Елге оралған Азия чемпионатының жеңімпаздарын Астана халқы әуежайдан салтанатты түрде қарсы алды. Қарсы алушылардың арасында елорда әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев, Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Серіққанұлы және басқа да спорт саласының өкілдері болды. Бұл жайында Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлады. Жиылған жұртшылықтың арасында спортшылардың ата-аналары, ағайын-туғаны мен достары да бар.
Естеріңізде болса, дүбірлі додада астаналық спортшылар екі алтын, екі қоланы еншіледі. Сөйтіп, бокстан Қазақстан әйелдер, ерлер құрамасы Амманда (Иордания) өткен Азия чемпионатында өз ойындарын аяқтап, жалпы командалық есепте медальдар саны бойынша бірінші орын иеленді. 31 қазанда басталған сары құрлық додасында ерлер 13, әйелдер 12 салмақта сынға түсті. Чемпионат Азия бокс конфедерациясы (ASBC) Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) ережелерін негізге ала отырып, ұйымдастырылған.
Қазақстан құрамасы сапындағы елордалық Санжар Ташкенбай (48 кг) мен Айбек Оралбай (-92 кг) алтыннан алқа тақса, Нұрбек Оралбай (80 кг) және әйелдер бәсекесінде Ләззат Күнгейбаева (+81кг) қола медаль иеленді.