Студенттерсіз Алматы. Мегаполис экономикасы оған дайын ба?
Студенттерсіз Алматы. Мегаполис экономикасы оған дайын ба?
407
оқылды

DALA INSIDE Телеграм-каналы осы сауалға жауап іздепті. "Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы жоғарғы оқу орындарын Қонаев қаласына ауыстыру бойынша ұсыныс білдірген болатын. Осы ретте, бір жағынан Қонаев жастардың қаласы болады әрі өз дамуында жаңа кезеңге аяқ басады. Бірақ жоғарғы оқу орындарының оқу корпустарын, жатақханаларын салу үшін қыруар қаржы керек. Себебі әңгіме кем дегенде 150 мың адам туралы болып отыр. Олардың бәрі бір жерде тұруы тиіс", – деп жазады ақпарат көзі.

Содан соң былай өрбітеді:

"Мысалы, 7 жыл бойы мемлекет барлық өңірлерде пәтер салып келе жатқан "Нұрлы жер" бағдарламасымен үй алғандар саны 100 мыңға да жетпейді. Ол бағдарламаға қыруар қаржы кетуде. Жер-жерде құрылыс болып жатыр. Сонда да, бүкіл құрылыс компанияларын жинаса да, шамалары жылына 7-8 мың пәтерге ғана жетеді. Сондықтан бар студент Қонаевқа бүгін-ертең үдере көшеді деуге келмейді. Бірақ бізге қазір Қонаев қаласы емес, студенттердің Алматыға қалай әсер ететінін зерттеу маңызды 2022 жылы Алматыда 255 мың студент болды. Оның 175 мыңы сырттан келді. 80 мыңы алматылық жастар. Эмпирикалық тұрғыдан, сырттан келген студенттердің аймақтық жалпы өнімге деген әсерін санау өте маңызды. Орта есеппен, олардың бюджеттен айына 30 мың теңгедей стипендия алатынын ескерсек, бірақ қосымша, ата-аналарынан айына кем дегенде 80 мың теңге қаржылай қолдау түсіп отырғанын тіркесек, онда әр 175 мың студент Алматыға бір жылда 600 мың теңге әкеледі. Сонда студенттер Алматы экономикасына жылына 105 миллиард теңге береді. Осы экономикалық белсенділік пен ақша ағыны Қонаев қаласына кетсе, Алматы қатты зардап шеге ме? Жоқ және иә. 105 миллиард теңге – Алматының жылдық айналымының 1 пайызы ғана. Бірақ студенттер экономикалық белсенділік индикаторына жақсы әсер етеді. Себебі олар ақшаны әртараптандырып жұмсайды, мысалы: метро, интернет, тамақ, театр, концерт, киім, кино. Ал жұмыс істейтін отбасы бар ересектерде ондай әртараптандыру жоқ және олар экономикада дисбаланс туғызады. Сол себепті, студенттері бар қаланың экономикасы ұдайы даму үстінде болады".