"Қазақстан – Қырғызстан: 30 жылдық достық пен ынтымақтастық" дөңгелек үстелі өтті
"Қазақстан – Қырғызстан: 30 жылдық достық пен ынтымақтастық" дөңгелек үстелі өтті
2022 жылғы 4-5 қарашада бағзыдан бауырлас көршіміз  қырғыз елінің астанасы Бішкек қаласында «Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығының» 30 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар басталды. Қазақ-қырғыз елдері ежелден-ақ тамыры терең тату көршілік орнатып, баяғыдан-ақ барыс-келіс пен алыс-беріс аясы анағұрлым кеңейген мүдделес мемлекеттер екені бесенеден белгілі. Қырғызстан біз үшін тамырлас, тағдырлас және бауырлас мемлекет. Екі ел арасында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық аясы кеңейе түсуде. Елдеріміз аймақтық және жаҺандық мәселелерде өзара ықпалдастық пен ынтымақтастыққа аса маңыз беруде. Соның арқасында қазір қазақ-қырғыз қатынасы жаңа деңгейге көтерілді деуге толық негіз бар.  width= Биыл Тәуелсіз ел ретінде Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдық мерекесі ұлтымызды ұйыстырған қауымдастықтың мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Ел тыныштығы мен тұрақтылықты, Қырғызстанды мекен еткен халықтар арасындағы достық, ынтымақтастық қатынастарды нығайта түсуге Қырғызстандағы қазақ қауымдастығы да зор септігін тигізіп жүр. Мерекелі мерейтой аясындағы алғашқы іс-шара Қырғыз Республикасының Алықұл Осмонов атындағы Ұлттық кітапханасында «ҚазақстанҚырғызстан: 30 жылдық достық пен ынтымақтастық» атты отырыспен басталды. Дөңгелек үстелдің басты себебі - азаттықтың ақ таңымен қатар келген «Қырғызстан қазақтары қауымдастығының» 30 жылдық мерейтойы болғандықтан ауқымы кең іс-шара ежелден еншісі бір егіз халық қырғыз бауырлармен бірлесе ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел Қырғызстан Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрінің құттықтауымен басталды. Қазақстандық делегацияны бастап барған «Отандастар қорының» президенті Абзал Сапарбекұлы осы мерейтойдың жоғары деңгейде атап өтілуіне айрықша ықылас білдірген Қырғызстан басшылығына, Қырғызстанның Халықтар ассамблеясына, Қазақтар қауымдастығына, қоғамдық ұйымдарға, жанашыр ағайындар мен белсенді қандастарға риясыз ризалық білдіріп, ақжарма алғысын айтты. Абзал Сапарбекұлы өз сөзінде бір-біріне деген осындай ыстық ықыласты қатынастың іргесін қалыптастырған Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Шаханов сынды екі ұлттың ұлы тұлғалары екенін мақтанышпен атап өтті.  width= Өз кезегінде жылы лебіз білдірген Қырғызстан Халқы ассамблеясының төрағасы, атақты академик Абдығани Эркебайұлы Эркебаев та ежелден тату екі елдің арасындағы берік достықтың тарихи тамыры терең екенін тебірене жеткізді. Өзінің де қазақ достары көптігін мақтан тұтып, олардың жақсы қасиеттерін дәріптеді. Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы тұңғыш елшісі, Қырғыз Республикасының халық ақыны Мұхтар Шахановтың жан тербетер жақсы сөздері елді еріксіз елжіретті. «Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс досым фәниден бақиға озғалы жаным жабырқап, жалғыз қалғандай күй кешіп жүрмін» деген бір ауыз сөзінің өзі тонның ішкі бауындай, бірге туған бауырдай екі елдің егіздей үйлесімінің үлгісі болды. Жасампаз халықтардың жарқын болашағы жастардың қолында екенін айтқан ақиық ақын өскелең ұрпаққа өлеңдете бата берді.  width= Тұғырлы тұлғадан кейін сөз алған тараптар тату көршілік саясатын дамудың жаңа сатысына көтеру жөнінде келелі сөз қозғап, ой-пікірлерін ортаға салды. Жайма шуақты әңгіме ауанымен аяқталған жиын соңында алыс-жақын шет елдердегі қалың қазақтың қамын ойлайтын «Отандастар қорының» басшысы Абзал мырза көршілес елдегі қандастар қауымына атажұрттың атынан арнайы «Қоржын» топтамасын тарту етті. Естен кетпес естелік ретінде қазақтың қасиетті домбырасынан бастап, ұлттық киімдер, бағалы кәдесыйлар ұсынып, ұлттық құндылықтарымыз тағы бір ұлықталды. Кездесуде арқа-жарқа көңілмен жараса қауышып, қуана тарасқан қандастар мен көңілі тату көршіміз қырғыз ағайындар кешкілік шекаралас Жамбыл облысының Кенен Әзірбаев атындағы филармониясы өнерпаздарының мерейтойға арнайы ала келген ән-шашуын тамашалады. Тараздық сахна саңлақтары мерейтой қонақтарының мейірін қандырып, қандастарымыздың абыройын асырды. Бішкек қаласын қазақтың халық әндерімен әлдилеп, қырғыз аспанын күй күмбірімен тербеткен өнер кеші көпшіліктің жадында жатталып, көрермен көңілінде көпке дейін сақталып қалары анық.