Ресей Қазақстанның астығын Орталық Азиядан ысырып шығаруға дайын. Ташкенттегі астық форумында РФ өкілі жариялаған бұл суыт мәлімдеме отандық аграршылар арасында үлкен резонанс тудырды. Олар осы процестің басталып кеткенін айтып, дабыл қақты. Өйткені қазақ бидайының орталықазиялық нарықтан басқа ірі нарығы қалмаған: басқасын кезінде сол солтүстік көрші тартып алды. Бұл жағдайда ауыл шаруашылығы қалай дамымақ? Жаңа астықтың бір бөлігі қазір далада, тұйықтарда дағдарған ашық вагондарда, жаңбыр астында қалған көрінеді. Ел нанды да шетелден таси ма? Өзбекстан астанасында өткен Caspian&Central Asia Grain Forum жиынында РФ Астық экспорттаушылары одағының басшысы Эдуард Зернин қазіргі кезде Өзбекстан мен Тәжікстан бидайдың 90%-ын Қазақстаннан импорттап отырғанын, бірақ Ресей бұл нарықты белсенді түрде игеріп, Қазақстанды ығыстыруға ниетті екенін жеткізді. Ол Ресейдің осы аймақтағы импорттаушыларды қызықтыра алар «бәсекелі ұсыныстар» қалыптастыруға әзір екенін мәлім етті. Одақ басшысы Ресейдің орталықазиялық нарықты екі факторға байланысты аса перспективті санайтынын жеткізді. Біріншіден, аймақтың барлық дерлік елінде халық саны тез өсуде. Екіншіден, климаттық өзгерістер салдарынан құрғақшылық күшейіп, егін шаруашылығы үшін қолайсыз ахуал туындай бастады. Өңірде шөл басу үрдістері ушықты, құм астында қалған, тұзы бетіне шыққан сортаң жерлер қаптап, олар егіс салуға жарамай қалып жатыр. Ал өзен-көлдерге бай Ресейге қуаңшылық көп қауіп төндірмейді деп есептеледі. Яғни, РФ болашақта Орталық Азияны астықпен жалғыз өзі қамтуға құмартты. Мысалы, қазақ астығын ресейлікпен алмастыруды жоспарлап отырған Тәжікстан бидай импортын 2021 жылғы 1,1 млн тоннадан 2024 жылы 1,4 млн тоннаға ұлғайтады. Ал Өзбекстан 2022 жылғы қаңтар-мамырда бидай мен ұн импортын былтырғыға қарағанда бірден 30%-ға арттырды. Әзірге мұның бәрін Қазақстан қамтамасыз етіп, табысын ұлғайта алды. Дегенмен Ташкенттегі форумда Қазақстанның өзі болашақта шетелдік импортқа тәуелді болып қалуы мүмкін деген жорамалдар айтылды. «Су тапшылығының өршуі және қазақстандық бидай шығымдылығының 2030 жылға қарай 40%-ға құлдырауы салдарынан Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктері шектеледі, тіпті бұл ел бидайды шетелден таси бастауға мәжбүр болуы мүмкін. Онда Қазақстан жылына 8 миллион тоннаға дейін ғана бидай өндіре алады. Ал бұл республика халқының ішкі тұтынысын өтеуге де жетпейді» делінген форумнан тараған ақпаратта. Еліміз қазіргі кезде жылына шамамен 6 миллион тонна бидай тұтынады. 2030 жылға қарай ішкі сұраныс он миллионнан асып кетуі ықтимал. Бірақ отандық аграршылар дәл қазір сондай қауіпті сценарийдің жүзеге асуына негіз аз дейді. Жуырда Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы ел экономикасының жаңа қозғаушы күшіне айналатынын хабарлады. Соның ішінде алдағы үш жыл, яғни 2023-2025 жылдар «Ауылдық аймақтарды барынша дамыту жылдары» болады. Оның аясында игерілмей, арамшөп, зиянкестер басып, бос жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстарын тың қарқынмен жалғасады. Ауылдық жерлерді дамытудың кешенді тұжырымдамасы қабылданады.
