Жеті атаны білу не үшін керек, әулетте қайталанып келе жатқан жағымсыз сценарийден қалай құтылуға болады, адамның өзін-өзі бір кездері ерлік жасаған не табысқа жеткен бабасына ұқсатуы қаншалықты маңызды – осы және басқа да мәселелер жөнінде тектанушы, халықаралық кәсіби родологтар лигасының Азия бойынша вице-президенті Әлия Сағымбаева айтып берді.
– Әлия Нұрпақызы, әуелі тектану қандай ғылым және ол адамдарға қандай игілік әкеледі, сол туралы айтып беріңізші.
– Адам өзін-өзі өзгерту үшін, басындағы проблемаларын шешу үшін белгілі бір бағдарға жүгінеді. Кейбіреулерде оның мысалы – дін, енді бірінде – ақсақалдар, үшіншілерінде әжелер институты болды. Бұрын психологтердің функциясын осылар атқарды. ХХ ғасырдан бастап адамзат өміріне психология дендеп ене бастады. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін батыс психологтері посткеңестік елдерді жан-жақты зерттеуге кірісті. Сондай бір мақсатпен бірде Мәскеу мемлекеттік университетінің психология факультетіне америкалық психогенетик Чампион Курт Тойч келіп, семинар өткізеді. Оған ресейлік ғалымдар – физика-математика ғылымдарының кандидаты Валерий Докучаев пен оның жұбайы, философия ғылымдарының кандидаты Лариса Докучаева қатысады. Екі физиктің адам өміріндегі маңызды уақиғалар ұрпақтарда қайталанатыны туралы ойы бір жерден шығып, ақырында ресейлік ғалымдар мұны бір ғылым саласы ретінде зерттей бастайды. Тектануды психология, генеалогия, физика және антропологияның тоғысуынан пайда болған ілім десек те болады. Оның ең негізгі құралы – генограмма. Ол қазақ шежіресіне қатты ұқсайды, айырмашылығы – генограммаға нағашылар да кіреді. Докучаевтардың бұл бағыты біздің елімізде жақсы дамыды. Өйткені кеңестік кезеңде тектілік мәдениетімізді қанша жоюға тырысқанымен, біздер шежіремізді ұмытпадық. Жеті атамызды түгендеп жүрдік. Тектану ілімінде біз әке-шешеміз бен ата-бабаларымыздың өміріне талдау жасаймыз. Талқылаймыз. Кейбір фактілерді дәлелдейміз. Ата-бабаларымыздың өмірінде болған келеңсіз оқиғалардың неге ұрпақтарында қайталанып жатқанын, оның қалай алдын алуға, құтылуға болатынын түсіндіреміз.
– Жағымсыз жайттар неліктен ұрпақтарда қайталануы мүмкін?
– Адам қатты психологиялық соққы алғаннан кейін оны емдеуге, жазуға, біртіндеп ұмытуға белгілі бір шаралар көмектеседі. Мәселен, адам қайтыс болғанда, дауыстап жоқтау айтады, марқұмның жетісіне, қырқына, жүзіне жиналады. Осылайша, адам ақырындап әлгі соққыдан ес жияды. 20-30-жылдардағы қуғын-сүргін, ашаршылық, кәмпескелеу кезінде мұның бірде-бірі ескерілген жоқ: дауыстап жоқтау айтуға қорықты, оған уақыт та жоқ, ұрпақты ойлау керек. Осылайша, сана қайғыны өңдей алмай қалды. Өңделмеген психологиялық соққы бейсанаға түсіп кетеді де, осыдан соң ДНҚ-да өзгерістер басталады, жаңа нейрондық байланыстар түзіледі. Олар қорқыныш, үрей түрінде көрініс табады. «Бай болу қауіпті», «Күйеуге шығу қауіпті, күйеуімнен айырылып қалуым мүмкін», «Балалы болу қауіпті, өліп қалуым мүмкін» деген секілді ұстанымдар осылардан келіп шығады. Тектану ілімінде осындай ауыр психологиялық жарақаттың көбіне үшінші ұрпақта оянатыны анықталып отыр.
Бірде маған бір кісі келді. Генограммасын сызып қарасақ, әулетінде анасы жағынан келетін тармақтардың бәрінде дерлік екі әйел алу немесе екі күйеуге тию кездеседі екен. Әрқайсысында әртүрлі себеппен, бірақ әйтеуір барлығында алғашқы неке бұзыла берген. Сондайда асықпай отырып, бұл ешқандай да тектің заңдылығы емес екенін, адам өзі қаласа және шындап жұмыс істесе, алғашқы некені сақтап қалуға болатынын түсіндіру керек. Әжеңіз екі рет күйеуге шықса, оның себебі – соғыс жылдары бала-шағаны асырау қиын болды, сол үшін ер-азаматтың етегінен ұстауға тура келді, бірақ бұл сіздің де міндетті түрде екі рет тұрмыс құратыныңызды білдірмейді. Адамдар осыны түсінгенде ғана бұған дейін өздігінен қайталанып келе жатқан тізбекті үзеді.
Сұхбаттасқан Азат ҚАЗАҚ