Елордада мәнерлеп сырғанаудан қалалық ашық чемпионат өтеді
Елордада мәнерлеп сырғанаудан қалалық ашық чемпионат өтеді
313
оқылды
14-16 қараша аралығында еліміздің үздік мәнерлеп сырғанаушылары «Алау» мұзайдыны сарайында бас қосады. Олар Астана қаласында мәнерлеп сырғанаудан өтетін «ASTANA OPEN» қалалық ашық чемпионатында бағын сынайды. Бұл жайында Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлады. Қалалық спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мадина Айтқалиеваның айтуынша, елордада өтетін қалалық ашық чемпионат осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бүгіннің өзінде қаланың ашық чемпионатына қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен 250-ге жуық өтінім түскен. Атап айтсақ, Астана, Алматы қаларымен қатар Қарағанды, Атырау, Қостанай, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарының жас спортшылары қатысады. – Биылғы сайысқа балалар мен жасөспірімдер, сондай-ақ спорт шебері мен спорт шеберіне үміткерлер қатысады. Жеке разрядтағы жарыстар Халықаралық конькишілер одағының талаптарына сәйкес ұйымдастырылады. Олардың өнерін жарысқа арнайы шақырылған халықаралық төрешілер бағалайды. Бұл дегеніміз – жарысты жоғары деңгейде өткізуге және әділ төрелікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – Мадина Айтқалиева. елорда Чемпионат қорытындысы бойынша ең мықты 24 спортшыдан Астана қаласының құрама командасы жасақталады. – Ең таңдаулы әрі үздіктерін Астана қаласының құрама командасына қабылдаймыз. Олар 20-24 қараша аралығында Өскеменде мәнерлеп сырғанаудан өтетін Жастар чемпионатына қатысады. Сондықтан республикалық аренаға қаламыздың абыройын көтеретін жалындаған жастарымызды жібергелі отырмыз, – дейді Астана қаласының мәнерлеп сырғанау федерациясының президенті Эльмира Тұрғанова. Мәнерлеп сырғанаудан өтетін «ASTANA OPEN» қалалық ашық чемпионатты алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізілмек.