Мәртебе биік болуы үшін егелері соған лайық болғаны жөн. Тек бір жыл ішінде 3 мыңнан астам педагогтің үстінен шағым түскен. Мұғалімдердің әбес қылығына оқушылар мен ата-аналардың наразылығы артқан. Көптеген білім ордасының қызметкерлері өзіне ұнамаған ұл-қыздардың қыр соңына түседі, былапыт сөзбен намысына тиіп, қорлауға тырысады. Буллинг ұйымдастырып, сотқар балаларға ұрғызады. Бойжеткендерге қырындайды. Тіпті, зорлау оқиғалары тіркелген. Бұл кесапаттарға қазірден тосқауыл қоймаса, саланың абыройы төгілмек. Шәкірттің «екінші үйі» қандай күйде? Оқу-ағарту министрлігі реформа жүргізу және жаңа заң қабылдау аясында қордаланған кеселдерден арылу жолдарын қарастыруда. Ал проблема көп көрінеді. Оларды шешу үшін кешенді көзқарас, жан-жақты шаралар, тегеурінді тетіктер қажет.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жаңажылдық үндеуінде балаларға ерекше назар аудару керектігін нықтады: «Олардың әл-ауқаты – мемлекетіміздің табысты болашағының сенімді кепілі. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деген ел Президенті балаларды қорғау мақсатында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру саласына жауапты органдарға нақты шаралар қабылдауды жүктеді.6-дан 18 жасқа дейін балалар өмірінің үлкен бөлігін мектепте өткізеді. Сондықтан білім ордаларын «оқушының екінші үйі» деп дәріптейді. Ал ол «үйде» қаншама былық болып жатады, оның көбі жабулы қазан күйінде қалады. Мысалы, 2022 жылғы тамызда Өскеменде алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі мектепте азғындыққа берілгені үшін жұмысынан қуылды. Жартылай жалаңаш әрі удай мас педагог білім ордасының аумағында оқушы қызбен жыныстық қатынас жасауға талаптанған. Мұғалімнің ұятсыз, ардан безген тірлігі бейнеленген видеоролик әлеуметтік желіде тарап, қоғамдық пікірдің дүмпуін туғызды. Қалалық білім бөлімі тексеру жүргізді. Бейнекамералар түсірілімінен анықталғандай, мектепте еңбек пәнінің мұғалімі де мас күйде болғаны әшкереленді. Кәмелетке толмаған қыз солардың ортасына түсіпті.
«Педагог ештеңе түсіндіре алмады. Есінде ештеңе қалмапты. Қос педагогпен бірге күзетші де жұмысынан босатылды. Зорлық болмаған. Қыз ол мектепте бұрын оқып, ауысып кеткен екен», – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Сәуле Алакөзова.Бойжеткеннің ата-анасынан шағым түспегендіктен, полиция тек ұсақ бұзақылық туралы іс қозғады. Ол айыппұлды қарастырады. Білім бөлімі қалалық мектептердің барлық педагогімен және күзетшілерімен профилактикалық әңгіме жүргізді. Сонымен, іс бітті. Бұл оқиға білім беру нысандарында күзет пен бақылауды күшейту қажеттігін көрсетті. Себебі ұқсас оқиғалар басқаларында да тіркелген. Мысалы, биылғы маусымда журналист Саида Турсуметова Facebook арқылы жантүршігерлік мәліметті хабарлады: Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде информатика мұғалімі 9-сыныпта оқитын қыз баланы мектепте зорлаған. Оқиға орнында полиция болып, суретке түсірген. Бірақ артынша педагог Facebook арқылы видеосын жариялап, 16 жасар сол қызға үйленгенін жариялады. Полиция тергеуді бастағанымен, іс ақырына жеткізілмегенге ұқсайды. Кейін Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасы шетін оқиғаға байланысты информатика пәнінің мұғалімі А.