Астанада денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамытуға ерекше маңыз беріліп отыр. Оның ішінде медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар атқарылуда. Атап айтқанда, 2020 жылдан бері дәрігерлердің орташа жалақысы 60 пайызға өссе, орта буын мамандарының жалақысы 50 пайызға өсті. Сондай-ақ емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов медицина мекемелерінің басшыларымен кездесті.
Ең бірінші астанада денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын дамыту мәселесі қолға алынған. Елорданың ауқымды жобаларының бірі – ТЖ ауруханасының (№3 көпсалалы қалалық аурухана) Ramada Plaza ғимаратына көшуі. Ескі ТЖ ауруханасының аумағына жаңа перинаталдық орталық салынады, өйткені бұл шағын ауданда осы мәселе (Сарыарқа ауданы) өте өзекті болып тұр. Бұдан бөлек, Алматы ауданында №1 көпсалалы қалалық ауруханасының жанында тағы бір перинаталдық орталық салынады.
Дәрігерлерге жағдай жасалған
Қала әкімінің айтуынша, бірқатар медициналық мекемеге жөндеу жүргізілді. «Жағалау-3» және «Нұрлы жол» вокзалы ауданында амбулаториялық-емханалық кешендердің, Көктал-1, Пригородный, Телман және тағы басқа елді мекендерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталықтардың құрылысы жоспарланған. Қадамдық қолжетімділік аясында соңғы 3 жылда 40 «Үй жанындағы дәрігер» нысаны (оның 7-еуі елді мекендерде орналасқан) ашылды. Жыл соңына дейін тағы 10 нысан ашу жоспарланған. Оған да жеке инвестициялар тартылды.
Екінші маңызды мәселе, медицина қызметкерлеріне жағдай жасау. 2020 жылдан бастап дәрігерлердің орташа жалақысы 60%-ға, орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға өсті. Келесі жылы дәрігерлердің жалақысын тағы 35%-ға, ал орта буын медицина қызметкерлерінің жалақысын 10%-ға арттыру жоспарланып отыр.
«Кадрларды жұмылдыру үшін гранттар бөлеміз. Осылайша, 3 жыл ішінде жоғары білім алуға 750 грант қарастырылады. Қазіргі оқу жылына – 250-ге жуық грант бөлінген. Сол сияқты медицина қызметкерлеріне арнап жатақхана салуды жоспарлап отырмыз», – деді қала әкімі.
Сонымен қатар Астанада медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсарту да жүйелі түрде қолға алынған. Соңғы 3 жылда медицина мекемелері 3 мыңға жуық арнайы жабдықпен жабдықталды. Мысалы, олардың қатарында ультрадыбыстық аппараттар, компьютерлік томографтар, желдеткіштер, жылжымалы флюорографиялық кешендер, цифрлы рентгенографиялық жүйелер және тағы басқалар бар. Осы жұмысты ары қарай да жүйелі түрде жалғастыру жоспарланған.
Жақында ғана жедел жәрдем стансасы 55 машинамен толықса, бұған дейін 100-ден аса арнайы көлік пен реанимобиль берілген болатын.
Емхананыеркін таңдауғаболады
Айта кету керек, елордада алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарын еркін таңдау бойынша тіркелу науқаны жалғасып жатыр.
Жыл сайынғы дәстүрлі кампания екі ай бойы, 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін өтеді. Қазір астаналықтар алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 38 медициналық ұйымға тіркеле алады. Олардың 16-сы – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік клиникалар. Барлық емхана аумақтық қағидат бойынша жұмыс істейді және пациент емхананың қызмет көрсету аумағында тұрған кезде ғана үйде медициналық көмек көрсетіледі. Бұл учаскелік дәрігердің немесе мобильді бригаданың көмегі қажет болған жағдайда оның жедел жетуіне, сондай-ақ отбасы мүшелерінің бір дәрігерге қаралуына мүмкіндік береді.
Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымына тіркелген пациент учаскелік дәрігердің қабылдауы, өзінің денсаулық жағдайын бақылау, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, скринингтік тексерулер, диагностикалық зертханалық және аспаптық зерттеулер сынды медициналық көмектерге қол жеткізіп, қажет жағдайда ауруханаға жатқызуға жолдама алады.
