«Бұл әдістің кристеллер деп аталатынын білмедім. Барлық баламда дәрігерлер осы әдісті қолданды. «Күшен, баланың басы шықпай тұр» деп ішімнен, екі қабырғадан басты. Әлі де ауырады. Қазір асқазаным ауыр тамақты көтермейді. Меніңше, бауыр мен бүйрекке салмақ түсетін сияқты. Асқазанымдағы ауырсынуды айтып дәрігерге шағымданғанымда нақты диагноз қоя алмады», – дейді ол.Ал жоғарыда жазған Атыраудағы жағдайда сот-медициналық сараптамада келіншек асқынған геморрагиялық шок жағдайында ұйқы безінің, көкбауыр артериясы мен тамырының жарылуы салдарынан ішке қан кетуі себепті көз жұмған деген қорытынды берген. Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдағанымызда, аталған іс бойынша мәлімет сотқа дейінгі тексеру жұмысы аяқталғасын жарияланатынын хабарлады. Әрі министрлік өкілдері елімізде кристеллер әдісі қолданылмайтынына, соның салдарынан өлім жағдайы тіркелмегеніне кепілдік беріп отыр. Ал акушер-гинеколог Аягөз Шойынбаева кейіпкердің жан тапсыруына ішкі ағзаларына зақым келіп, үлкен қантамырының жыртылуынан қан кету себеп екені жайдан жай емесін атап өтті.
«Тыйым салынған кристеллер әдісі қолданған деп ойлаймын. Содан кейін қабырға сынып, басқа ағзалар езіліп, жыртылып, ішкі қан кету болған. Осылайша, тағы бір ана өлімі тіркелді. Кейде әйелдер «ішімнен басып, баланың басын шығармаған болса, сәбиім шетінейтін еді» деп жатады. Айтарым, алдымен өзіңіз өлім құшуыңыз бек мүмкін. Есіңізде болсын, іштегі баланың жүрек соғысы күрт өзгергенде вакуум экстракция бар. Егер бұдан да жағдай жақсармаса, кесарь тілігін жасайды. Вакуумды да, кесарь тілігін де керемет дей алмайсың, бірақ кристеллер әдісіне қарағанда зияны аз. Аталған әдісті ДДҰ босану кезінде қолданатын амалдар тізімінен шығаруы жайдан-жай емес. Босанудан кейінгі жарақат, ана өлімі көбейген. Сондықтан акушер-гинеколог осындай әдіс қолдануға ниет білдірсе, бірден бас тартыңыз. Дәрігермен жауапкершілікті 50/50 бөлісіңіз. Өйткені дәрігер жауапкершілігі заң жүзінде ғана. Сол үшін физикалық және рухани түрде босануға дайындалыңыз. Сізді қабылдап алған акушер-гинекологпен толғақ барысында кеңесіп, жедел жағдайда қандай әрекет қолданатынын біліп алыңыз», – дейді акушер.Байқағаныңыздай, перзентханада осындай әдісті қолданар болса, қарсы шығып, шағым түсіре аласыз. Министрліктің мәліметінше, барлық босандыру мекемесінің қабылдау бөлімі дыбыс жазатын құрылғысы бар бейнекамерамен жабдықталған. Яғни, құқығыңызды барынша қорғай аласыз. Әрине, аудан орталығы мен кей облыс бөлімшесінде мұндай бейнекамера болмауы мүмкін. Адвокат Бауыржан Азановтың айтуынша, перзентханадағы бейнежазбаға оңай қол жеткізе алмайсыз. Соған қатысты адвокат сауалын жолдау керек не сот шешімін күтесіз. Содан кейін ғана құзырлы орган тексеруді бастайды. Шалғай жердегі жағдай Елімізде ана мен бала өлімі жиі тіркелетінін Президент те атап өткен еді. Денсаулық сақтау министрлігінен кейінгі үш жылдағы статистиканы сұрағанымызда, биыл он айдағы көрсеткіш бойынша жағдай тұрақтанғанын мәлімдеді. Мәселен, 2021 жылғы көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 22,6%-ға өскен. Яғни, былтыр 100 мың тірі туғандарға шаққанда 44,7% өлім-жітім тіркелген. Ал 2020 жылы 100 мың тірі туғандарға шаққанда 36,5% көрсеткішке жеткен. Айталық, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл ана өлім-жітімі көрсеткіші 3,3 есеге азайған. Тарқатып айтқанда, 100 мың тірі туғанға шаққанда 47,3-тен 14,4-ке дейін төмендеген. Аталған статистиканы барынша түсінікті етіп жазуға тырыстық. Министрліктен шынайы цифр беруін сұрағанымызда, абсолютті көрсеткіштен ары аса алмайтынын мәлімдеді. Мысалы, жоғарыдағы «2021 жылы 100 мың тірі туғандарға шаққанда 44,7% өлім-жітім тіркелгені» туралы мәліметті аталған жылы перзентханаға түскен әйелдің 50%-ға жуығы қайтыс болған ба деп жорығанымыз рас. Дегемен бір жылда 45 мыңға жуық ана мен бала өлімі тіркелген жоқ. Ондай жағдай қалыптасса, медицина саласы апатқа ұшырағанмен бірдей еді. Демек, министрліктегілер есеп-қисапты да дұрыс жасамайтынға ұқсайды. Қысқасы, нақты цифр жоқ. Алайда министрлік жүрексінгенімен, өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдары жағдайды ашық жариялап жүр. Мәселен, Қызылордада кейінгі үш жылда ана өлімі көрсеткіші төмендеген. 