Қарыздан қажыған ел
Қарыздан қажыған ел
© коллаж: Әсел Балтақызы
539
оқылды
Қазақстан енді ірі инфрақұрылымдық, индустриялық жобаларға емес, жай ғана бюджет тапшылығын жабуға шетелден көптеп қарыз тарта бастады. Мысалы, бюд­жеттің жыртығын жамауға Халықаралық қайта құру және даму банкінен қазіргі бағаммен шамамен 163 млрд теңге кредит рәсімделіп отыр. Жалпы алғанда, алдағы жылы мемлекеттік әмияндағы тапшылық 3 триллион теңгеге жетпек. Әлемдегі рецессия салдарынан шетелде қарыз­дар қымбаттап жатыр. БЖЗҚ-да 14 трлн, банктерде 12 трлн теңге бос жатқанда сырттан заем тарту не үшін қа­жет? Сарапшылар орынды дейді. Теріс жағы да жетерлік. Жыл сайынғы қарыз шығыны – 2 триллион 2022 жыл қорытындысында «Са­мұрық-Қазына» қорының таза табысының өзі 1,85 трлн теңгеден аспақ. Парламент депутаттары өз қолында осынша ресурс бола тұра, Қазақстанның жыл өткен сайын шетелдік борыш батпағына терең батып бара жатқанына алаңдайды.
«Бюджеттің тапшылығын жабу және бұрын алынған заемдарды өтеу мақсатында келесі жылы ішкі және сыртқы көздерден 5,7 трил­лион теңге қосымша қарыз алу жоспарланған. Алайда онсыз да Қа­зақстанның қазіргі сыртқы қа­рызы 164 миллиард долларға дейін шығандады. Тек Үкіметтің сыртқы қарызының өзі 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің 27,6%-ына, ал 2023 жылы 29,4%-ына жетеді (жалпы мемлекеттік борыш – 32,5%). Жеке компанияларға арналған заемдар­ға да мемлекеттік кепілдіктер бе­рілген. Олардың бәрін есепке алсақ, Үкіметтің қарызын өтеу және оған жылдар бойы қызмет көрсетудің бюджетке ауыртпалығы қарқынды түрде артты», – деді депутат Азат Перуашев.
Мәжіліс депутаты Альберт Рау қарызбен бірге елге келген тағы бір кеселді тілге тиек етті: шетелдік берешекті жыл сайын өтеу шығыны алапат қарқынмен артып барады.
«Талапқа сәйкес, мемлекеттік борышқа қызмет көрсету шығын­дары бюджеттің 10 пайызынан аспауы тиіс. Ашығын айту керек, біз бұл жарқабаққа таяп келдік. Жа­қында алдағы үш жылдық бюджетті қабылдадық. Салыстырар болсақ, бұған дейін 2023 жылы қарызға қызмет көрсетуге 1 триллион 422 мил­лиард теңге жұмсалады деп жос­парланған. Ал қабылданған бюд­жетте 2023 жылы осы мақсатта 1 триллион 795 миллиард теңге шы­ғындалатыны бекітілді. Яғни, аз ғана уақытта шығын 360 миллиард теңгеге өсті. Бұл жерде жаңадан тартылатын қарыздардың шығыны есептелмеген. Алдағы 2-3 жылда сыртқы қарызға қызмет көрсету шығыстары екі есеге жуық өскелі тұр», – деді депутат.
Неге ескі, «сүрленген» қарыздар да қымбаттауда? А.Раудың түсін­діруінше, оның ұлғаюына теңгенің құнсыздануы, девальвация ықпал етті. Себебі шетелден қарыз дол­лар­мен алынады, ал оның құны соң­ғы онжылдықта үш еседен ас­тамға жоғарылады. 2012 жылы бір доллар 147,50-150,86 теңге диапа­зо­нында бағаланса, бүгінде 470 теңге тұрады. Сарапшылар алда ұлттық ва­люта құны тағы құлдырауы мүм­кіндігіне назар аудартады. Ендеше А.Раудың пікірінше, сөз болып отырған шығын көлемі үрейлі 10 пайыздық шектен асып жығылуы мүмкін.
