Биыл Алматыда өтетін Kitap Fest kids фестивалі Қазақстандағы Балалар жылына арналады. Ұйымдастырушылар іс-шарада балаларға ғана емес, бүкіл кітап оқырмандарына қызықты бағдарлама ұсынуды жоспарлап отыр. Анық-қанығын Kitap Fest-тің бас үйлестірушiсi Майра Әлжанова айтып берді.
– Кitap Fest фестивалін өткізу дәстүрге айналды десек те болады. Жылдан-жылға көрермені, яғни оқырманы көбеюде. Ең жас оқырманыңыздың жасы нешеде?
– Kitap Fest – 2014 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан мәдени-бұқаралық іс-шара. Биыл 8 рет өткізілмек. Осы уақыт аралығында Kitap Fest танымал қазақстандық авторлар мен баспагерлердің қатысуымен 150-ден астам кітаптың тұсаукесері өткен шығармашылық ортаның ауқымды әрі бірегей алаңына айналды. Карантинге байланысты өткізе алмағанымызды есепке алмағанда, жұмысымыз үзілген емес. Бастапқыда шараға мыңға жуық оқырман жинасақ, бүгінде 10 мыңнан аса оқырманның басын бір жерге тоғыстыра алдық. Бүгінде фестивалімізді еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін біледі. Мұнда әрбір оқырманның жас ерекшелігіне байланысты түрлі іс-шаралар, ойындар ұйымдастырылады. Жалпы, осы шараны шалғай елдімекендер мен облыстарда өткізуді сұрап жататындар да бар.
– Биылғы фестивальдің қандай жаңалығы бар? Ерекшелігі неде?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биыл Балалар жылы болып белгіленді. Сондықтан осы жолы фестиваліміз Kitap Fest kids деп балаларға арнауды жөн көрдік. Сондықтан балалар әдебиеті, балалар жазушыларына ерекше мән беруге тырыстық. Бір-екі жылда балаларға арнап кітап жазған авторлармен кездеу өткізіледі. Жаңадан жарық көрген басылымдардың тұсауы кесіледі. Кітап дүкендері мен баспа үйлері балаларға арналған кітап жәрмеңкесін өткізеді.
Ауыл мектептерінің кітапханасына кітап көп жеткізіле бермейтіні белгілі. Соны ескеріп «Ауылға кітап» бастамасын қолға алдық. Яғни, фестивальге келген әрбір қонақ, өзімен бірге кітап әкелуіне не болмаса жәрмеңкеден сатып алған кітаптарын «Ауылға кітап» деген сөреге қойса болады. Артынан жиналған кітаптарды шалғай аудандардағы мектептердің кітапханасына жеткізіп береміз. Бұған тек бірлі-жарым адам ғана емес, үлкен компаниялардың да қатысуына болады. Оған қоса, фестиваль аясында үлкен кітап алмасу шарасы өтеді. Қонаққа келушілер қолындағы кітабын басқа оқырманның кітабымен алмастыра алады. Тіпті, балаларға арналған ойын-сауық та ойластырылған. Бір сөзбен айтқанда, әрбір келген оқырман өзіне керекті дүниесін алып, уақытын қызықты өткізеді деп сенеміз.
– Осындай ауқымды шара өткізген сайын біршама тәжірибе жиналады. Сол тәжірибеге сүйене отырып, қазір әдебиеттің қандай саласы ақсап тұрғанын айта аласыз ба?
– Әлемдік жазушылардың санымен салыстырсақ, әрине, бізде жазушылар өте аз. Ол тек балалар әдебиетінде ғана емес, бүкіл жанр бойынша алсақ та бізде жазушылардың қарасы аз. Мысалы, кез келген кітап дүкеніне кірсеңіз, кітаптар тізіліп тұрған оншақты сөренің тек біреуі ғана қазақтілді кітаптар тұрады. Осыған қарап-ақ, біз әлі де жан-жақты жұмыс істеп, көп дүние жазып, жарыққа шығару қажет екенін түсінеміз. Қазір жасөспірімдерге арналған әдебиет өте аз. Мәселен, 10-16 жастағы балаларға арналған шығарма мүлдем жоқтың қасы. Бар болса да, шетелдік әдебиеттен аударылған кітаптар. Міне, осы сала ақсап тұр. Оның үстіне, бұл салада екі-үш қана автор бар. Онда да аудармамен айналысатын бір ғана баспа. Ал олардың жылына шығаратын 2-3 кітабы біз үшін тым аз. Сондықтан оларды қолдауымыз керек. Жас жазушылар мен баспалардың табысып қана қоймай, өз оқырманын тауып, жұртты кітап оқуға шақырады. Әрине, өткенмен салыстырғанда, соңғы 3-4 жылда жас авторлар бар. Мысалы, Гүлжан Сәрсенова деген жас жазушы Гүлсу деген балаларға арналған үш тілді кітабын шығарған. Соның 200-ден астамын ауыл мектептеріне беруге бізге тапсырып отыр.
–Әңгімеңізге рақмет!