Инфляция биыл кезекті тарихи рекорд орнатты. Мұны Үкімет басшысы мойындап, оған ішінара Ресейді айыптады. Әрине, әлемде, соның ішінде дамыған елдерде де күрделі жағдай қалыптасқаны шын. Еуразиялық одақтағы ахуал тіпті күрделі. Бірақ «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деп, әр ел өз қотырын өзі қасып, өз жарасын өзі жалап жазуға тырысуда. Осы орайда Қазақстан Үкіметі не қарекет, қауқар танытып жатыр? Қымбатшылыққа орай Ұлттық банк базалық ставканы бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді, ол өз кезегінде ипотека мен кредиттерді күрт қымбаттатты. Бұл қиындық қаншаға созылмақ? Шаралар кешені – Үкімет пәрменінің өлшемі Әдетте, үкіметтегілердің мәлімдемелері оптимизмге толы болады, әлеуметтік кернеу өршімесін деп, халықтың бойына сенім құя сөйлейді. Оның үстіне келесі жылы парламенттік сайлау өткен соң, қазіргі Үкімет отставкаға кетеді. Ар жағында не болатынына ол жауапты емес. Бірақ бұл жолы еліміздің бас экономисі жасырып, жауырды жаба тоқып жатпады. Басқа шауып, төске өрлеген қымбатшылық келесі жылы да жалғасуы ықтимал. Ахуалдың тұрақтануын әлі екі жылдай күтуге тура келмек. Бұл Қазақстанның 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуы болжамының базалық, негізгі сценарийі. Пессимистік сценарий жарияланбады, бірақ ол одан да алапат болса керек. Сонымен, ресми жария етілгендей, Қазақстанда ғаламат қарқын алған инфляция 2022 жылдың қазан айының қорытындысында 18,8%-ға жетті. Мұндай масқара елді пандемия жайлап, қазақ елінің тарихында тұңғыш рет жалпыұлттық карантин жарияланған, халық дүкен сөрелеріндегі тауар атаулыны бұзып әкеткен кезеңде де болмаған: елең-алаң, кімнің аман қалатыны белгісіз 2020 жылы инфляция 7,5% болды. Ұлттық банк 2022 жылы бұл көрсеткіш – 6-6,5% болады деп болжам құрған. Шынында одан 3 есе асып түсті. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың хабарлауынша, инфляция 2023 жылы 7,5-9,5 пайызға дейін барады. Тек 2024 жылы – 4-5%-ға түседі, ал 2025-2027 жылдары 3-4% деңгейінде болады. Мәжіліс депутаты Дания Еспаева биылғы жыл халық есінде бағалардың қатты өсуімен есте қалғалы тұрғанын айтады.
«Шарықтаған бағалар халықтың қалтасын қағып отыр. Смайылов Үкіметі алдына инфляцияны 4-тен 6 пайыз аралығында құрықтап ұстау міндеті қойылған болатын. Және бұл Үкіметтің басты, басымдықты міндеттерінің бірі еді. Әсіресе, бірінші кезекте керекті азық-түлік пен халық кең тұтынатын тауарлар қатты қымбаттады. Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны жоспарланған дәлізде ұстап қалу үшін шаралардың тұтас кешенін жүзеге асыруға уәде етіп еді. Алайда қалыптасқан жағдай оның жасалмағанын паш етті», – дейді депутат.Мемлекет басшысы 2022 жылғы 11 қаңтарда, Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде тапсырғандай, ол шаралар кешені импорттық өнімдерге тәуелділікті азайтып, ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыруды, шектен тыс қаптап кеткен делдалдарды жоюды, ақша-кредит саясатын түзетуді қамтуы тиіс болатын. Президент егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай амал көмектеспейтінін ескерткен. Бірақ Үкімет, Ұлттық банк пен әкімдер тегеурінді қимылдап, пәрменді шаралар қабылдап, өнімді нәтижеге жете алмады. Бұл Үкіметтің алдына қойылған ең басты міндеттің орындалуына – азаматтардың табысын арттыруға кедергі келтіреді. [caption id="attachment_226682" align="aligncenter" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Ішкі нарық та отандық өнімдермен толыға қоймады. Әлеуметтік желіде қазақстандықтар дүкендер сөрелері ресейлік өнімдерге сықаса толып тұрғанына шағымданып жүр. Ауыр санкция қыспағында қалып, қанқасап соғыс жүргізіп жатқан елдің шығара алғанын бейбіт Қазақстанның өндіруге қауқары жетпегеніне қынжылыс білдіреді. Айтпақшы, соның кесірінен, Қазақстан Ресейден тауармен бірге инфляция да экспорттауда. Бағаны ауыздықтаудың амалы қандай? Премьер-Министр Әлихан Смайылов инфляцияны ауыздықтау әзір мүмкін еместігін, себебі баға барлық елде жаппай өсіп жатқанын алға тартты. Бәріне жаһандық геосаяси жағдай айыпты көрінеді.
