Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешевпен және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповпен кездесті.
Өңірге жасаған сапары барысында олар шетелден инвестиция тарту жұмысының нәтижесімен танысты, сондай-ақ ірі жобалардың жүзеге асуына қолдау көрсетпек. Жиынға мемлекеттік орган басшылары, ірі компания өкілдері қатысты.
Облыс әкімі 19 қазанда Астанада өткен Kazakhstan Global Investment Roundtable-2022 инвестициялық форумы аясында металлургия, денсаулық сақтау, құрылыс, логистика және экология салалары бойынша жалпы құны 735 миллион доллар болатын 5 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын.
Ералы Тоғжанов бүгінге дейін қол қойылған барлық меморандумның орындалу барысы жіті бақылауда екенін айтты.
«Облыста мыңнан астам шетелдік компания тіркелген, оның ішінде жетеуі – трансұлттық компания. Өңірлік өнімнің жылдық өсімі – 5%. Оның негізгі үлесі – шамамен 42% өнеркәсіпке тиесілі. Облыста, жалпы республикада пайдалы қазбаларды өндірудің табиғи төмендеуі байқалады. Осыған байланысты экономиканың сапалы және тұрақты дамуы, халықтың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын арттыру үшін өңдеуші өнеркәсіпті әртараптандыру шаралары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, бұл салаға инвестициялық капитал тарту және оның көлемін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізілуде: барлық ірі компанияға осы міндет қойылды», – деп атап өтті облыс әкімі.
2022 жылдың 9 айының қорытындысына сәйкес, облыс экономикасына 600 млрд теңге инвестиция тартылды. Өңдеу өнеркәсібі өнімдері экспортының көлемі 1,2 млрд АҚШ доллары болды, ал өңдеуші секторға 53,8 млрд теңге инвестиция құйылды. Бұл жергілікті өнімді дамытуға, импортты алмастыруға және бәсекеге қабілетті өнім экспортының өсуіне серпін берді. Бұл көрсеткіштер бойынша өңірлер арасында Ақтөбе облысы үздіктер қатарында.
2027 жылға дейін инвестицияның жаңа толқынын тарту мақсатында металлургия, баламалы энергетика, фармацевтика, медицина, мұнай-химия, құрылыс индустриясы және агроөнеркәсіптік кешен салаларын қамтитын 95 инвестициялық жобалар пулы қалыптасты. Құны 4,6 трлн теңге болатын жобалардың нәтижесінде 12 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Негізгі инвестор елдер қатарына Сингапур, Түркия, Ресей Федерациясы, Ұлыбритания және Нидерланд кіреді.
«Біз өңірдің шетелден тікелей инвестиция тарту бойынша атқарып жатқан жұмысымен танысу мақсатында келдік. Барлық инвесторды инфрақұрылыммен қамтамасыз ететін «Ақтөбе» ӘКК базасында фронт-офистің жұмыс істеуінің оң тәжірибесін атап өту қажет. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысына сәйкес, Ақтөбе облысында 2022 жылға белгіленген нысаналы индикатор қазір 63% орындалған. Былтырмен салыстырғанда өсім 2 есеге өскен. Өңірде жобаларды жүзеге асыру, ілгерілету және инвесторлардың проблемасын шешу үшін бар күш-жігер жұмсалуда», – деп атап өтті Инвестициялар комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев.
«Kazakh Invest «ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов инвестициялық жобалардың ұлттық пулы құрылғанын, оған 33 трлн теңге сомасында 850 жоба енгізілгенін хабарлады.
«Ақтөбе облысының үлесіне 1,5 трлн теңге болатын шикізаттық емес сектордағы 42 ірі жоба кіреді. Облыс өндірістік бағытта жақсы дамыған. Біз қолдайтын және инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасайтын жобалардың бірі – Ә.Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай базасында жылына кемінде 1 млн тонна жүк айналымы бар мультимодальды көлік-логистикалық хаб құру», – деді Мейіржан Юсупов.
