Астананың экологиясын қалай жақсартуға болады? Министр жауабы
Астананың экологиясын қалай жақсартуға болады? Министр жауабы
437
оқылды
Жылу электр стансалары мен қазандықтардан, сондай-ақ жеке сектордағы пештердің және автомобиль көлігінен шығарылатын шығарындылары елорда ауасына зиянын тигізуде. Астана ластану деңгейі жоғары қалаларға жатады. Ластану көздері – ЖЭО, автономды қазандықтар, жеке сектордағы пештер және автомобиль көлігі. Бұл туралы елорда тұрғындарымен кездесуінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты.
"Біз қаланың барлық экологиялық мәселелеріне талдау жасадық. Олардың негізгілері – атмосфералық ауа мен су ресурстарының ластануы, сондай-ақ қоқыс алаңдарын заңсыз орналастыру және абаттандырудың жеткіліксіздігі", – деді Брекешев.
Ол 2021 жылы жағдайды жақсарту мақсатында жаңа Экологиялық кодекс қабылданғанын, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бекітілгенін, 2020 жылдан бастап көмірмен жұмыс істейтін жылу энергиясы, зауыттар, жеке сектор және көлік құралдары шығарындыларын азайту шараларын қарастыратын жол карталары жүзеге асырылып жатқанын еске салды. Бұл тізімде 13 шара бар. Ведомствоның мәліметінше, 1-ЖЭО және 2-ЖЭО-ға газ жеткізу құбырларының құрылысы бойынша жұмыстар аяқталды. Жеке секторды газдандыруға келетін болсақ, ол үш кезеңге бөлінген. 2021 жылы бірінші және ішінара екінші кезеңнің құрылысы аяқталды. 14 мың абонент, яғни 200 мыңға жуық адам көгілдір отынға қол жеткізді. Сондай-ақ 13 автономды қазандыққа көгілдір отын жеткізілді. 2025 жылға дейін толық көлемде газдандыруды аяқтау жоспарлануда.
"Өкінішке қарай, газ орнатылған аумақтарда тұрғындар үйлерін жылыту үшін қатты отынды пайдалануды жалғастыруда, бұл ауаның ластануына әкеледі. Оған себеп қосылым құнының қымбаттығы, ол 700-900 мың теңге аралығында. Министрлік әкімдіктен «Қазтрансгаз» АҚ-пен бірлесіп, қолданыстағы баға саясатын қайта қарап, халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы көмек көрсетуді сұрайды", – деді Брекешев.
Көліктер экологиясы мәселесіне келсек, министр елордада 100 электробус іске қосылғанын, әкімдікке қарасты коммуналдық кәсіпорындардың барлық көліктерінің 75 пайызы газ отынына көшкенін баса айтты. Брекешев Астанадағы жел режимін зерттеу аяқталып, қаланың дамуын, жер бедерін, жасыл желектерді ескере отырып жел картасы жасалғанын, жалпы даму жоспарларына түзетулер енгізу жоспарланып отырғанын айтты.