Жыл басталмай жатып елімізде азық-түлік бағасының артқаны байқалды. Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар деген тауарлар қымбаттаған.
Мысалы, биылғы жылдың алғашқы аптасында қарақұмық 1 пайызға, жұмыртқа 0,7 пайызға өскен. Дәл осылай май, ірімшік, пияз, картоп және сәбіздің де бағасы да өскен.
Елімізде жалақы қосылып, зейнетақы өссе, азық-түлік бағасы да қымбаттап кететіні бәріне белгілі. Бірақ еліміздің аумағында шығатын тағамдардың бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында 2010 жылы Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбегін бекіткен.
Бұл тізімге: ұн, нан, макарон, қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, пастерленген сүт, айран, жұмсақ қаптамада, сары май, тауық жұмыртқасы, аc тұзы, сүзбе кірген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақмола облысына барған сапарынан кейін Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында азық-түлік бағасының өсу мәселесі тағы да қаралды. Үкімет басшысы жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағалар барлық өңірде 15%-дан астам өскенін атап өтті.
Қарақұмық жармасы – 62,9%, күріш – 32,3%, ұн 27,8%-ға өсіп, бәрінен қымбаттағаны байқалса, өңірлер тұрғысынан бағаның ең көп өсуі Шымкент пен Қызылорда, Түркістан, Алматы, Көкшетау, Петропавл, Ақтөбе және Таразда тіркелген.
Жалпы республика бойынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары арасында пияз – 79 пайызға, сәбіз – 59,3 пайызға, картоп – 32,9 пайызға, күріш – 23,8 пайызға және бірінші сұрыпты ұн 15,3 пайызға өскені айтылды.
Ұлттық экономика министрінің сөзінше, инфляцияны берілген дәлізде ұстап қалу үшін 10 тауарды анықтаған. Олар – пияз, сәбіз, картоп, қызылша, күріш, ұн, жылқы еті, қой еті, сиыр еті және нан.
Тауарлардың осы тобы бойынша күшейтілген бақылау жүргізу, сондай-ақ олардың бағаларын төмендету бойынша шаралар қабылдау ұсынылды.
Басында он тоғыз болып бекітілген тізім саны онға дейін түсіп, қарақұмық, қырыққабат, қант, күнбағыс майы, тауық еті, сүт, айран, сары май, тауық жұмыртқасы, тұз, сүзбенің неге түсіп қалғаны белгісіз. Бұл тағамдар әлеуметтік азық-түлік есебінде қалғаны дұрыс-ау...