Қазақстан енді ірі инфрақұрылымдық, индустриялық жобаларға емес, жай ғана бюджет тапшылығын жабуға шетелден көптеп қарыз тарта бастады. Мысалы, бюджеттің жыртығын жамауға Халықаралық қайта құру және даму банкінен қазіргі бағаммен шамамен 163 млрд теңге кредит рәсімделіп отыр. Жалпы алғанда, алдағы жылы мемлекеттік әмияндағы тапшылық 3 триллион теңгеге жетпек. Әлемдегі рецессия салдарынан шетелде қарыздар қымбаттап жатыр. БЖЗҚ-да 14 трлн, банктерде 12 трлн теңге бос жатқанда сырттан заем тарту не үшін қажет? Сарапшылар орынды дейді. Теріс жағы да жетерлік.Жыл сайынғы қарыз шығыны – 2 триллион
2022 жыл қорытындысында «Самұрық-Қазына» қорының таза табысының өзі 1,85 трлн теңгеден аспақ. Парламент депутаттары өз қолында осынша ресурс бола тұра, Қазақстанның жыл өткен сайын шетелдік борыш батпағына терең батып бара жатқанына алаңдайды.
«Бюджеттің тапшылығын жабу және бұрын алынған заемдарды өтеу мақсатында келесі жылы ішкі және сыртқы көздерден 5,7 триллион теңге қосымша қарыз алу жоспарланған. Алайда онсыз да Қазақстанның қазіргі сыртқы қарызы 164 миллиард долларға дейін шығандады. Тек Үкіметтің сыртқы қарызының өзі 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің 27,6%-ына, ал 2023 жылы 29,4%-ына жетеді (жалпы мемлекеттік борыш – 32,5%). Жеке компанияларға арналған заемдарға да мемлекеттік кепілдіктер берілген. Олардың бәрін есепке алсақ, Үкіметтің қарызын өтеу және оған жылдар бойы қызмет көрсетудің бюджетке ауыртпалығы қарқынды түрде артты», – деді депутат Азат Перуашев.
Мәжіліс депутаты Альберт Рау қарызбен бірге елге келген тағы бір кеселді тілге тиек етті: шетелдік берешекті жыл сайын өтеу шығыны алапат қарқынмен артып барады.
«Талапқа сәйкес, мемлекеттік борышқа қызмет көрсету шығындары бюджеттің 10 пайызынан аспауы тиіс. Ашығын айту керек, біз бұл жарқабаққа таяп келдік. Жақында алдағы үш жылдық бюджетті қабылдадық. Салыстырар болсақ, бұған дейін 2023 жылы қарызға қызмет көрсетуге 1 триллион 422 миллиард теңге жұмсалады деп жоспарланған. Ал қабылданған бюджетте 2023 жылы осы мақсатта 1 триллион 795 миллиард теңге шығындалатыны бекітілді. Яғни, аз ғана уақытта шығын 360 миллиард теңгеге өсті. Бұл жерде жаңадан тартылатын қарыздардың шығыны есептелмеген. Алдағы 2-3 жылда сыртқы қарызға қызмет көрсету шығыстары екі есеге жуық өскелі тұр», – деді депутат.
Неге ескі, «сүрленген» қарыздар да қымбаттауда? А.Раудың түсіндіруінше, оның ұлғаюына теңгенің құнсыздануы, девальвация ықпал етті. Себебі шетелден қарыз доллармен алынады, ал оның құны соңғы онжылдықта үш еседен астамға жоғарылады. 2012 жылы бір доллар 147,50-150,86 теңге диапазонында бағаланса, бүгінде 470 теңге тұрады.
Сарапшылар алда ұлттық валюта құны тағы құлдырауы мүмкіндігіне назар аудартады. Ендеше А.Раудың пікірінше, сөз болып отырған шығын көлемі үрейлі 10 пайыздық шектен асып жығылуы мүмкін.
«Елестете аласыз ба, бұрынғы заманда алған қарыздар үшін жыл сайын 2 триллион теңгеге жуық қаржыны шетелдік қаржылық ұйымдарға бере саламыз. Ол заманда Үкімет бізге келіп, экономика еңсе тіктеген соң қарыз алуды қоямыз дейтін. Ал дағдарыстың шет-шегі көрінбейді. Мемлекет қарыз тартуын еселеп арттырды. Қандай да бір қарыз тартпас бұрын Үкімет Парламентпен ақылдасқаны, не үшін қажеттігін дәйектегені жөн. Әйтпесе, өздері шешім қабылдайды, келісім бекітеді, соны ратификацияла деп бізге қиғылық салады», – деді депутат.
Алмаған заемға кеткен зая қаржы
Есеп комитетінің бағалауынша, Үкімет қарызының күрт ұлғаюының бірнеше себебі бар, бұлар: шетелдік қарыз алуды тиімсіз жоспарлау, ол заемдарды дұрыс игермеу, заем алу құралдарының экономикаға ықпалын, оң және теріс салдарын, тәуекелдерін жете пысықтамау. Шенеуніктердің, жауапты тұлғалардың жауапсыздығы, жайбасарлығы, іске жүрдім-бардым қарауы ел бюджетіне қымбатқа түсуде.
