Мемлекет басшысы Түркия Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанға жолдаған жеделхатында Ыстанбұл қаласындағы жантүршігерлік лаңкестік әрекеттің салдарынан жазықсыз адамдардың құрбан болғаны туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.
– Осындай қиын сәтте бауырлас түрік азаматтарының қайғысына шын ниетімізбен ортақтаса отырып, Cізге және жақындарынан айырылған отбасыларға Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын, – деп жазылған жеделхатта.Президент қаза тапқандардың жаны жәннатта болуына және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Бұған дейін жарылыс жасады деген күдікті әйел ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.