Әйелі 4 баласымен тастап кеткен: Семейде сотталған жалғызбасты әкеге 3 бөлмелі пәтер сыйға берілді
Әйелі 4 баласымен тастап кеткен: Семейде сотталған жалғызбасты әкеге 3 бөлмелі пәтер сыйға берілді
Фото: видеодан алынды
793
оқылды
Семейде тұратын көпбалалы жалғызбасты әке ұрлық жасағаны үшін сотталды. Алайда үкім шыққан соң оның өмірі түбегейлі өзгерді, – деп хабарлады «Астана» арнасы. Серікжан Аманқұлов 2 қыз бен 2 ұл тәрбиелеп отыр. Үлкен қызы бірінші сыныпта оқиды, кіші ұлы 2 жаста. Жалғызбасты әкенің айтуынша, әйелі оны балаларымен бірге тастап, бір жыл бұрын тұрмысқа шығып кеткен. Серікжан отбасын табыс тауып, асырамағанын мойындайды. Мүгедек ағасы мен анасының зейнетақысына күн көріп келген. Кейін қылмысқа барған. Аккумулятор ұрлаған.
«Мен жоқшылықтан қателікке ұрындым. Енді ғана қателескенімді ұғып, дұрыс жолға түстім», – дейді ол.
Серікжан шартты түрде сотталған. Пробация қызметі қайырымдылық қорлары және еріктілермен бірлесіп, оған 3 бөлмелі пәтер сатып алып берді. Баспананы жабдықтап, несиесін төлеп, қалған жарты миллион теңгені өздеріне берген. «Әуезов ауданы пробация қызметінің инспекторлары Серікжанның әлеуметтік жағдайын саралап, қоғамдық қорлар мен еріктілерден көмек сұрады. Өздері де көмектесті. Азық-түлік, балаларға киім-кешек пен мектепке қажет құрал-жабдықты сатып алып берді», – дейді Абай ауданы ҚАЖД Семей қаласы пробация қызметінің бөлім бастығы Бауыржан Малгаждаров. Қазір Серікжан жұмысқа орналасқан. Жүргізуші болып жұмыс істейді. Үйде де бәрі дұрысталғанын айтады.
«Маған үйде анам көмектеседі, балаларымды бағып-қағады. Уақытымның көбін жұмыста өткіземін. Жұмыстан соң балаларыма қараймын», – дейді көпбалалы әке.
Жалғызбасты әке бір жыл бұрын жағдайы осылай түзеледі деп ойламағанын айтып, қол ұшын созған қайырымды жандарға алғысын жаудырды.