Цифр өзгерді, жастар саясаты түрлене ме?
Цифр өзгерді, жастар саясаты түрлене ме?
680
оқылды
Жастар санатын 14-тен 35 жасқа дейін көтеру күн тәртібінде тұр. Мемлекеттік жастар саясаты туралы жаңа заң қабылданғалы жатыр. Алайда бұл турасында кереғар пікірлер де бар. Жалпы, еліміздегі жастар саясаты – ауқымды мәселе. Пікір қақтығысы Жастар саясаты төңірегінде мәселе жетерлігі белгілі. Қазір жастар санатына жататындар төрт миллионнан асады. Егер жаңа заң қолданысқа енсе, цифр 6,2 миллионға жетеді. «Мемле­кеттің мұнша жастар ағынын қамтуға ресурсы жете ме?» дей­тін сұрақ туары заңды. Өйткені рес­ми дерек бойынша Қазақ­стан­да 90 мың студентке жа­тақхана жетпейді. Ал Алматының өзінде 20 мың жас студент үйіне орналасуға зәру. Жастар әлеуетін көтереміз деп бюджеттен қаржы бөліп, түрлі бағдарлама қабыл­да­ғанымен жастардың белгілі бір бөлігі бұдан хабарсыз екені рас. Мәселен, Жастар жылын өткізу жөніндегі Жол картасы бойынша 80-нен астам іс-шара өткізуге 130 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Жұмыссыздықпен күресу мақса­тын­да «Жас маман», «Жас кәсіпкер» бағдарламасын жүзеге асыру қарас­тырылып, 100 қажетті мамандық бойынша мамандарды дайындау жоспарланды. Сонымен қатар «Дип­ломмен – ауылға!», «Менің алғашқы жұмыс орным» және тағы басқа бағ­дарлама бар. Айталық, жұмыспен қа­мту – жастар саясатының басты мә­селесі. Мысалы, жыл сайын елі­мізде орта есеппен 120-130 мың жас мектеп бітіреді. Ал шамамен жас­тардың 9%-ы білім алуға не болмаса еңбекке тартылмаған. Айналып кел­генде, жастар санатын көтерудің экономикалық және идеологиялық тұрғыда кемшін тұсы болуы мүмкін. Әлеуметтанушы Серік Бейсем­баевтың айтуынша, жастар санатын көтеру жайын экономикалық салдар тұрғысынан қарастыру керек. Мә­селен, жастар категориясы тара­пы­нан түрлі әлеуметтік бағдарламаға қатысуға мүмкіндік бар. Бұған тұр­ғын үйге, бизнеске және тағы бас­қа­сына қатысты жоба кіреді. Санатты көтергенде сәйкесінше үміткер саны да көбейеді. Бұл мемлекетке эконо­м­икалық салмақ түсіреді. Сол үшін шешім нақты қабылдаған жағдайда бюджеттен қанша қаражат кететіні ашық айтылғаны жөн.
«Идеологиялық жағына келсек, мұның астарында популистік идея болуы мүмкін. Өйткені жастардың жан­ды тұсы – әлеуметтік қолдау. Сон­дықтан осы артықшылықты мем­лекеттік саяси режимді қолдау мақ­сатында қолдану мүмкін. Мы­салы, жастардың қозғаушы күш екенін Қаңтар оқиғасынан-ақ бай­қадық. Одан бөлек, әлеуметтік бағ­дарламаның тиімсіз ұйымдасты­рылуы, жемқорлық та – мәселе. Елі­мізде 4,3 млн жас бар. Санат кө­терілсе, цифр өседі. Мемлекет бәрін әлеуметтік тұрғыда қамти ала ма? Сол себепті екі жақтан алып қарасақ та, кемшін тұсы білініп тұр. Бұл – прагматикалық шешім емес. Мұндай категория статистикалық мекемелер үшін маңызды. Қарасаңыз, ДСҰ 45 жасқа дейінгі тұлғаның бәрін жас санатына жатқызады. Сол секілді бұл жерде нақты рационалды шешімнен гөрі, саяси шешім басым көрінеді. Жалпы, жастар саясаты нақты қай бағытта дамуы керек? Елімізде мұны жалпылама қарастырады. Одан жастар мәселесі шешілмегенін біл­дік. Айталық, жатақхана мәселесі шықты. Менің ойымша, жастар сая­саты тығырыққа тірелген. Осындайда әр аймақ жеке-жеке қаралғаны дұ­рыс. Жалпылама шешімнің қажеті жоқ. Мұндайдан тек белсенді сту­дент­тер мен жастар пайда көреді. Жұ­мыспен қамтылмаған жастар же­терлік. Меніңше, мемлекет тұр­ғын үймен қамтуды бәрібір шеше ал­майды. Шын мәнінде, әр аймақ­тың қажетілігі қандай, жастарды қай бағытқа жетелеу керегі ішінара іріктелгені дұрыс. Осыған қатысты кішігірім жоба мен іс-шара бектіліп жүзеге асырылса. Қазіргідей жоғары жақта бірорталықтандырылған бағдарлама жасап, оны облыс пен аймақ деңгейіне түсірмей, керісінше жүзеге асырған абзал. Мысалы, қалада актуалды бағдарламаның кей аймаққа қажеті де жоқ», – дейді әлеуметттанушы Серік Бейсембаев.
