Президент жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды  
Президент жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды  
Фото: Т.Қазанғапов
2,033
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Жергілікті тұрғындармен жүздесуінде жазушы Әбіш Кекілбаев туралы естелік айтты. «Ақтауға келердің алдында жанашыр әрі ақылшы ағамыз болған Әбіш Кекілбаев ойыма оралды. Әбекең екеуіміз біраз жыл қызметтес болып, бірге жүрдік. Аға-іні ретінде сыйласып, жақын араластық. Еліміздің өткені, бүгіні және болашағы туралы жиі әңгімелесетін едік. Әдебиет тақырыбында пікір алмастық. Қазір «Әбіш әлемі» деген ұғым халқымыздың санасына әбден сіңіп кетті. Расында, бірегей тұлға, аса көрнекті жазушы, тарихшы, философ Әбіш Кекілбаевты біз және өскелең ұрпақ әрқашан жадымызда сақтауымыз керек. Бұл – біздің азаматтық, ұлттық борышымыз. Абыз ағамыз – барша қазақтың мақтанышы. Әбекең туған өлкесі Маңғыстауды ерекше жақсы көретін. Қасиетті орындары, қайталанбас табиғаты және кеңпейіл халқы туралы сөйлегенде шабыттанып кететін. «Маңғыстаудың дариясы – халқының көкірегінде» деп жиі айтатын. Осы өңірге келген сайын сол сөздердің ақиқат екеніне көзіміз жететіні анық. Мен 2019 жылы Әбіш ағаның ескерткішінің ашылуына арнайы келетінімді айтқан едім. Кейін сол уәдемді орындап, Ақтауда қазақ халқының ұлы перзентіне арналған ескерткіштің ашылу рәсіміне қатыстым. Сол себепті, өздеріңізбен кездесуді Әбіш аға туралы естеліктен бастап отырмын», – деді Президент. Сондай-ақ Президент жұртпен жүздесуінде аймақтың шежіресіне де тоқталды. «Киелі Маңғыстауды 362 әулиенің мекені деп бекер айтпаған. Бекет ата, Шақпақ ата, Шопан ата сияқты тұлғаларды бүкіл қазақ пір тұтады. Маңғыстауды ашық аспан астындағы мұражай десек, артық айтқандық емес. Шежірелі аймақ ұлт тағдырына қатысты талай оқиғалардың куәсі болған. Осы өңірден қазақтың көптеген белгілі тұлғалары шыққан. Жалпы, бұл жақта халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы өте жақсы сақталған. Маңғыстаудың әйгілі жыршылар мектебі бабалар үнін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келеді. Соңғы жылдары қайта жаңғырған Отпан таудағы бірлік жиыны өнегесі мол, лайықты оқиға болды, халқымыздың рухының мықтылығын көрсетті деп айтсақ, артық болмас», – деді Тоқаев.