Хасанов, сондай-ақ директордың тәрбие жұмысы жөніндегі екі орынбасары, екі педагог-психолог лауазымдарынан босатылғанын хабарлады. Директордың тағы бір орынбасарына, 4 кезекші мұғалімге қатаң сөгіс жарияланған. Мектеп азғындық ұясына айналып кетпеуі үшін осындай әрбір оқиғаға құзырлы органдардың лайықты ден қойғаны маңызды. Азулы орган дегені әлжуаз екен «Бала – біздің болашағымыз» деген пафосты сөзді қайталаудан бұрынғы билік жалықпайтын. Демек, осы салада балаларды қорғауға қажетті барлық жағдай жасалса керек еді. Мысалы, балалар омбудсмені деген жеке институт құрылды. Қазір Аружан Саинның немен айналысып жүргені белгісіз. Хайп жасауға болатын тақырыптары түгесілді ме, кім білсін, тым-тырыс болып, тыншып қалды. Мұның сыртында Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті деп аталатын мүйізі қарағайдай тұтас құрылымы бар. Алайда шынында ол азулы болмай шықты. Тіпті, аумақтық білім басқармалары мен бөлімдеріне сөзін көп өткізе алмайтын көрінеді. Министрліктің түсіндіруінше, осы уәкілетті органда азаматтардың шағымы негізінде, солардың атынан сотқа жүгіну, айыпты адамдарды және ұйымдарды сотқа сүйреу өкілеттігі жоқ. Тиісінше, «балалардың құқығын бұзу фактілері анықталғанда соған жол берген ұйымдарға ықпал ету құралдары да жоқ». Министрлік бақылау іс-шараларының, тексерулердің қорытындысында бұл комитеттің нұсқама, акт толтыра алатынына, бірақ анықталған бұзушылықтар үшін кінәлілерді әкімшілік жазаға тарту құқығы жоқтығына назар аудартты.
«Қолдан келетін жалғыз шара-шешім – жергілікті атқарушы органдарға анықталған бұзушылықтарды жою бойынша ұсынымдардан тұратын хат жіберу. Дегенмен ол ұсынымдық сипатта болғандықтан, орындалуға міндетті емес. Салдарынан, көпшілік жағдайда бұл хаттарды жергілікті атқарушы органдар да, сондай-ақ айыпты ұйымдардың өздері де елемейді. Бұзушылық жойылмайды, балалардың құқығы ары қарай бұзыла береді. Балалардың құқықтарын қорғау комитеті 2021 жылы – 25, 2022 жылы – 1 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалар балалардың құқығы тапталған фактілерді хабарлап жүгініп, тиісті шара қабылдауды сұрап жатады. Соңғы 2 жылда 120-дан астам өтініш түсті. Алайда жоғарыда көрсетілгендей, уәкілетті орган нақты жағдайларды анықтаған кезде тек нәтиже бермейтін ұсыныс хаттарды жіберумен шектеледі», – деп мәлім етті Оқу-ағарту министрлігі.Ведомствоның мәлімдеуінше, мектептерде білім алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің негізгі кепілдіктерінің сақталуын қамтамасыз ететін жауапты тұлғалар жоқ. Соның кесірінен қорғансыз оқушының күні қараң. 2021 жылы кәмелетке толмағандар арасындағы 1 529 құқықбұзушылық тіркелді. Ал балаларға қарсы бағытталған қылмыс саны 2 088-ге жетті. Ресми дерек бойынша, оқушылардың 12%-дан астамы немесе 300 мыңнан аса оқушы әлімжеттікке, буллингке ұшырады.