«Елестете аласыз ба, бұрынғы заманда алған қарыздар үшін жыл сайын 2 триллион теңгеге жуық қаржыны шетелдік қаржылық ұйым­дарға бере саламыз. Ол за­манда Үкімет бізге келіп, экономика еңсе тіктеген соң қарыз алуды қоя­мыз дейтін. Ал дағдарыстың шет-шегі көрінбейді. Мемлекет қарыз тартуын еселеп арттырды. Қандай да бір қарыз тартпас бұрын Үкімет Парламентпен ақылдасқаны, не үшін қажеттігін дәйектегені жөн. Әйтпесе, өздері шешім қабылдайды, келісім бекітеді, соны ратифи­ка­цияла деп бізге қиғылық салады», – деді депутат.
Алмаған заемға кеткен зая қаржы Есеп комитетінің бағалауынша, Үкімет қарызының күрт ұлғаюының бірнеше себебі бар, бұлар: шетелдік қарыз алуды тиімсіз жоспарлау, ол заемдарды дұрыс игермеу, заем алу құралдарының экономикаға ықпа­лын, оң және теріс салдарын, тәуе­келдерін жете пысықтамау. Ше­неуніктердің, жауапты тұлғалардың жауапсыздығы, жайбасарлығы, іске жүрдім-бардым қарауы ел бюдже­тіне қымбатқа түсуде. Қаптатып қарыз алынған біраз ірі жоба толыққанды жүзеге аспады. Тағы бірқатары сақалды құрылысқа айналды. Дәлел ретінде Халық­ара­лық қайта құру және даму банкінен тартылған қарыз мерзімінің бірне­ше мәрте ұзартылғанын келтіруге бо­лады. Өйткені «Шығыс–Батыс», «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» ав­то­көлік жолдарының құрылысы сиырқұйымшақтанып кетті. Оларға бағытталған сыртқы қарызды пай­далану мерзімі ретінде 2013-2023 жылдарға белгіленген. Қаражатты нақты игеру 2019 жылы ғана бас­талды. Ал 2021 жылдың қорытын­ды­сында бүкіл заемның бар-жоғы 22 пайызы ғана игерілді. Сондықтан жобаны жүзеге асырудың жаңа мер­зімі тағы 4 жылға ұзартылған. Салдарынан Қазақстан қо­сым­ша шығынға батқалы тұр: мемлекет заемның тек пайдаланылған со­масын ғана төлеумен шектелмейді, бұған қоса халықаралық банктегі қаражатты әрбір жылға резервтегені үшін бүкіл соманың 0,25%-ы кө­лемінде жыл сайынғы комиссияны төлеуге тура келеді. Яғни, ұзарту тіпті де тегін емес. Мамандардың есептеуінше, тек бір қаржылық инс­титуттың қарызын 4 жылға созу салдарынан Қазақстан шамамен 5 миллиард теңге (10 миллион доллар) қосымша комиссия төлеуі тиіс. Салыстыру үшін айтсақ, бұл қа­зақстандық шағын он қаланы бір жыл бойы асырауға жететін қаржы. Мәселен, шенеуніктердің шабан қимылы кесірінен бюджет көтерге­лі отырған осы қосымша комис­сияның өзі Қостанай облысындағы Тобыл қаласының 2022 жылғы бүкіл бюджетінен (502 миллион теңге) 10 есе артық! Есеп комитетінің мәліметінше, мұндай жоба өте көп. Нақтыласақ, қолданыстағы кем дегенде 11 шет­елдік заемның жүзеге асырылу мер­зімі бірнеше рет ұзартылған. Тағы 7 заем үшін Үкімет шетелдік қар­жы­лық институттарда қаражатты ре­зервке қойғызған, алайда артынша одан бас тартқан. Сөйтіп, халық ақшасын босқа шашты. Сорақысы сол, осы арқылы мил­лиардтаған қаржының ысырап етілгені үшін бірде-бір шенеунік, әкім темір торға қамалмаған. Әйтсе де, мұндай масқара жайттар азаяды деген әлсіз үміт бар: таяуда Әкім­шілік құқықбұзушылық ко­дексіне өзгеріс енгізіліп, мемле­кеттік сырт­қы заемды белгіленген мерзімде игермегені үшін дербес жауап­кершілік қарастырылды. Бірақ ол үшін айыппұл көзделген, абақтыға жабу жоқ. Мәжіліс мемлекеттік борыштың шамадан тыс өсуіне арнап, жеке парламенттік тыңдау өткізуді жос­парлап отыр. Тұйықтан шығатын жол қайсы? Сарапшылардың бір бөлігі сырттан қарыз алғанды пайдалы санайды.
