Көлігіне анайы сурет салып кеткен оқушыларға көлігін жуғызып жазалаған жамбылдық мұғалім қатаң сөгіс алды. Оқиға Байзақ ауданында болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz. КТК арнасының мәліметінше, бұл басқаларға да сабақ болсын деп, видеоны ата-аналар чатына жолдаған. Видео әлеуметтік желіге тарап, қызу талқыға түсті. Ұстаздың бұл әрекетін қолдаған да, даттаған да бар. Математика пәнінің мұғалімі үш жылдан бері осы мектепте қызмет етіп келеді. Кейін ол өзінің артық кеткенін түсініп, төрт баланың ата-анасынан кешірім сұраған. Тіпті, жұмыстан кетуге дайын екенін айтыпты. Ал білім ошағының басшысы жас маманның қателік жібергенін мойындап отыр. Сондықтан оған қатаң сөгіс беріпті. Директордың сөзінше, бұл жағдайға мұғалімнің оқушыларға қатаң қарауы себеп болған.
Байзақ ауданы Сарыкемер мектеп-гимназиясының директоры Гүлмира Есентаева: «Мұғалім білім сапасын талап еткен, сол үшін балалар бір емес, бірнеше рет алдында жай суреттер салып жүрген. Соңғысында жағымсыз сурет салған. Оны жуғызуға да ұялдым, өз оқушыларым ғой. «Ағай, өзіміз салдық, өзіміз барып жуып берейік» деп оқушылар өздері айтыпты», – дейді.Бұған дейін оқушысын көлігімен қағып кеткен мұғалім туралы жазған болатынбыз.