«Кемпірдің қызын» кім түсінер?
«Кемпірдің қызын» кім түсінер?
726
оқылды
Әже өнегесі – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жал­ғасып келе жатқан ұлы құндылық, тәрбиенің қай­нар көзі. Қазақ тарихында әженің тәлімін алған, та­рихта есімі қалған ұлылар көп. Зере әжесінің зерделі аңыз-әңгімелері мен жыр-дастандарын тыңдап өскен дана Абай, Айғанымдай әженің тәрбиесін алған Шоқан және тағы басқа­ла­ры. Олардың әже-не­мере­лік қарым-қатынасы жай­лы күні бүгінге дейін үлгі етіп айтылады. Әйтсе де... Қазіргі психология пәлса­пасына бейім қоғамда кезінде ұлық саналған әже мектебінің кемшін тұстары көп айтылып жүр. Бірде әже тәрбиесін көрген бойжеткеннің анасын аңсап, әлеуметтік желіге жариялаған жазбасын көзім шалды. «Әке-шешемнің менен кішкентай ба­уырларымды жиып алып, көлікке отырып, қалаға кететін сәтін еш­уақытта ұмыта алмайтын шы­ғармын. Ол сәтте ата-әжемнің қолынан ұстап, көкірегіме өксік тығылған бойда қалатын едім. Мұның психологиялық жарақат болып қалатынын кейін білдім және сол күйіммен ұзақ күрестім» деп жазады Әсел есімді бойжеткен. Бұл жазбаның астындағы пікірлер саны өте көп болды. Көбіне-көп ата-әжесінің тәрбиесінде болған жастардың «жанайқайын» оқы­ғандай болдық... Есейгенде зардабын көрдім Толқын – 29 жаста. Қазір тұр­мыста, 2 жасар қызы бар. Тол­қынға 8 ай толғанда, ата-әжесі ба­ғып алған. Әке-шешесі ерте үй­ленген соң тұңғышын шал-кем­пірдің тәрбиесіне беріп, өздері қалада жұмыс істеуді ұйғарған.
«Әжем ұстаз болды, маған жақсы тәрбие берді, оқытты, қатарымнан кем қылмады. Мектепте үздік, белсенді болдым, барлық әдеби байқауға қатысатын едім. Қатарымның алды болдым, оған әжемнің көп септігі тиді. Бетімнен қақпады, «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтыр­ған» жоқ. Алайда қазір ойлап отырсам, балалық шағым бақыт­сыз өткендей. Тоқсандық және жазғы демалыстарда бауырларым ауылға келетін, не мен қалаға баратын едім. Ойын баласымыз ғой, өзара ойыншыққа таласып қалсақ, «мен кетемін ғой», яки «сендер кетесіңдер ғой» деп ай­тады екенмін. Қазір бауырларым «сені көп аяйтынбыз» дейді. Бала Толқын әке-шешесіне «мені са­ғынбайсыңдар ма?», «неге мені беріп жібердіңдер?» деген сұрақ­тар қойғысы келетін, батпайтын. Ата-анам ауылға келгенде ба­уырларым сияқты емін-еркін олар­дың мойнына асылып, са­ғынышымды баса алмайтынмын. Себебі ата-әжем қызғанып қалар деп тартыншақтайтын едім. Ал қалаға барсам, ондағы үйде маған орын жоқтай көрінетін. Бауыр­ларымның өз кереуеті, шкафы, ойыншықтары бар, ал менің киімім ауылдан келген сөмкемде тұратын. Айта берсем, мұндай мы­сал көп. Есейгенде, әсіресе тұрмысқа шыққанда мұның зар­дабын айқын сезіндім. Балалы болсам, тұңғышымды ата-енем алып қойса, сәбиім менің бақыт­сыз күйімді кешеді деген ой маза бермейтін. Мұндай ішкі психо­логиялық кедергілердің себебінен тіпті үш жылдай бала көтере ал­май жүрдім. Әйтеуір, қазір ашық ақпаратқа толы заман. Психолог-мамандардың көмегіне жүгініп, психологиялық жарақат зарда­бынан құтылдым. Бір қарағанда, ба­ланы ата-әжесіне берудің сал­дары соншалық қауіпті еместей кө­рінеді. Өйткені шал-кемпірдің баласы да махаббатқа бөленіп өседі. Әйтсе де, маған анамның жылуы жетпеді», – дейді Толқын.