– Қалыптасқан геосаяси ахуал кесірінен инфляцияның жоғарғы серпінмен артуы бүкіл әлем елдері үшін проблемаға айналды. АҚШ пен Еуропа елдерінде соңғы 40 жылдағы рекордтық инфляция орнады: шамамен 10 пайызға жетті. Біздің көршілерімізде инфляция шамамен 14-15%. Мұның себептері – мұнай және басқа шикізаттар, сондай-ақ азық-түлік, минералды тыңайтқыштар бағаларының өсуі, жеткізілім тізбектерінің бұзылуы, көлік логистикасындағы қиыншылықтар. Біздің жағдайымызда инфляцияның екпінді өсуіне РФ рублінің долларға және теңгеге қатысты 30 пайызға күрт нығаюы да теріс ықпал етті. Тиісінше, автоматты түрде Ресейден тасылатын бүкіл импорт 30%-ға қымбаттап шыға келді. Ал біздің жалпы шетелдік импортымыздағы Ресейдің үлесі шамамен 40%, – деп түсініктеме берді Үкімет басшысы Ә.Смайылов.Ол келесі жылға арналған болжамның пессимистік сипатта болуын да түсіндірді.
«Қазіргі уақытта халықаралық сарапшылар әлемдік экономиканың рецессия кезеңіне кіргенін, даму орнына кері кететінін айтуда. Осыны ескеріп, біз орта мерзімді кезеңде орнықты экономикалық дамуға шығуды көздейтін экономикалық саясатты қолға алдық. Соның аясында Ұлттық банкпен бірге, инфляцияны құрықтауға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асырып жатырмыз. Ол жедел және жүйелі шаралардан тұрады. Жүйелі шаралар ішкі нарықты отандық тауарлармен қамтамасыз етуге, импортқа тәуелділікті төмендетуге, азық-түлік қауіпсіздігін қолдау жоспарын іске асыруға бағдарланған», – деді Әлихан Смайылов.Ол инфляцияның басым бөлігін, 55 пайызын азық-түлік тауарлары бағасының өсуі құрайтынына назар аудартты. Сондықтан биылғы жылы агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыру көлемі 2 есе арттырылды. Нәтижесінде, өткен 9 айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 7 пайызға ұлғайды. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына, құралдарына салынған инвестиция 7,5 пайызға өсті. Тұтастай алғанда, Үкімет орта мерзімді кезеңде шикізаттық емес салаларда жалпы құны 25 триллион теңге тұратын 734 жобаны жүзеге асыруды жоспарлады. Оның 440-ы импорт алмастыруға бағытталған. 2022 жыл қорытындысында 158 жаңа өнеркәсіптік өндірістер іске қосылуы тиіс. Соның арқасында дүкен сөрелерінде отандық тауарлар қарасы көбейеді деген үміт бар. Триллион теңге бөлінген қолданыстағы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы да импорттар арылуды қарастырады. Аты айтып тұрғандай, бағдарлама аясында ең қарапайым болса да, шетелден тасылатын тауардың отандық баламасын жасайтын кәсіпорындар қолдау көреді. Әйткенмен, бұл бағдарламаның кемшіліктері көптігін кәсіпкерлер нұсқап көрсетіп, сынап жүр. Мұның бәрі негізінен, алдағы жылдарға арналған шаралар. Ал баға қымбатшылығына қазір тойтарыс беруі тиіс жедел шаралар қатарына тауар тасымалы мен логистикасына қатысты проблемаларды шешу, антимонополиялық реттеу, сыртқы сауданы ретке келтіру, әлеуметтік маңызды тауарларға алыпсатарлардың, делдалдардың 15 пайыздан артық үстемеақы қоспауын қадағалау кірді. Бұған қоса, ауыл шаруашылығы өндірушілері өнімін алдын ала, форвардтық сатып алу, сол арқылы тұрақтандыру қорларын толықтыру, айналымдық схемаларды енгізу және басқа жұмыстар қолға алынған екен. Үкімет басшысының байламынша, қабылданып жатқан жедел және жүйелі шаралар арқасында келесі жылы инфляция 7,5-9,5 пайызға дейін төмендейді, ал арғы жылда одан да азаяды. Әлихан Смайылов қоғамда «инфляциялық күтулер» тым жоғары болып тұрғанын, ол да бағалардың өсуіне салмақ салатынын ескертті. Мысалы, бизнес, халық, сарапшылар девальвация болады деп күтеді, сондықтан тауарға, көлікке немесе баспанаға жоғарырақ баға белгіленеді. Ұзаққа созылған дағдарыс, жаһан экономикасының «коронакризис» салдарын сол бойы еңсере алмауы, Ресей – Украина қарулы жанжалы, санкциялық шайқастар адамзаттың ахуалын тұралатып-ақ тұр. Экономист А.Чукиннің пікірінше, бұл көптеген елдерде халықтың наразылығына, үкіметтердің отставкасына себеп болды. Тығырықтан шығарар жолды тез тауып, жылдам қимылдаған мемлекеттер ұтып, сытылып алға озбақ. Ал тұйық тұңғиығына батқан елдер өркениеттің даму даңғылының шетіне шығып қалады. Қазақстанның қай елдердің қатарынан табылатыны Үкіметтің біліктілігіне, ұтымды істеріне, батыл да әбжіл қимылдарына байланысты болмақ. Сарапшылар Смайылов мырзадан «дағдарыс менеджеріне» тән қарым-қабілет танытуын күтіп отыр. Себебі, инфляция – жай ғана бағалар өсімін көрсететін индикатордан енді халықтың әл-ауқатына, елдің тұрақтылығына ықпал ететін шешуші көрсеткішке айналды.