Азия чемпионатында Қамшыбек Қоңқабаев финалға жолдама алды
Азия чемпионатында Қамшыбек Қоңқабаев финалға жолдама алды
443
оқылды
Иорданияда бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатында Қамшыбек Қоңқабаев финалға жолдама алды. Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионатында екі мәрте күміс алған Қамшыбек Қоңқабаев аса ауыр салмақта жартылай финалда тәжікстандық Мухаммад Аброридиновпен қолғап түйістірді. Қарсыласының ұзын болғанына қарамастан, Қамшыбек дәл шабуылдап, өзінің шеберлігі басым екендігін анық таныта білді. Қазақстандық боксшының жеңгеніне төрешілер де еш күмән келтірген жоқ – 5:0. Тағы бір қазақстандық Сағындық Тоғамбай 86 келіге дейінгі салмақта иорданиялық Одаи Рияд Адеальхиндавимен қолғап түйістірді. Бұл бәсекеде төрешілер жеңісті шаршы алаңның иесіне берді – 5:0. С.Тоғамбай қола жүлдені қанағат тұтты. Осылайша, күндізгі сессияда жеті боксшының бесеуі финалға шықты. Оған қоса кешкі сессияда шығуы тиіс Серік Теміржанов та бокстаспастан жолдама иесі атанды. Кешкі сессияда тағы төрт боксшы өнер көрсетеді.