Салтанат Тұрсынбекова Алматыда студенттермен кездесіп, TikTok түсірді
Салтанат Тұрсынбекова Алматыда студенттермен кездесіп, TikTok түсірді
Президенттікке үміткер Салтанат Тұрсынбекова 8 мыңнан астам студент білім алатын Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттерімен кездесу өткізді. Ол оқытушылармен, студенттермен және ректор Гүлмира Қанаймен тілдесіп, 78 жылдық тарихы бар оқу орнына экскурсия жасады. Шара барысында Салтанат Тұрсынбекова өзінің өмірі мен еңбек жолына тоқталды. Ол кез келген қыздың арман-мақсатына жете алатынын жеткізді. Спикердің айтуынша, кез келген адам өзіне-өзі кедергі жасамауы керек.
«Мен өзім ауылдан, көп балалы отбасынан шықтым. Бірақ өмір бойы білім алдым, жұмыс істедім, өзімді дамыттым. Барлық әріптестерімнен көп жұмыс істеуге тырыстым, күні бойы, кейде тіпті түнгі уақыттарда да жұмысқа шыққан кездерім көп болды. Осының арқасында мен өзімнің барлық армандарым мен мақсаттарымды жүзеге асыра алдым. Менің ойымша, біз өзіміз ойлаған нәрседен де көп нәрсеге қол жеткізе аламыз. Ғалым болғымыз келсе, бола аламыз. Ғарышқа ұшқымыз келсе – ол да мүмкін нәрсе. Әлемдегі ең жақсы стартапты іске қосқымыз келсе,  сәл тер төксек, оны да оп-оңай жасай аламыз Біз өз күшіміз бен мүмкіндіктерімізге күмән келтірмеуіміз керек. Арман-қиялдарымызды шынға айналдыру үшін қазір мүмкіндік өте көп», - деді ол.
Спикер өзінің алдында отырған студенттердің арасында болашақ ел көшбасшылары бар деп есептейді.
«Қыздарымыз министр, ірі ұлттық және жеке компаниялардың басшылары, әкімдер, тіпті Мемлекет басшысы бола алады және болуы керек деп есептеймін. Шешім қабылдай алатындарыңызға сенем. Кез келген ұжымды, компанияны, тіпті тұтас мемлекетті басқара алатындарыңызға еш күмәнім жоқ, сіздер нағыз көшбасшы бола аласыздар. Біздің елдің қыздары өте белсенді, ширақ әрі өнерлі. Бар болғаны, ойымыз бен санамыздағы кедергілерді алып тастасақ болғаны. Қазақстандық әйелдер президент, министр немесе әкім бола тұрып, ошақ басында да отыра алады, мінберге де шыға алады», - деді Президенттікке кандидат.
Оқушылар өздерін толғандырған мәселелермен бөлісті. Әсіресе, білімнің қолжетімділігі, жатақхананың жетіспеушілігі, оқуды бітіргеннен кейін жұмысқа орналасудың қиындығы және т.б. мәселелерін ортаға салды. Кандидат сонымен қатар өзінің сайлауалды бағдарламасына тоқталды. Атап айтқанда, жастарды құқықтық және әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтты. Тұрсынбекова жұмыс берушілерге колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектерін жұмысқа орналастыру үшін субсидиялар беруді, жастарды жеңілдетілген несиелеу бағдарламасын құруды, жастар бизнесін дамытуға салықтық жеңілдіктер беруді, өмірлік қиын жағдайға тап болған жастарға атаулы көмек көрсету үлгілерін әзірлеуді, жеңілдіктер беруді ұсынады. Және жас отбасыларға ипотекалық несие алу кезінде субсидиялар беру, тұрғын үй және білім алу үшін ұзақ мерзімді пайызсыз несие беру бағдарламаларымен бөлісті. Кездесуден кейін студенттер Президенттікке үміткерге Tik-Tok желісінде бейнеролик түсіруді ұсынды. Ұсынысқа Салтанат Тұрсынбекова қуана-қуана келісті. Видеоға құқық қорғаушымен бірге 25-ке жуық қыз түскен. Еске салайық, бүгін Салтанат Тұрсынбекованың Алматыдағы үшінші күні. Бірінші күні ол қала тұрғындарымен кездесіп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелерін талқыласа, екінші күні зияткерлік меншікті қорғауға арналған жиын өткізіп, алматылық құқық қорғаушылармен де жеке сөйлесті. Алматы кандидаттың сайлау алдындағы үгіт-насихат сапарымен барған алтыншы өңір. Құқық қорғаушы бұған дейін елордада, Қарағанды, Ақмола, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында болған.