Бұдан ары санатты көтеру тура­сында сарапшылар 14 жасты 16 не 18 жасқа көтеру жайын айтады. Себебі 14 жастағы жасөспірімге санатқа сай белгілі бір құқыққа ие болу керек. Ал елімізде 14 жастан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер аптасына 24 сағаттан аспайтын уақытта жұмысқа тар­ты­ла­ды. Мәселен, мұндай жастағы жа­с­өспірімнің куәлік алуға құқығы жоқ.
«Елімізде 14 жастағы жасөспірім ештеңеге құқылы емес. Оған заң жүзінде ата-анасы жауапты. Ол қыл­мыстық жауапкершілікке де тар­тыл­майды. Иә, аталған жаста ішінара жұмыс істейтіндер бар. Негізі, мұны да ата-анамен ақылдасады. Өз басым 14 жастағы балаларымды жалақыға жұмыс істеткен емеспін. Қандай да бір құқыққа ие болу 16 жастан бас­талады. Кейбір тұста өзі шешім қа­былдай алады. Құқықтық жауап­кер­шілікке тартылады. Ал 18 жаста бә­рімен тең құқылы азамат ретінде қалыптасады. Мысалы, сайлауға, сай­лануға құқылы. Үйленуге не тұр­м­ысқа шығуға, өзіне қатысты бар құ­қыққа ие», – дейді адвокат Шын­қуат Шегемұлы.
Бұл пікірмен, демограф Аяулым Са­ғынбаеваның да ойы осыған үй­леседі. Ол шетелдегі жастар санатын өзінше талдап, кеңінен айтып берді. Са­рапшының сөзінше, жастар са­натын 18-34 жас деп алған жөн.
«Қателеспесем, 14 жастағы бала бірнеше сағат еңбек етуге құқылы. Меніңше, 14 жастағы бала – әлі бала. Сондықтан жастар санатын 16 не 18 жастан бастау керек. Жалпы, ха­лық­аралық тәжірибеде жастар санатына қатысты тұжырымдама жоқ. Алайда статистикалық мәліметтер үшін БҰҰ жастар деп 15-24 жас аралығын ала­ды. Яғни, халықаралық статис­ти­калық есептеулерде бала дегеніміз – 14 жасты қоса алғандағы балалар. Алай­да БҰҰ-ның бала құқығы ту­ралы конвенциясында балалар деген терминге 18 жасқа дейінгі азамат­тар­ды қабылдайды. Бізде 0-17 жасты қо­са алғандағы аралық балаларға жа­тады. 10-19 жас арасы жасөс­пірім­дік кезең деп қарастырылады. Оған қоса жастар санатына да қоса ілініп кетеді. Осыдан шатасу басталады. Сайып келгенде, тұрғын үй туралы бағдарламаға қатысудың өзі 18 жас­тан басталады. Оған қоса кәмелет жасында екі жыл еңбек өтілі бар, тұрақты еңбекақысы бар жастың саны санаулы. Сондықтан бұл 18-34 жас аралығы дұрыс. Яғни, белгілі бір жас­тық меже болуы керек. Бірақ жастар санатын 14-35 жасқа көтеру жайын ойластырған тұлғаның ло­гикалық шешімі бар деп ойлаймын», – дейді демограф Аяулым Сағынбаева.