«Суармалы егіншілікті дамыту басты бағытқа айналып, оның жалпы көлемі 2 есе артады. Су – ең қымбат қазына. Су үнемдейтін технологияға айрықша көңіл бөлінеді. Біз ұзындығы 3,5 мың шақырым суармалы каналдарды қайта жаңғыртамыз. 25 бөген салынады. 16 су қоймасын күрделі жөндеуден өткіземіз», – деді ел Президенті.Ендеше Тәшкенттегі форумда айтылған үрейлі болжамдар орталықазиялық елдерді қазақ астығынан теріс айналту үшін жасалған «дезинформация», бақталастық қатаң тайталастағы ақпараттық шайқастың элементі болса керек. Іргедегі нарықтардың есігі жабыла ма? Ауыл шаруашылығына қатысты президенттік ғаламат бағдарлама толыққанды жүзеге асырса, онда экспорт нарығын кеңейту мәселесін шешу қажет болады. Әйтпесе, мол астық қар мен жаңбыр астында босқа шірімек. Жаһандық нарықты қадағалап отыратын АҚШ Ауыл шаруашылығы департаментінің дерегінше, Қазақстанның астық экспортының дәуірлеген кезі 2000-жылдардың басына келіпті. 2006-2007 маркетинг жылында қазақ бидайы Солтүстік Африка, Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің нарығына шыққан. Тіпті, Америка сауда орындары сөрелерінен қазақстандық ұнды табуға болатын. Қазақстан бидай экспорттаушылардың әлемдік ондығына кірді, жан басына шаққандағы ұн экспортының көлемі жөнінен №1 болды. Дүниежүзіндегі бидай экспортының 3%-ы елімізге тиесілі болды. Президент 2010 жылы астық экспорттаушылардың бестігіне ену міндетін қойды. Алайда артынша республика шетелдік нарықтарын бірінен соң бірін жоғалта бастады. Бұған бірнеше фактор ықпал етті. Ел Үкіметі тасымалды субсидиялауды доғарды, астықты алысқа тасу тиімсіз болып қалды: тасымал құны қосылып, бағасы өсіп шыға келді, бәсекелестікте ұтылды. Бұған қоса, рекордтық көлемде астыққа кенелген Ресей өз жерімен өтетін қазақ бидайының экспортын шектеді, өз бидайы тасылып болғанша, теміржол вагондарын бермеуге тырысты. Содан Қазақстан іргесіндегі Орталық Азия және Ауғанстан нарығымен шектелді. Бидай, ұн және майлы дақылдарын негізінен соларға өткізеді. Сарапшылар бұл нарықта алдағы 2-3 жыл ішінде бидайға деген сұраныс үштен бірге ұлғаяда деп болжады. Дегенмен ел енді ол нарықтан да айырылуы ықтимал. Украинадағы соғыс үшін батыстың ауыр санкциясына душар болып, оқшауланған Ресей биылғы аста-төк астығын қайда жіберерін білмей отыр. 3 қарашадағы дерекке жүгінсек, биыл РФ рекордтық 150,97 миллион тонна бидай жинады. Бұл былтырғыдан 30,18 миллион тоннаға артық. Салыстырар болсақ, Қазақстан 2022 жылы 16 миллион тоннадан астам бидайды қамбаға құя алды.