«Тіркеу науқаны кезінде азаматтар өзі тұратын аумақ шеңберіндегі мемлекеттік қана емес, жекеменшік клиникаларға да тіркеле алады. Ол үшін емхана Медициналық сақтандыру қорының жеткізушілер тізімінде болуы тиіс. Биылғы науқан барысында емхана ауыстырған азаматтар өзі таңдаған емдеу мекемесінің қызметін 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдалана алады. Жалпы, емхана ауыстыру міндетті емес. Бұрынғы емхана қызметіне көңілі толатын азаматтар әрі қарай да сол клиниканың қызметін пайдалана берсе болады», – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.
Медициналық көмексіз қалмас үшін азаматтар тұрғылықты жері бойынша емханада немесе электронды үкімет веб-порталындағы жеке деректерде (ЭЦҚ арқылы авторизациялау) тіркелу мәртебесін тексеруі қажет.
Тіркелу орнында маман-дәрігерді таңдау учаскедегі тіркелген тұрғындардың санын есепке ала отырып, жүзеге асырылады. Жалған ақпарат берілген жағдайда; пациенттің нақты тұру мекені емхананың қызмет көрсету аймағынан тыс жерде орналасқаны анықталған уақытта; жалпы практика дәрігеріне тіркелген халықтың саны 1 700 адамнан, учаскелік педиатрға – 0-ден 6 жасқа дейінгі 500 баладан, 0-ден 14 жасқа дейінгі 900 баладан асып кеткен жағдайда; тіркелетін тұлғаның заңды өкілдігін растайтын құжат болмаған кезде емханаға тіркеуден бас тартуы мүмкін. Емханаға тіркеу немесе тіркеуден дәлелді бас тарту 1 жұмыс күні ішінде орындалады.
Еске сала кетейік, тіркеу науқанына Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметтер базасына енген емдеу мекемелері ғана қатысады. Олардың толық тізімімен қордың ресми сайтының «Емхана таңдау» бөлігі арқылы танысуға болады.
Ерекшеотажасады
Астана әкімдігінің медицина саласына ерекше көңіл бөлуінің арқасында аяғы жансызданған азаматқа елордалық дәрігерлер ерекше ота жасады. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ елорда филиалының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, пациентке МӘМС жүйесі аясында ем жүргізіліп жатыр. Рудный қаласының тұрғыны 2022 жылдың маусым айында жұмыс уақытында жүк көлігінен секіремін дегенде, алдыңғы жарақатының салдарынан аяғы жансызданып, жүк көлігінің астына оң аяғымен құлап, ауыр жарақат алады. Сол мезетте жедел жәрдем шақырылып, ол жергілікті көпсалалы ауруханаға жеткізілген.
5 ай уақыт аралығында ауруханада болған науқастың аяғын сақтап қалу үшін оған Илизаров аппараты қойылды. Сонымен қатар осы аралықта бірнеше ауыр ота жасалынды. Пациентті әрі қарай емдеу мақсатында Рудный қаласының көпсалалы аурухана дәрігерлері телемедицина арқылы академик Н.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының мамандарымен байланысты.
– Пациент жайлы толық ақпарат нақтыланған соң науқасты Астана қаласына жеткізу ұсынылды. Сөйтіп, қазан айының соңында пациентті біздің орталыққа жеткізгеннен кейін бөлімше дәрігерлері оны толық қарап, жағдайын ойласты. Консилиум барысында алдымен тері трансплантациясын жасаймыз, содан соң науқасқа осыған дейін орнатқан Илизаров аппаратын шешіп, оң аяғына басқа жолмен бекіту туралы шешім қабылданды. Айта кету керек, емнің бәрі МӘМС жүйесі шеңберінде жасалынып жатыр, – дейді академик Н.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының №4 травматология бөлімшесінің дәрігері Әлия Атапилева.
Медициналық мекемелер заманауи диагностикалық және операциялық құралдармен жабдықталып, оларды қолдану техникасын меңгерген мамандар болған кезде мұндай оталардың сәтті аяқталатыны анық.