«Соңғы 2 жылдағы тәжірибе көрсеткендей, Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестер өз функцияларын тиісті деңгейде атқармайды. Мұны көптеген шағым мен өтініштер куәландырады. Тек 2021 жылы мемлекеттік органдарға 3 мыңға жуық шағым келіп түсті. Соның ішінде 773 факті расталды. Оның көпшілігі Түркістан, Алматы, Жамбыл облыстарына, Алматыға, ШҚО мен Астанаға тиесілі. Бұзушылыққа жол берген барлық тұлға әкімшілік және тәртіптік жазаға тартылды. Оның ішінде 470-і ескерту алды. 295-іне сөгіс және қатаң сөгіс жарияланды. 8-іне – әкімшілік айыппұл салынды», – деп мәлім етті Оқу-ағарту министрлігі.Ал бір жыл ішінде Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестер отырысында 118 факті ғана қаралыпты. Бірақ бұл кеңестер Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері жанынан консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылған. Яғни, кеңестің шешімдері ұсынымдық сипатта болады және оларды мектеп директорлары әрдайым орындай бермейді. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі Үкіметке жеке омбудсмен –педагогикалық әдеп мәселелері жөніндегі уәкіл институтын енгізу ұсынысымен шықты. Оған интернет, әлеуметтік желілер, түскен шағымдар, басқасы негізінде педагогтардың әдеп нормаларын сақтауын қадағалау және қамтамасыз ету, педагог мәртебесі заңнамасының бұзылуының алдын алу, сондай-ақ өз функциялары шегінде педагогтерге ақыл-кеңес беру жүктелмек. Салаға еңбегі сіңген педагог, төл жеке мектебінің тәлімгері, менеджері Күләш Ибраева болашақ педагогтерді жоғарғы оқу орнында әдептілікке, сыйласымдыққа, мейірімділікке үйрететін жеке пән болғаны жөн дейді.
«Кеңес заманын мақтағым келмейді, бірақ ол кездегі мұғалімдер педагог ретінде Ахмет Байтұрсынұлы, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы сияқты ұлтымыздың ұлы ұстаздарының жолын жалғастыратынын, ұрпақ пен ұлт алдындағы ұлық миссиясын түсінетін. Оқушылар да білікті ұстаздарынан ұлағат, тәлім алып, үлгі-өнеге тұтатын. Бүгінде жас ұрпақ бұзылды деп босқа кінәлайды. Шәкірттерім көре қалса, ізет көрсетіп, елпілдей сәлемдесіп, көмек ұсынып жатады. Қынжылтатыны сол, қазір әсіресе, жас педагогтер сабағын тезірек өткізіп тастауға асығып тұрады. Сабақ үстінде ойын ойнап, телефонмен әлдекімді сөз етіп немесе басқа да педагог әдебіне жат қылық көрсетіп отыратын мұғалімдер бар. Пәннің, білімнің мұғалімге қызықты еместігін, зеріктіретінін көрген оқушының да ынта-ықыласы болмайды», – деді педагог.Ол педагогика мамандықтарына ҰБТ тестілеумен шектелмей, әңгімелесу түрінде емтиханды енгізуді ұсынады. Сонда білікті ұстаздар, психологтер талапкердің мұғалімге лайықты қасиеттерінің бар-жоғын анықтар еді. Әйтпесе, бұл мамандықты басқа тар салаларға қыры жоқ түлектер таңдауын жалғастыруда екен. Қазіргі уақытта мұғалімдердің үлкен бөлігі «Баланы тәрбиелеу ата-ананың жауапкершілігі» деп түсінеді, тіпті тереңірек білім беруге де тырыспай, қаптатып үй тапсырмасын бере салады. Ендеше Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің жалақысын жыл сайын 25 пайызға көтергеніне мәз болмай, ұлт тәрбиесімен айналысатын, әр шәкіртке білім қайнарына жолбастаушы, қамқоршы әрі қорған болатын педагогтерді даярлауға да баса мән берсе жөн. Мұның мысалын алыстен іздеудің қажеті жоқ. Оның үлгісін Қазақстанда фин, швед, америкалық білім беру әдістемесіне негізделіп ашылған жекелеген жекеменшік мектептерден табуға болады. Бала тұлғасының қалыптасуына мектеп те жауап беретінін педагогтер, салалық министрліктегі шенеуніктер түсінбей, іс оңбайды.