«Шетелден заем тартқанда тұрған жаман ештеңе жоқ. Егер мемлекет дамығысы келсе, оған қосымша қаражаттар қажет болады. Және ол қаражат дәл қазір, әрі то­лығымен қажет. Ал экспорт табысы кейін әрі біртіндеп келеді. Сол себепті Үкімет Дүниежүзілік банкке немесе Азия даму банкіне жүгінеді де, содан арзандау қарыз тартып, оған кәсіпорындарды, жолдарды, баспаналарды, басқа инфрақұ­ры­лымды салады. Әлемде елдердің көбі қарызға өмір сүреді. Эконо­ми­каның өсетініне сенімді болсаңыз, қорықпай заем тарта бересіз. Ең маңыздысы, ол қарыздың тиімді жұмсалуы, жемқорлардың жемса­уына айналмауы, босқа талан-тараж етілмеуі», – деді экономист Расул Рысмамбетов.
Мысалы, жуырда ғана Пар­ла­мент «Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасын­дағы Қарыз туралы келісімді рати­фикациялау» заңының жобасын мақұлдады. Оның аясында еліміз 345,7 миллион еуро (шамамен 163 миллиард теңге) заем алады. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың мәліметінше, бұл қарыз толығымен бюджет тапшылығын қаржы­лан­дыруға бағытталады. Қаражат рес­публикалық бюджетте көзделген әлеуметтік және басқа да басымды мақсаттарға, бюджет шығыстарын жабуға арналған. Кредит Қазақстанға 2,5 жылдық жеңілдік кезеңімен, 11,5 жылға беріледі. Сыйақы ставкасы Еурибор және өзгермелі спредтен тұрады: жылдық 2,5%. Біржолғы комиссия қарыз сомасының 0,25%-ын, ал резервтік комиссия игерілмеген қа­рыз қалдығының 0,25%-ын құ­ра­мақ. Жалпы, еліміздің ішкі нары­ғын­да да триллиондаған бос қаражат бар. Үкімет мемлекеттік құнды қағаздар, облигациялар шығару арқылы соларды тарта алар еді. Оның үстіне, оларды доллармен не еуромен емес, теңгемен алады. Яғни, тиімді.
– Бұрынғы жылдары алынған қарыздарға да қызмет көрсету кере­гін ескерсек, біз алда ішкі және сыртқы нарықтан жалпы сомасы 4 триллион теңгедей заем тартуға тиіспіз. Ұлттық банкпен бірге тығыз жұмыс істеудеміз: биыл барлық қа­рыздың 75%-ға жуығын ішкі на­рықтан тарттық. Бірақ барлығын іштен ала алмаймыз: ішкі нарықтың ақшасы қысқа уақытқа, 2-3 жылға беріледі. Салдарынан екі-үш жыл­дан соң өте үлкен сомадағы қарызды толық жабуға мәжбүр боламыз. Олай болса, заемдарды әртарап­тан­дырғанымыз маңызды. Ал шетелден тартылатын қарызды өтеу мерзімі он жылға созылады, – деді Қаржы министрі.