2020 жылы – 12 жағдай, 2021 жылы – 10, 2022 жылы бес өлім дерегі тіркелген. Былтыр Шымкенттегі қоғамдық кеңесте ана мен бала өлімі бес есеге көбейгені туралы мәселе көтерілген-ді. Демек, мегаполисте де, өңірде де перзентханаға келгенде жағдай мәз емес. Шымкенттегі перинаталды орталық жүктілігі ауыр түрде өтетін әйелдерді қабылдауға қауқарсыз. Астанадағы «Ана мен бала» орталығына батыстан да, шығыстан да жүктілігі ауыр өтетін әйелдердің ағылатынын білеміз. Өйткені орталық заманауи техникамен жабдықталып, білікті дәрігерлер қызмет етеді.
«Жаркенттегі перзентхананың жағдайы нашар. Бас дәрігер, акушер-гинекологтарға ақша бермесең, халің мүшкіл дей беріңіз. Тұңғышымды өмірге әкелгенде маған да кристеллер әдісін қолданды. Бұрын әйелдерден баланы іштен басу арқылы босандыратынын жиі еститінмін. Өзіме келгенде «ауырды» деп айтқанымда, «шыдайсың, босану оңай емес» деді. Баланың басы қысылып, жүрек қағысы нашарлап бара жатқанын айтып, қатты басты. Ал екінші баламды босанғанда жауапты дәрігер тіпті келген де жоқ. Кезекші акушердің арқасында балам аман қалды. Жаркентте босануға дайындайтын мектеп те жоқ. Емханада босануға дайындайтын арнайы бөлім бар дейтіні жай сөз ғана. Оған көзім жеткен. Бірде кезекті тексеруден өтуге барғанымда емханаға тексеру келген екен. Сонда акушер-гинеколог босануға дайындайтын бөлімге келіп, үйренуге болатынын айтты. Келесі күні барғанымда, кабинет жабық тұрды. Содан-ақ бәрі қағаз жүзінде екенін түсіндім. Аймақтағы перзентхана жағдайына ешкім көңіл бөліп жатқан жоқ», – дейді Нигара Алимжанова.Ал министрлік «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексімен бекітілген этика және деонтология кодексі барын алға тартты. Егер перзентханада әйелдерге психологиялық қысым жасау жағдайлары болса, Еңбек кодексіне сәйкес әкімшілік шара қолданылады. Сонымен қатар жыл сайын медициналық қызметкерлерді коммуникативтік дағдылар бойынша оқытуға жібереді. Осы орайда адвокат Бауыржан Азанов дәрігердің де, емделушінің де агрессия көрсетуіне болмайтынын, сондай жағдай болғанда белгілі мекемеге арыз жазу керегін атап өтті.
«Медицинада арыз-шағымды қабылдайтын арнайы мекеме бар. Ол – медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті. Дәрігерлердің медициналық этика және деонтология кодексі тағы бар. Егер перзентханада болсын, емханада болсын дәрігер тарапынан агрессия болса, алдымен аурухана басшылығына шағымданыңыз. Әрбір аймақта Денсаулық сақтау басқармасы бар. Емхана басшысы жағдайды реттей алмаса, аталған басқармаға барасыз. Басқарма мәселені шеше алмаса, жоғарыдағы бақылау комитетіне шағым түсіріңіз», – деді адвокат.Еліміздегі перзентханалар «Қауіпсіз ана» бағдарламасымен жұмыс істейді. Мұнда босанатын және босанған анаға толық мәлімет беру мен шұғыл көмек түріне дейін нақты жазылған. Бірақ кейіпкерлердің сөзінше, бәрі – қағаз күйіндегі іс. Шынтуайтына келгенде, өңірдегі пара алу, агрессия, ана мен бала өміріне бей-жай қарау басым. Одан бөлек, сауалнама жүргізгенімізде әйелдердің 75%-дан астамы кристеллер әдісі туралы білмейтінін байқадық. Яғни, ақпарат алу да, беру де жолға қойылмаған. Тәжірибелі гинекологтар айтқандай, босану процесі дәрігерге, сосын әйелдің өзіне байланысты екенін ұмытпаған жөн.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