Жаңа бастаманың маңызы Оған қоса демографтың айтуын­ша, жастар санатын 14-35 жасқа кө­теру экономикалық тұрғыда отба­сылы жастарға қаржылық жағдайын реттеуге көмектеседі. Баспаналы болуға, түрлі бағдарламаға қатысуға және квото алуға демеу. Екіншіден, елімізде демографиялық ауысым процесінің басталып кеткеніне байланысты. Некеге тұру жасы мен бірінші баланы дүниеге әкелу жа­сының ұлғаюы жастардың білім алу­ға, өзі үшін өмір сүру қағидасына, жұмыс істеуге, әл-ауқатын көтеріп алып үйленуге түрткі болды. 2021 жылғы дерекке сәйкес, ерлер орта есеппен 27,9 жаста бірінші некеге тұрады. Оның ішінде қалалы жерде – 27,9 жас, ауылды жерде – 27,7 жас. Ал әйелдер орта есеппен 25,2 жаста шешім тұрмыс құрады. Аталған ста­тистика қалалы жерде – 25,6 жас, ауыл­ды жерде – 24,4-ке өзгереді. Бі­рінші сәбиді дүниеге алып келудің орташа жасы – 29,5. Цифр қалалы жерде – 29,9 жас, ауылды жерде – 29,1 жас. Сондықтан мемлекеттік бағ­дарламаға ілікпей жүрген жас­тарға таптырмас мүмкіндік. Айталық, министр Дархан Қы­дырәлінің айтуынша, заң жобасы төңірегінде Президентінің жастар жылы аясында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген және оның төрт негізгі бөлігі бар. Бірінші – заң жобасында «Жастар­дың даму индексі», «Жастардың әлеу­меттік қызметтері», «Уақытша жұ­мысқа орналаспаған жастар (NEET)», «Жастармен жұмыс жө­ніндегі маман», «Жастардың еңбек жасақтары», «Жастар ресурстық орталықтарының функцияларын кеңейту» ұғымдарын заңнамалық бекіту ұсынылады. Екіншіден, жас­тар саясатының негізгі бағыттары қосымша екі бағытта қарастырылған: жастардың цифрлық сауатын арт­тыру және жастар арасында волон­тер­лікті дамыту. Үшіншіден, заң жо­басы аясында NEET сана­тындағы жастар санын азайту көзделген. Ол үшін салалық орталық мемлекеттік органдардың құзыреттерін толықты­ру ұсынылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі – жұ­мыссыз жастармен; Оқу ағарту және Ғылым мен жоғары білім министрлігі – біліктілікті арттыру және қайта даярлау іс-шараларымен; Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі – жастар ресурстық орталықтары ар­қы­лы жастармен кешенді жұмыс жүр­гізіп, салааралық үйлестіру және ақ­параттандыру ісіне жауапты болады.
«Алматы жастары» жобасы ая­сында 29 жастан асып кеткен, отба­сылы жандардың оқиғасы жиі кез­десті. Мысалы, мұғалімдермен кез­дес­кенде өзінің бірнеше баласы ба­рын, жалғызбасты ана екенін, бірақ кей мемлекеттік бағдарламаға ілігуге табысы жетпейтінін айтты. Кейбі­рінің табысы асып кетіп жатты. Егер жастар санатын көтерсе, 35 жасқа дейінгі табысы асып кеткен не жет­пей қалған тұлғалар дәл осы бағ­дар­ламаға еркін қатыса алатын еді. Елімізде біршама бағдарламаға сер­пін берері анық. Себебі осыған дейін мемлекеттік бағдарламалар жас кате­гориясын 14-29 жасқа дейінгі деп қарастырды. Баспана мәселесі, жұ­мыс­пен қамту, одан қалса респуб­ли­калық деңгейдегі жоба мен конкурс­қа да аталған санат қана қатыса ала­тын. Енді қамту аймағы кеңіді. Кез келген жерде 35 жасқа дейінгі азамат үміткер бола алады. Айта кетерлігі, жастар арасындағы ең үл­кен марапат «Дарын» жастар сый­лы­ғына үміткер атануға жол ашылды», – деді Алматы студенттер Альянсы директоры Жасұлан Бостандықұлы.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