Ол мамандардың есеп-қисап жасап, барлық нұсқаны қарағанын тілге тиек етті. Нәтижесінде, Қаржы ведомствосы тіпті валютада алын­ғанның өзінде шетелдік заемдар тартымдырақ деген тұжырымға ке­ліпті. Әрине, қазір халықаралық нарықта несиелер күрт қымбаттады. SOFR эталондық пайыздық мөл­шер­лемесінің өзі 10 жылға 5-5,5 па­йызға көтерілді. Мұның сыртында дағдарысқа бола, Қазақстанның халықаралық рейтингі төмендесе, салдарынан біз үшін кредит став­касы жоғарылайды. Әйткенмен, министр Ерұлан Жамаубаевтың мәліметінше, Үкімет халықаралық қаржы ұйымдарынан жылдық 2,5 пайыздық ставкамен арзандау қарыз тартуға күш салып жатқан көрінеді.
«Дүниежүзілік банк, басқасы елдегі инфрақұрылымдық, жалпы құрылымдық реформаларға көңіл бөледі. Яғни, бәсекелестікті дамыту, цифрландыру, экономиканы әрта­раптандыруда жасалып жатқан бар­лық реформаға көңілі тол­ған­дықтан, жеңілдікпен заем беріп отыр. Біз үшін бұл оңтайлы. Әлеу­меттік, білім, ғылым, медицина са­ласына, яғни кез келген салаға бұл қарызды жұмсай аламыз», – деді бас қаржыгер.
Қаржы министрінің дерегінше, Қазақстанда жалпы алғанда 23 трил­лионға жуық қарыз бар, соның 35 пайызы шеттен, яғни доллармен, еуромен, рубльмен алған қарыздар. Үкімет шетелдік қарыздың үлесін 35-37 пайыздан асырмауға шешім қабылдапты. Бұл үшін не істеу керек? Ал­дымен бюджет тапшылығын біртін­деп азайту керек. Мемлекеттік қар­жыны басқарудың жаңа кон­цепциясы қабылданды, осы бағыт­тағы шаралар сонда көрініс тапты. Ел басшылығы дефицитті 3,3%-дан 2-2,5%-ға қысқарту міндетін қойды. Екіншіден, бюджет тапшылығы ішкі табыс көздерінен өтелетін болады. Ал табыс көздерін арттыру үшін көлеңкелі экономика азайтылуы, кедендегі, салық органдарындағы коррупция жойылуы шарт. Осы мақсатта салықтық-кедендік әкім­шілендіру толығымен цифрланады. Сондай-ақ Үкімет Еуразиялық одақ елдерімен арадағы шекаралық өткізу бекеттерін автоматтандырып, модернизациядан өткізіп жатыр. Бұл жұмысты алдағы бір-екі жылда толық бітірмек. Үшіншіден, теңгеде берілетін заемдардың мерзімін ұзарту үшін Қазақстанға арнап, Euroclear депо­зитарийі ашылуы қажет. Осы мақ­сатта Қаржы министрлігі мен Ұлт­тық банк басшылары мен маман­дары Брюссельге іссапарға барып жүр. Оған қол жеткізе алса, теңгедегі құралдар бойынша мемлекетке арналған «ұзын» кредиттер пайда болады. Euroclear-мен келіссөздер жалғасуда. Келіссөздер нәтижелі аяқталса, шетелдік инвесторлар біздің нарыққа теңгемен кіруге мүм­кіндік алады. Бұл ұлттық валю­тамыздың мәртебесін де көтерер еді. Яғни, ел тұйықта мәңгілік қал­майды, тығырықтан шығарар жол бар. Тек оның жүзеге асырылуы тағы да жауапты тұлғалардың шабан не шапшаң қимылдауына байла­нысты болмақ.