Қаптатып қарыз алынған біраз ірі жоба толыққанды жүзеге аспады. Тағы бірқатары сақалды құрылысқа айналды. Дәлел ретінде Халықаралық қайта құру және даму банкінен тартылған қарыз мерзімінің бірнеше мәрте ұзартылғанын келтіруге болады. Өйткені «Шығыс–Батыс», «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» автокөлік жолдарының құрылысы сиырқұйымшақтанып кетті. Оларға бағытталған сыртқы қарызды пайдалану мерзімі ретінде 2013-2023 жылдарға белгіленген. Қаражатты нақты игеру 2019 жылы ғана басталды. Ал 2021 жылдың қорытындысында бүкіл заемның бар-жоғы 22 пайызы ғана игерілді. Сондықтан жобаны жүзеге асырудың жаңа мерзімі тағы 4 жылға ұзартылған.
Салдарынан Қазақстан қосымша шығынға батқалы тұр: мемлекет заемның тек пайдаланылған сомасын ғана төлеумен шектелмейді, бұған қоса халықаралық банктегі қаражатты әрбір жылға резервтегені үшін бүкіл соманың 0,25%-ы көлемінде жыл сайынғы комиссияны төлеуге тура келеді. Яғни, ұзарту тіпті де тегін емес. Мамандардың есептеуінше, тек бір қаржылық институттың қарызын 4 жылға созу салдарынан Қазақстан шамамен 5 миллиард теңге (10 миллион доллар) қосымша комиссия төлеуі тиіс. Салыстыру үшін айтсақ, бұл қазақстандық шағын он қаланы бір жыл бойы асырауға жететін қаржы. Мәселен, шенеуніктердің шабан қимылы кесірінен бюджет көтергелі отырған осы қосымша комиссияның өзі Қостанай облысындағы Тобыл қаласының 2022 жылғы бүкіл бюджетінен (502 миллион теңге) 10 есе артық!
Есеп комитетінің мәліметінше, мұндай жоба өте көп. Нақтыласақ, қолданыстағы кем дегенде 11 шетелдік заемның жүзеге асырылу мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Тағы 7 заем үшін Үкімет шетелдік қаржылық институттарда қаражатты резервке қойғызған, алайда артынша одан бас тартқан. Сөйтіп, халық ақшасын босқа шашты.
Сорақысы сол, осы арқылы миллиардтаған қаржының ысырап етілгені үшін бірде-бір шенеунік, әкім темір торға қамалмаған. Әйтсе де, мұндай масқара жайттар азаяды деген әлсіз үміт бар: таяуда Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне өзгеріс енгізіліп, мемлекеттік сыртқы заемды белгіленген мерзімде игермегені үшін дербес жауапкершілік қарастырылды. Бірақ ол үшін айыппұл көзделген, абақтыға жабу жоқ.
Мәжіліс мемлекеттік борыштың шамадан тыс өсуіне арнап, жеке парламенттік тыңдау өткізуді жоспарлап отыр.
Тұйықтан шығатын жол қайсы?
Сарапшылардың бір бөлігі сырттан қарыз алғанды пайдалы санайды.
«Шетелден заем тартқанда тұрған жаман ештеңе жоқ. Егер мемлекет дамығысы келсе, оған қосымша қаражаттар қажет болады. Және ол қаражат дәл қазір, әрі толығымен қажет. Ал экспорт табысы кейін әрі біртіндеп келеді. Сол себепті Үкімет Дүниежүзілік банкке немесе Азия даму банкіне жүгінеді де, содан арзандау қарыз тартып, оған кәсіпорындарды, жолдарды, баспаналарды, басқа инфрақұрылымды салады. Әлемде елдердің көбі қарызға өмір сүреді. Экономиканың өсетініне сенімді болсаңыз, қорықпай заем тарта бересіз. Ең маңыздысы, ол қарыздың тиімді жұмсалуы, жемқорлардың жемсауына айналмауы, босқа талан-тараж етілмеуі», – деді экономист Расул Рысмамбетов.
Мысалы, жуырда ғана Парламент «Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді ратификациялау» заңының жобасын мақұлдады. Оның аясында еліміз 345,7 миллион еуро (шамамен 163 миллиард теңге) заем алады. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың мәліметінше, бұл қарыз толығымен бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталады. Қаражат республикалық бюджетте көзделген әлеуметтік және басқа да басымды мақсаттарға, бюджет шығыстарын жабуға арналған.
