«Жасың қаншаға келсе де, жаның қалайтын кәсіпті табудың кештігі болмайды екен. Әйтпесе, дәл осындай қолөнермен айналысамын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген екен. Ең болмаса бала күнімде де бұл қасиетті бойымнан байқаған жоқпын. Тіке тұрып, тіке жүріп қағаздан бас алмайтын жұмыстан бірден тігін машинасына отыру маған бұйырған бақ шығар. Қазір осы жұмыстан ләззат аламын», – дейді кейіпкеріміз.
Әйгерім 30-дан асып, тұрмыс құрады. 32 жасында бала күтіміне орай ұзақмерзімді декреттік демалысқа шыққаннан кейін бір күні өз-өзінен бір заттарды тіккісі келіп құмары артады. «Аяғым ауыр еді, перзентханаға кететін күнім жақындаған. Қайдан келгенін білмеймін тігуге деген бір құмарлық, күш пайда болды. Алдымен «макраме» деп аталатын жіптен түйін тоқуды бастадым. Мамам «әйел аяғы ауыр кезде тоқуға болмайды, іште балаң оратылып қалады» деп қанша ұрысса да, бойыма дарыған күштен арыла алмай тұрмысқа қажетті бірнеше зат тоқып тастадым. Сәнді қол сөмкесін де тоқып көрдім. Әр өнім біткен сайын тоқуға деген қызығушылығым арта түсті. Бірақ өкінішке орай, қажетті материал, яғни шикізат тапшылығы қолбайлау бола бастады. Интернетті ақтарып, инстаграмды қарап шикізат іздедім. Тіпті Шымкент қаласындағы мата, жіп сататын дүкендерді түгелге жуық араладым. Еліміздің үлкен қалалары Алматы, Астананы да сүзіп шықтым. Бірақ мен іздеген жіп табылмады. Жалпы Қазақстанда шикізат тапшылығы бар екенін сол кезде аңғардым», – дейді Әйгерім Нұрмұғамбетқызы бізбен әңгімесінде.Сонымен шикізат Мәскеуден табылады. Тоқыма жібін кәдімгі жіптен жасайтын Лена есімді келіншек үйінің бір бөлмесін студияға арнапты. Арнайы машинкасы да бар екен. Әйгерім көрсе көз тояр жіптердің түр-түрінен тапсырыс береді. Тапсырысы келген соң өзі ойлап жүрген ерекше тәсілдегі әдемі қол сөмкелерді тігуді бастап кетеді. Одан бөлек, үйге қажетті түрлі көлемдегі табақ астына қоятын, косметика салатын, нан салғыштар тігуді де қолға алады. Әйгерімнің туындылары негізінен сыйлық жасауға таптырмайтын дүниелер. Экологиялық таза, ерекше, қайталанбайтын қолөнер туындысы кімді де болса қызықтырмай қоймайды. Бастапқыда қаржысының жеткенінше үйге арналған арзанқол тігін машинасын алады. 5-6 айдан соң кәсіби өндірістік тігін машинасына қол жеткізеді. Сәл күннен кейін өндірістік тағы бір машина, бұл жолы су жаңасын сатып алады. Осылайша жұмысын бастағанына бір жыл енді толған Әйгерім өндірісін кеңейтіп, клиенттерін де көбейтті. Тіпті тігінші жалдап, өзгені де жұмыспен қамтыған.
«Тауарларымды Шымкент қаласындағы 2 дүкенге өткіземін. Екеуі де орталықта адам қарасы көп жүретін жерде. Негізінен сыйлық ретінде көп өтетіндіктен мереке қарсаңында, сосын жазғы шомылу маусымында сауда жақсы болады. Сұраныс сыйлықтар жиынтығына, жазғы сөмкелерге көп түседі», – дейді ол. Бірақ шикізаттың тапшылығы тігіншіге көп зардап тигізіп келеді екен. Бүгінде негізінен джуттан тігуді қолға алыпты. Экологиялық табиғи таза өнім болып табылатын джутқа сұраныс да көп. Джут – ол кендір жіптің жіңішке түрі. Табиғи иісі де бар. Бірақ түрлі-түстіні ұнататын кейбір тапсырыс берушілер үшін синтетикалық өнімді де қолдануға тура келеді. «Табиғи өнім ескіріп, жерге түскенде шіріп жоқ болып кетеді. Ал шнур жіп синтетика болған соң жерде 100 жылдап шірімейді. Сондықтан қазір халық экологиялық табиғи таза өнімді көп сұрайды», – дейді Әйгерім. Әйгерімнің өнімдері Алматы және Астана қалаларында ғана бар екен. Шымкентте жалғыз өзі осы істі дөңгелентіп отыр. Алайда үлкен қалаларда баға 2-3 есеге қымбат. Бір жылда 5-6 млн теңге көлемінде тауар айналым жасаған ол енді өндіріс орнын бұдан әрі де ұлғайтуды көздеп отыр. Тұрмысқа қажетті заттарды көбейтпек. Ерекше үлгідегі ас үй пердесін, сүлгі мен майлықтың сыйға ұсынатын түрін шығаруды да жоспарлап қойыпты. «Үшінші мегаполистің орталығынан дүкен ашып, қажетті шикізатты да өндіруді қолға аламын», – дейді кейіпкеріміз.
Шымкент қаласы