Шал-кемпірдің тәрбиесін көр­ген бірқатар қыз-жігітпен сөйлес­тік. Олардың арасында ең көп айтылған проблема – ата-әжесі қайтыс болған соң әке-шешесімен тіл табыса алмау, ата-анасын бауырдай көріп, олар­ға сыр ақтара алмау, кеңесіне құлақ аспау және тағы басқалары. Бір қызығы, кө­біне-көп шал-кем­пірдің қолында өскен ер балалар­да өкініш аз да, қыздарда реніш басым. Алайда өкінетін тек жастар емес, баланы ерте жастан бағып алып, бола­шағына қиянат қыл­дым ба деп алаңдайтын ата-әже­лер де бар... әже өнегесі Күлсімжан әже – 71 жаста. Жолдасынан ерте жесір қалған әжей жанына серік болсын деп тұңғыш немересін төрт айында бағып алған. Бүгінде бұл ісіне көп өкінетінін айтады.
«Бала – балым, немере – жа­ным» дейтін қазақтың мақалының жаны бар. Әлиім дүниеге келгенде қуанышымда шек болмады. Бақ­тым, қақтым, бар жақсымды ал­дына тосып, одан ештеңе аямады. Өте ерке өсірдім. Әке-шешесі ес­керту айтса, «тәйт, балама сөй­лемеңдер» деп бетіне қаратпадым. Әпер дегенін әперіп, істеймін дегеніне қой демедім. Бәлкім, шалымның көзі тірі болса, артық кеткен жерінде жөнге салар ма еді. Ана, әже жүрегім немере ұр­сып, жазалауға бармады. Жоғары сыныпқа өткенде балам төбе­лесетін болды, үлгерімі төменде­ді. Үйге қабағы қатулы келсе болғаны, жас мұғалімдердің са­зайын беретінмін. 7-сыныпқа өткенде, Алматыға әке-шешесіне жібердім, онда да сыйыспады. Талай бұзықтық жасап, мектептің терезесін сындырып, әкесінің көлігін рұқсатсыз жүргізіп, соғып, дау-жанжалмен ауылға қайтты. 9-дан кейін колледжге түсірдім, тағы болмады. Әкесінің баламның алдында тіпті беделі жоқ, оған тіптен бағынбайды, әуелі «сен» деп сөйлейді. Енді төрімнен көрім жақын уақытта «мен өлсем, Әлиім ешкімге сыймай, тентіреп қала ма, ашу-ызамен жүріп, бір пәле­кетке ұрына ма» деген уайымым басым. Қазір баланы әке-шешесі баққан дұрыс па деп ойлаймын, себебі орнымен еркелетіп, уа­қытында сазайын береді. Ал мен болсам, бетінен қағып, қажетінде қой дей алмадым ба, әлде әке-шешесінен жырақ өскені үшін ашу-ызаға толы болып өсті ме, білмеймін», – деп ақтарылды Күл­сімжан әжей.
Қазіргі әжелер қандай? Психолог-мамандар баланың өз әке-шешесінен жырақ өсуі оның психологиясына айтарлық­тай кері әсер ететінін айтады. Оның үстіне, бүгінгі жастардың өзін-өзі тануға, түпсанасымен бай­ланысып, түрлі психоло­гия­лық жарақатпен жұмыс істеуге деген ұмтылысы жоғары. Бұр­на­ғыда қоғам шал-кемпірдің тәр­бие­сін қалыпты санап, оның сал­­дарына аса бас қатырып жат­паған болса, кез келген бұрыс мі­­нез-құлқына себеп іздейтін жас­тар ата-анадан алшақ өсудің ауырт­палығынан аттап өте алмайды.