«Ауыламанаты» жобасыбасталды
Бұдан өзге, аймақта тағы бір маңызды шара – ауыл халқының табысын арттыруды көздейтін «Ауыл аманаты» жобасы ресми түрде бастау алды. Өңір басшысы Ералы Тоғжанов жобаға қатысатын ауылдар толық тексеріліп, олардың әлеуметтік портреті анықталатынын айтты.
«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы ел экономикасының жаңа қозғаушы күші болатынын айтып өтті. Бұл салада 350 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылады. Жалпы, кооперативтерді дамыту үшін бюджеттен 1 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалады. Президент тапсырмасына сәйкес, алдағы үш жыл ауылдық аумақтарды барынша дамытуға арналады. Ақтөбе облысы Мемлекет басшысының тапсырмасын алғашқылардың бірі болып орындап жатқанын мақтанышпен айта аламын. «Ауыл аманаты» жобасына қатысатын ауылдар толықтай скринингтен өткізіліп, олардың әлеуметтік портреті анықталды. Тексеріс нәтижесінде нақты жұмыссыздар мен өзін-өзі қамтушылар саны, әр отбасының табысы айқындалды. Сондай-ақ мал және құс етімен, көкөніспен қамтамасыз етілу деңгейін, дамытуға қажетті өндіріс түрлерін белгіледік», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Жобаға барлық 12 ауданның 24 ауылдық округінің 42,4 мың тұрғыны қатысады, олардың жартысынан астамы экономикалық белсенді халық санатына жатады. Бұл ауылдарда 747 тұрғын жұмыссыз ретінде тіркелген, ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған және тұрақты табыс көзі жоқ тұрғындар саны 5 мыңнан асады. Атаулы әлеуметтік көмекті 151 отбасы алып отыр.
Ауыл халқымен алдын ала кең көлемді түсіндіру жұмысы жүргізілді. «Ауыл аманаты» жобасы аясында олар құс және өсімдік шаруашылығын дамыту, кооперативтерді жабдықтау, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және тамақ өнімдерін шығару үшін шағын және орта бизнес ашу және дамыту бойынша 2 772 жобаны жүзеге асыратын болады.
«Жобаны қаржыландыруға биыл республикалық бюджет есебінен 3 млрд теңге бөлінді. 2023 жылы қаражат көлемі артады. Сонымен қатар ауыл тұрғындарына бөлінген қаражаттан бөлек ірі шаруа қожалықтары есебінен тауарлық несие ретінде 6 мың басқа жуық мал беретін боламыз. Осы сәтті пайдалана отырып, ірі шаруашылық басшыларына ризашылығымды білдіргім келеді. «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлік ашуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр аудан, ауыл бойынша әлеуметтік-экономикалық кешенді жоспар әзірлеуге тапсырма бердім», – деп түйді Ералы Тоғжанов.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша қаражат беру тетігі барынша жеңілдетілген. Ел тарихында тұңғыш рет жобаға қатысушылар ауылдағы үйін кепілге қоя отырып, 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие, сонымен бірге қарыздың жалпы мерзімінің алғашқы үштен біріне кредиттік демалыс ала алады. Револьверлік әдіспен қайтарылатын қаражат жаңа жобаларды қаржыландыруға бағытталады. «Ауыл аманатына» қатысушылар жеке қосалқы шаруашылықтар ретінде кооперативтердің құрамына кіреді. Бұл ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 50 пайызға дейін субсидия алуға, өнімді қайта өңдеу және өткізу процесін жүйелеуге мүмкіндік береді.
Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде оған қатысатын елді мекендердегі жұмыссыздық деңгейі 41,4% төмендейді, атаулы әлеуметтік көмек алатындар қатары 885-тен 449-ға азаяды. Сондай-ақ тұрғындардың орташа табысы 172 мың теңгеден 330,3 мың теңгеге, екі есе артады деп болжануда.