын да көрдік. Ал ұрпақтары оны «Ерлік жасап қаза тапты» деген хабар болады деп күтіп отырады. Он­дайда әлгі ақпаратты дұрыстап, түсіндіріп жеткіземіз. Бір қы­зығы, жаңағыдай айып тағыл­ғандар, ұрпақтарынан сұрасаң, өте сауатты, білімді кісі болған­дары белгілі болып жатады. Де­мек, олар қарсыласқан, соғыс­тағы әділетсіздікке төзбеген. Ата-текті зерттеуде осындай әр­бір деталь маңызды. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Азат ҚАЗАҚ