«Бала үшін ата мен ананың рө­лі ерекше. «Әке – асқар тау, ана – жағасындағы құрақ, бала – ағып жатқан бұлақ» деп бекер айтыл­маса керек. Баланың өзіне, өз шешіміне сенімді болып өсуі үшін әкенің тәрбиесі қажет, мейірімді, қамқор болуы үшін ананың аялы алақаны қажет. Балаға өзінің қа­лаулы болғаны және әке мен ше­шенің үлкен махаббатынан туға­ны маңызды. Отбасында тетелес балалар әке-шешесінің назарын бір-бірінен қызғанып жатқанда, оның біреуін жыраққа жіберу, әрине бала үшін ауыр соққы. Са­насы әлі қалыптасып үлгермеген бала салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық тәрбие дегенді ойлап бас қатыра алмайды. Оның көкейінде тек бір сұрақ туады: «ата-анам неге мені тастап, бауырымды өзі­мен алып кетті?». Бала атасының мойнында отырса да, әкесінің қо­лынан жетектеп жүргенін аң­сайды. Бала есейіп, ер жетпейінше ата-әжесіне, яки әке-шешесіне сұрақ қойып, жауап алу туралы да ойлай алмайды. Ішкі күйзелісін танып, талдау үшін баланың са­на­сы пісіп-жетілуі керек, ал бұл уа­қытты қажет етеді», – дейді ба­ла­лар психологы Жанар Сақыпжан.
Оның үстіне, маманның ай­туынша, мұндай балалардың көбі өмір бойына осы күйзелісімен өтетін көрінеді. Олар есейгенде де ішкі күйзелісін айтып, шағым­данатын адам таба алмайды, әке-шешесіне сенбейді, ата-әжесінің көңіліне алаңдайды. Ал айтқан күннің өзінде, баланың шағы­мы­на құлақ асып, оған кәсіби кө­мек­тесуге тырысатын ересектер аз. Этнограф-ғалымдар ата мен әже мектебінің ақсауын бүгінгі қариялардың өзгеруімен байла­ныстырады. Кезінде шал-кем­пір­дің баласы зерек, алғыр, шебер, өнерлі, тілге шешен боп өскен. Өйт­кені ол күннің қариясы ұлт­тық құндылық, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа етене жақын болған. Балаға ертегі, жыр-дастан айтып, әртүрлі өлең-тақпақ жаттатып отырған. Ал қазір әжелер дастар­қан басында ұлттық тәрбиені насихаттайтын әңгіме емес, теле­сериал мен әлеуметтік желіден көргенін айтып отырады.
«Қазақта ата мен әже мекте­бінің орны ерекше болған. Ол уақытта шал-кемпір кенже ұлы­ның қолында, қара шаңырақта қалған. Сол үйдің тұңғыш неме­ресін ата-әжесі қойнына алып жатып, меншіктеп алатын болған. Әке-шешесінің тәрбиесімен қа­тар үлкендердің өнегесін естіп өскен бала өжет, зерек, зейінді болған. Ал қазір көп дүние өзгерді. Жастардың көбі қалада жұмыс істейді, ал қариялар ауылда тұрып жатыр. Бала-шағам жұмыс істеп, көп ақша тапсын деп немересін қарасып отырған әжелер бар. Олар баланың қарны тоқ, киімі бүтін болса болды деп ойлайды. Ал тәрбие тал бесіктен. Бала тәрбиесі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әрине, немересін түрлі үйірмеге тасып, дарынын ашуға тырысып жүретін ата-әжелер де бар. Бірақ дені тәрбиеге көп мән бермей жатады. Оның үстіне, ерке өсіріп, әке-шешесіне баланың айтқанын істетіп оты­рады. Бұдан тәрбиенің негізгі те­тігі бұзылады. Бала әке-ше­шесінен қаймықпайды, ал ата-әжесін еркелігімен билейді. Өзіне ақыл айтып, кеңес қылатын тұл­ғадан ажырап қалады», – дейді этнограф Болат Бопай.
Таяқтың екі ұшы бар. Ата-әженің өнегелі тәрбиесін жоққа шығарудан аулақпыз, әйтсе де, әке-шешеден жырақ өсетін баланың болашағына алаңдау заңдылығы туып отырғанын мамандар бекер айтпаса керек...