Анайы сурет салған: Жамбыл облысында оқушыларға көлігін жуғызған мұғалімнің басы дауға қалды
Анайы сурет салған: Жамбыл облысында оқушыларға көлігін жуғызған мұғалімнің басы дауға қалды
755
оқылды
Жамбыл облысында мектеп мұғалімі көлігін оқушыларға жуғызғаны желіге тарады, – деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасы. Мектеп формасын киген бірнеше баланың қара түсті көлікті жуып жатқаны бейнежазбаға түсіп қалған. Мұны көрген желі қолданушылары мұғалімді жазалау керек деп наразылықтарын білдірген. Бейнежазбадағы балалар – Сарыкемер мектеп-гимназиясының оқушылары. Бұл жағдай бір ай бұрын болған.  Ұстаздың мұндай әрекетіне құқықтық баға беріліп, қатаң сөгіс жарияланды. Оқушылар бірнеше рет мұғалім көлігіне түрлі сурет салып келемеждеген екен. Соңғысында тіпті анайы сурет салып масқаралаған. Бұған шамданған мұғалім “сабақ болсын” деп бұзақы оқушыларға көлігін жуғызып қойған. Сөйтіп, бейнежазбаны ата-аналар чатына өзі жіберді. Бірақ арты шуға айналып, мұғалімнің өзі сөгіс алып тынған. Мектеп басшылығының айтуынша, оқушылар балалықпен талапшыл ұстаздан осылай кек алған көрінеді. Бұл қысымға шыдамаған мұғалім жұмыстан кетуге арыз берді. Бірақ білікті кадрды директор жібергісі келмейді. Өйткені осы мұғалім ҰБТ-да математикадан үздік көрсеткішке қол жеткізуге ықпал етті. “Мұғалім білім сапасы үшін жүр. Балалар бір емес, бірнеше рет көлігіне сурет салыпты. Соңғысында жағымсыз сурет салғасын оны апарып жуғызуға ұялған. Әрі оқушыларды өзімсініп, тәрбиелеген. Өздері де сол жерде "ағай өзіміз салдық, өзіміз барып жуып берейік"  деп айтыпты”, – деді Сарыкемер мектеп-гимназиясының директоры Гүлмира Есентаева.