«Теміржолдар астық жаппай орыла бастағалы жеткізілімдердің үдемелі түрде артуын қамтамасыз ете алмады. Бидайды, ұнды, басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін тиеп, жөнелту мерзімдері бұзылуда. Салдарынан, қазақстандық жеткізушілер сенімді серіктес мәртебесінен айырылады. Бұл Орталық Азиядағы клиенттерімізді Ресейдің құшағына итермелейді. Біз экспортты қалыпты жолға қоя алмағандықтан, дәл қыстың қарсаңында Орталық Азия мен Ауғанстандағы контрагенттеріміздің қоймалары бос қалды. Ресейлік трейдерлер оларға барып, бізден бас тартса, ұдайы, үздіксіз жеткізілімдермен қамтуға уәде береді. Серіктестеріміз біздің тасымалға қатысты проблемаларымызды шешуімізді күтіп отыр. Бірақ бұл ұзаса, олардың шыдамы таусылады да, ресейлік астыққа көшіп алады», – деп алаңдады Е.Карабанов. Оның түсіндіруінше, отандық теміржолдағы бөгелістерге Қытайдан Еуропаға қарай жүк транзитінің еселеп артуы себеп: «Қазақстандық жүктерге қарағанда, транзиттік тариф теміржолшыларға екі есе көп пайда табуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, Қытай аттандырған контейнерлер Қазақстан аумағы арқылы тәулігіне 1000 шақырым жылдамдықпен жүйткіп өтеді. Ұшқыр жылдамдыққа қол жеткізу үшін магистралды локомотивтер бірінші кезекте соларға қызмет көрсетеді. Ал біздің экспорт дағдарды, бидай жаңбырға бөгіп далада, вагондарда жатыр», – деді журналистерге Евгений Карабанов.Мұны ұлттық компания растамады: теміржолшылар локомотивтердің жетіспеуіне көмірдің, астықтың ел ішінде, облыстар арасында басымдықты түрде тасылуы ықпал етіп отырғанын алға тартты. ҚТЖ желісі арқылы қазан айында 1,5 млн тонна бидай мен ұн тасымалданыпты, оның 1,2 млн тоннадан астамы экспортқа бағыт алған. ҚТЖ хабарлауынша, биылғы қазанда бидайды тиеп, жөнелту көлемі 2021 жылғыдан 26% асып түскен. Соның ішінде 800 мың тонна бидай шетелдік нарыққа жол тартты, бұл былтырғы қазандағыдан 41%-ға жоғары. Ұн жөнелтілімі 32%-ға, 313 мың тоннаға дейін өсті. Соның ішінде экспортқа 247 мыңы жіберілді, бұл өткен жылғыдан 75%-ға көп. Тасымал уақытын қысқарту үшін маршруттар бекітіліп, олар бойынша жүк пойыздарының тұрақты қозғалысы ұйымдастырылыпты. Нәтижесінде, ұйымдасқан маршруттардың орташа жылдамдығы тәулігіне 670 шақырымды құраған. Қазанда астық тиелген 181 пойыз аттандырылды. Оның 155-іне – бидай, қалған 26-сына ұн артылды. Жалпы, бұл жерде мемлекетке арқа сүйеп, бар мәселесін шешуді соған арта салуға отандық трейдерлердің жаман үйреніп алғаны назар аудартады. РФ Астық экспорттаушыларының одағы сияқты қазақстандық қаптаған салалық қауымдастықтар да шетелдік нарықтарды игеру үшін әлемді шарлағаны жөн. Олар да шетелдік импорттаушыларды Ресейден теріс айналта алатын дәйектемелер таба алады. Мысалы, ондай контрагенттер қайталама санкцияға ұшырауы ықтимал. USDA сарапшыларының бағалауынша, 2022-23 маркетинг жылында Өзбекстан 8,7 млн тонна бидай тұтынбақ. Оның 3,5 млн тоннасын импорттауды жоспарлады. «Уздонмахсулот» басқарма бастығы Шероли Донаев өз елінде қазақ бидайына деген сұраныс тек арта беретінін жеткізді: ол бидайды өзбектер тартып, ұн түрінде өзге елдерге экспорттайды. Ш.Донаев 10-11 қарашада Астанада өтетін астық конференциясына қатысуға келеді. Сонда қазақстандық астық сатушыларға өзбек нарығына қалай шығуға болатынын түсіндіріп, презентация жасайтын болды. Мұның сыртында вице-премьер – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин жариялаған жаңалық та үміт отын жақты: Қазақстан Иранда бидай терминалын салуға ниетті. Иран Бандар-Аббас портында 15 гектар жер бөлуге дайын екен. Жоба жүзеге асса, қазақ елі Каспий арқылы өз астығымен Пәкістан, Үндістан, Оңтүстік-Шығыс Азия, Шығыс Африка елдеріне шыға алады. Демек, Қазақстан үшін Ресейдің аймаққа экспансиясына тойтарыс беріп қана қоймай, болашақта нарықтарды ары қарай кеңейту мүмкіндіктері бар.