Кредит Қазақстанға 2,5 жылдық жеңілдік кезеңімен, 11,5 жылға беріледі. Сыйақы ставкасы Еурибор және өзгермелі спредтен тұрады: жылдық 2,5%. Біржолғы комиссия қарыз сомасының 0,25%-ын, ал резервтік комиссия игерілмеген қарыз қалдығының 0,25%-ын құрамақ. Жалпы, еліміздің ішкі нарығында да триллиондаған бос қаражат бар. Үкімет мемлекеттік құнды қағаздар, облигациялар шығару арқылы соларды тарта алар еді. Оның үстіне, оларды доллармен не еуромен емес, теңгемен алады. Яғни, тиімді.
– Бұрынғы жылдары алынған қарыздарға да қызмет көрсету керегін ескерсек, біз алда ішкі және сыртқы нарықтан жалпы сомасы 4 триллион теңгедей заем тартуға тиіспіз. Ұлттық банкпен бірге тығыз жұмыс істеудеміз: биыл барлық қарыздың 75%-ға жуығын ішкі нарықтан тарттық. Бірақ барлығын іштен ала алмаймыз: ішкі нарықтың ақшасы қысқа уақытқа, 2-3 жылға беріледі. Салдарынан екі-үш жылдан соң өте үлкен сомадағы қарызды толық жабуға мәжбүр боламыз. Олай болса, заемдарды әртараптандырғанымыз маңызды. Ал шетелден тартылатын қарызды өтеу мерзімі он жылға созылады, – деді Қаржы министрі.
Ол мамандардың есеп-қисап жасап, барлық нұсқаны қарағанын тілге тиек етті. Нәтижесінде, Қаржы ведомствосы тіпті валютада алынғанның өзінде шетелдік заемдар тартымдырақ деген тұжырымға келіпті. Әрине, қазір халықаралық нарықта несиелер күрт қымбаттады. SOFR эталондық пайыздық мөлшерлемесінің өзі 10 жылға 5-5,5 пайызға көтерілді. Мұның сыртында дағдарысқа бола, Қазақстанның халықаралық рейтингі төмендесе, салдарынан біз үшін кредит ставкасы жоғарылайды.
Әйткенмен, министр Ерұлан Жамаубаевтың мәліметінше, Үкімет халықаралық қаржы ұйымдарынан жылдық 2,5 пайыздық ставкамен арзандау қарыз тартуға күш салып жатқан көрінеді.
«Дүниежүзілік банк, басқасы елдегі инфрақұрылымдық, жалпы құрылымдық реформаларға көңіл бөледі. Яғни, бәсекелестікті дамыту, цифрландыру, экономиканы әртараптандыруда жасалып жатқан барлық реформаға көңілі толғандықтан, жеңілдікпен заем беріп отыр. Біз үшін бұл оңтайлы. Әлеуметтік, білім, ғылым, медицина саласына, яғни кез келген салаға бұл қарызды жұмсай аламыз», – деді бас қаржыгер.
Қаржы министрінің дерегінше, Қазақстанда жалпы алғанда 23 триллионға жуық қарыз бар, соның 35 пайызы шеттен, яғни доллармен, еуромен, рубльмен алған қарыздар. Үкімет шетелдік қарыздың үлесін 35-37 пайыздан асырмауға шешім қабылдапты.
Бұл үшін не істеу керек? Алдымен бюджет тапшылығын біртіндеп азайту керек. Мемлекеттік қаржыны басқарудың жаңа концепциясы қабылданды, осы бағыттағы шаралар сонда көрініс тапты. Ел басшылығы дефицитті 3,3%-дан 2-2,5%-ға қысқарту міндетін қойды. Екіншіден, бюджет тапшылығы ішкі табыс көздерінен өтелетін болады.
Ал табыс көздерін арттыру үшін көлеңкелі экономика азайтылуы, кедендегі, салық органдарындағы коррупция жойылуы шарт. Осы мақсатта салықтық-кедендік әкімшілендіру толығымен цифрланады. Сондай-ақ Үкімет Еуразиялық одақ елдерімен арадағы шекаралық өткізу бекеттерін автоматтандырып, модернизациядан өткізіп жатыр. Бұл жұмысты алдағы бір-екі жылда толық бітірмек.
Үшіншіден, теңгеде берілетін заемдардың мерзімін ұзарту үшін Қазақстанға арнап, Euroclear депозитарийі ашылуы қажет. Осы мақсатта Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк басшылары мен мамандары Брюссельге іссапарға барып жүр. Оған қол жеткізе алса, теңгедегі құралдар бойынша мемлекетке арналған «ұзын» кредиттер пайда болады. Euroclear-мен келіссөздер жалғасуда. Келіссөздер нәтижелі аяқталса, шетелдік инвесторлар біздің нарыққа теңгемен кіруге мүмкіндік алады. Бұл ұлттық валютамыздың мәртебесін де көтерер еді.
Яғни, ел тұйықта мәңгілік қалмайды, тығырықтан шығарар жол бар. Тек оның жүзеге асырылуы тағы да жауапты тұлғалардың шабан не шапшаң қимылдауына байланысты болмақ.